Қоғам

Талапты жанды тағдыр да жасыта алмайды

Кейде қол-аяғы сау, денсаулығы жақсы адамдардың қолынан келмеген істі мүмкіндігі шектеулі азаматтар дөңгелете айналдырып, өз жанын бағумен қатар, қоғамға да үлесін қосып, төңірегіне үлгі көрсетіп жатады. Сондай азаматтың бірі – Халық­аралық ақпараттық технологиялар мектебінің негізін қалаушы, маркетинг және IT саласының маманы Әмір Сүлейменов.Бұл күнде IT саласындағы жас маман ретінде танымал болған Әмір Сүлейменовтің талабы мен таланты, талғамы мен тағдыры тұстастарынан өзгеше. Жастайынан физика және математика пәндеріне әуес болған Әмір көптеген олимпиадаларға қатысып, сан мәрте бас жүлдені жеңіп алыпты. Алайда ең соңғы рет Баян­ауылда өтетін халықаралық олимпиадаға қатысқалы бара жатқан жолда, ойламаған жерден жол апатына ұшырапты. Сол күннен бастап Әмірдің тағдыры да, таңдауы да өзгеріпті. «Күрделі отадан кейін қатерден құтылдым. Алайда менің алдымда «енді не істеуім керек, тағдырдың салғанына көніп, мүгедекпін деп жата беруім керек пе, жоқ тағы да талмай талпынуым қажет пе?» деген үлкен таңдау тұрды. Соңында бойымда жаным барда талмай талпынам деп шештім де, қашықтықтан оқудың және жұмыс істеудің мүмкіндіктерін іздедім. Себебі ол кезде көптеген білім беру орындарының ғимараттарында лифт жоқ және олар мүмкіндігі шектеу­лі адамдардың пайдалануына ыңғайсыз еді. Оқып жүрген кезімде IT саласы мені қатты қызықтырған болатын. Жол апатынан кейін бос уақытым көп болды. Күндіз-түні компьютермен алысып, IT саласының қыр-сырына үңілдім. Онлайн курстарға қатысып, бағдарламалау тілі мен тәсілін Google, Samsung, Cisco курстарында игеріп, сертификат алдым» дейді Әмір өзінің IT саласына араласу барысына аялдағанда.
Халықаралық дәрежедегі дипломға ие болғаннан ке­йін Әмірді жұмысқа шақыр­ған орындар да көбейіпті. Алайда Әмірдің таңдауы 20 компа­ния­ның арасынан Ресейдің IT компаниясына түсіпті. Осы арада өз жұмысын web бағдарламасын әзірлеуші болудан бастаған ол қашықтықтан жұмыс істеу арқылы ТМД көлемінде көптеген жобаларды әзірлеу жұмыстарына атсалысыпты.
Бірақ өз мақсатына жеткенімен, көзі ашық, көкірегі ояу Әмірді толғандыратын мәселелер де аз емес еді. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы. Олардың көбі еңбекке жарамды болса да, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқтығы оны көп ойға салатын. «Елімізде 600 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат бар, олардың 439 мыңы еңбекке жарамды, білімі, жұмыс тәжірибесі бар болса да, жәрдемақыға сүйеніп күн көруге мәжбүр. Қазақстанда мүгедектердің мемлекеттен алатын қаржысы 54 мың теңге шамасында. Бұл олардың бастап­қы деңгейдегі қажетін өтеуге жетпеген соң, басқа ештеңеге мойын бұра алмайды. Елімізде байқалатын тағы бір құбылыс – денсаулығынан ақау байқалған азаматтардан бөлек, оған күтім жасайтын отбасының тағы бір мүшесі жұмысынан қоса айы­рылып, қоғамнан қол үзеді. Баласы әртүрлі ауыр сырқатқа шалдыққан аналар баламның күтімі, емі деп үйде отырады. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық жұмысқа тарту олардың табыс табуына мүмкіндік беріп қана қоймай, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне де тиімді» деп терең бір тыныстап алған Әмір Халықаралық ақпараттық технологиялар мектебін ашудағы мақсаты да сол мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сыйлап, шабыт беру екенін айтты.
Әмірдің IT саласындағы артық­шылығы мен білім алу жолындағы талпынысы тұтас қоғамның назарын аударды. Соның нәтижесінде Әмірдің мектеп ашу жоспары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қолдау тапты. Сонымен 2018 жылы цифр­лы оқыту жобасы бастау алып, өз тиімділігін көрсетті. Себебі ол ТМД елдері көлемінде ашылған алғашқы әлеуметтік мектеп еді. Мүмкіндігі шектеу­лі азаматтарды, көпбалалы аналарды, жұмыссыз­дарды, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарды тегін оқыту мақсатында ашылған бұл мектепте қазір SMM менеджерлері, SEO мамандығы, контексті жарнама, JAVA әзірлеушілер, бағдарламалау және мобильді қосымшаларды әзірлеу мамандықтары бойынша оқыту жүріп жатыр. Бұл мамандықтарды еліміздің кез келген жерінде отырып-ақ қашықтықтан оқуға болады.
Статистика бойынша SMM мар­кетингі мамандығы бо­йынша оқыту АҚШ-та 10 жыл­дың алдында, Еуропада 7 жыл бұрын жүзеге асырылған. «АҚШ-та 20 млн студенттің үштен бір бөлігі онлайн форматында оқиды. Біздің елде де қашықтықтан оқытудың мүмкіндігін кеңейту керек. Әсіресе, бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өте қажетті» деп Әмір қашықтықтан оқытудың қажеттілігін де атап өтті.
2018 жылдың 28 желтоқсанында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауында, БҰҰ даму бағдарламасы мен Әмір Сүлейменовтің Халықаралық ақпараттық технологиялар мектебі арасында келісімге қол қойылды. Осы келісімге сәйкес, мүмкіндігі шектеу­лі жандардың білім алуына гранттар беру қарастырылған. Қазіргі таңда бұл білім беру орнынан 100-ге жуық адам білім алып, оның 80 пайызы жұмысқа орналасқан. 200-ге жуық адам кеңес алып, өз мүмкіндігін ашудың жолын тапқан. Атап айтқанда, аталған оқу орнынан білім алған әр 10 адамның 8-і өз бетінше ақша таба бастаған немесе жұмысқа орналасқан.
Өткен айда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Әмірдің алдағы мақсаттарын жүзеге асыруына қолдау көрсету мақсатында мемлекеттен 3 миллион теңге қаржы бөлінді. «Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл қолдау біздің жұмысымызға тың серпін береді деп ойлаймын. Себебі біз бұл қаржыға компьютер, фотоаппарат сияқты бейнебаянды сабақтар жасауға, оқытуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып аламыз. Тұрманымыз түгел болса, қашықтықтан оқыту сапасы арта түседі» деді Әмір.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button