Әлеумет

Елордада ет қымбат па?

Соңғы апталарда елді елеңдеткен мәселенің бірі ет бағасының күрт өсуі болды. Бұған қарапайым халықтың алаңдайтындай жөні бар. Тұяқтыдан түгі жоқ жұрт амалсыз базар жағалайды. Ең арзан ет сол жерде ғана. Ал дүкендерде тұрып қалған өнімнің өзін қалта көтере бермейді.Қыс келгенде алдымен соғым туралы сөз болады. Ауыл тұрғыны қорасындағы малын сойса, қаладағылар қызылсырап, базар жағалайды. Осы айда сиыр, жылқы еттері сәл қымбаттаған. Статистика комитетінің мәліметінше, тауық еті қымбат қала – Нұр-Сұлтан қаласы. Жылқы етіне келсек, еліміздің барлық өңірінде оның құны 2000 теңгенің айналасында. Ең қымбат баға өткен айда Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген. Яғни елордада – 2225 теңге, ал Алматыда 2365 теңгеден сатылған. Қазір астананың «Шапағат» коммуналдық базарында 2200 теңгеден, басқалары 2300-ден беріп жатыр. Дегенмен «Әлем» сауда орталығында еттің бұл түрі 2400 теңгеге дейін барады. Ондағы саудагерлер ет бағасының қымбат болу себебін тек жас мал соятындарымен түсіндіреді.
Бізде қандай да бір өнім қымбаттаса, «жалақы өскеннен» немесе «зейнет­ақы көбейгеннен кейін» деп айтыла бастайды. Дегенмен нақты қымбаттау кейде делдалдарға да байланысты екенін ұмытпауымыз керек сияқты. Өзіміз күнделікті сауда орындарынан көріп жүргеніміздей, қазір ет қымбат.

Қымбаттау себебі не?

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Азамат Нұрлыбеков жыл­қының етін Абыралы ауылынан тасып жүр. Сол жақта малды борда­қылап, Нұр-Сұлтанға әкеліп сатады. Бір келгенде екі-үш малдың етін әкеледі. Осы жолы байтал етін алып келіпті. «Базар болған соң әртүрлі мал болады ғой. Сондықтан бағасы да әр алуан. Мен жылқының келісін 1800 теңгеден беріп жатырмын. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320000-360000 теңге болса, байталдар – 400000 теңге, тіпті 420000 теңгеге дейін шығып жатады. Ұтылмаймын десеңіз, таразымен алған дұрыс қой» деді А.Нұрлыбеков. Ал басқа шаруалар етті елордаға жеткізгенше біраз шығын шығаратынын жеткізді. Содан еттің бағасы өсіп отыр. Яғни жемнің қымбаттауы, зертхананың анықтамасы, алып келген соң сауда орталығы әкімшілігінің зертханасы, одан қалса 4-5 келіге жеңілдік жасау мал бағасына тиімсіз болып тұрған көрінеді. «Барлығы қып-қызыл ақша. Ал етке деген сұраныс төмендемейді. Бұдан кейін ет қалай қымбаттамайды?» дейді олар.

Саудагерлер не дейді?

Сауда орталығындағы сатушылар даладан жылқының етін бір келісі үшін 1800-1900 теңгеге алады да, 2300-2500 теңгеден сатады.
Сиыр етінің келісі 1900-2000 теңге аралығында, жылқы еті 2000-2500 теңгеге жетіп қалды. «Ет қымбат болса, оған біздің қатысымыз жоқ, барлығы делдалдарға байланысты. Олар жеткізген еттің бағасына, әрине, үстемеақы қосамыз» деді ет сатып тұрған сатушылар.
Яғни шаруалар жақсы еттің бағасын түсірмеген соң, саудагерлер де жеңілдік жасамайды. Үстінен өз ақшасын қосады да, одан төмен түсірмейді. Мәселен, былтыр жақсы ет 1700-1800 теңгеден келсе, биыл байталдың еті 2000-2100 теңгеден жеткізіледі.
Сондай-ақ ет қымбаттауына экспорт та әсер етпей қоймасы анық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзіне үңілсек, экспорттың ішкі бағаларға әсері бар, өйткені қазір ет экспорты жолға қо­йылды. Өзбекстан сияқты елдер біздің етімізді жаппай алып жатыр. Осыған байланысты елде ет бағасы қымбаттап кетті. Егер қазір ауылшаруашылық өнімдерін, мысалы ет пен астықты экспорттауға шектеу қойсақ, онда ­сыртқы өткізу нарықтарынан айырылып қалуымыз мүмкін екендігін айтты. Ол сонымен қатар делдалдардың да бағаны өсіруіне ықпал етті дейді.
Кейбір аграрлық сала мамандарының пікірінше, ет экспортының көлемін шектеу керек. Етті көп тұтынатын ел ретінде оның басым бөлігін өзімізде қалдырған дұрыс. Сол кезде ғана елдегі ет өнімдері көбейеді, баға да тұрақталады.
Ет экспортын ұлғайтуды ойлап, көрсеткіш қуалап кетуге болмайды. Ауыл шаруашылығы министр­лігі ірі қараны, қойды тірідей шетелге сатуға тыйым салғаны қуантады. Бәлкім, бұл жаңалық ішкі нарықты етпен қамтуға, бағаны тұрақтандыруға сәл де болса септігін тигізетін шығар.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button