Мәслихат

Газбен қамту жұмысы кестеге сай жүргізілуде

Жақында өтетін Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында жергілікті атқарушы билік тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тұрғындарға жайлы қалалық ортаны қалыптастыру және дамыту ісі қаралады. Соның қарсаңында мәслихат депутаттары бірқатар маңызды нысандарды аралады. Алдымен елорданы газдандыру жобасымен танысып, тиісті жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатқанына көз жеткізді.Бұл жоба үш кезеңге бөлінген. Қазір бірінші кезең жұмыстары атқарылып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін газ құбыры 1-ЖЭО және 3-ЖЭО-ға тартылады. Ал 2-ЖЭО бойынша жұмыстар келесі жылы аяқталады. 3-ЖЭО-ны 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алдымыздағы жылдың жылыту маусымы басталғанша газ «Көктал» шағын ауданына келуі тиіс. Қалаға газ келгенде әр тұрғын үйдің алдына есептегіш құрал орнатылады. Оған 2,2 млрд теңге бөлінді.
«Астана-АЭК» АҚ балансында 54 мыңнан астам шартты бірлік электржелілері бар. Бірақ қазір кәсіпорын 77 мың бірлік желілеріне қызмет көрсетеді. Басқарма төрағасы Серік Балқышевтің айтуынша, артық желілерді баланс­қа алу үшін бірқатар мәселелерді шешу керек. Ең алдымен штатты кеңейту қажет болады. Яғни, тағы 100 адамды жұмысқа қабылдау керек.
Қаладағы электржелілердің 60 пайызы жердің астымен жүргізілді. Қазір кабельдердің жарылуы секілді апаттық жағдайлар жиі орын алып жатыр. Оның себебі, осы күндері құрылыс компаниялары жер қазу жұмыстарын жүргізгенде энергетиктермен де, байланысшылармен де келісуге міндетті емес. Энергетиктер қалалық мәслихат депутаттарына бұрынғы жүйені, яғни бұл жұмыс­тарды келісіп істеуді қайтаруды сұрады.
Күйші Дина, 44 мекенжайында тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді. Көппәтерлі үйге тұтастай күрделі жөндеу жасалды. Қасбеті мен шатыры, подъездер жаңаланды. Жертөледегі сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйелері заманға сай үнемдеуге мүмкіндік беретін қондырғыларға ауыстырылды.
Ал Қ.Сәтбаев, 25 мекенжайында ПИК жақсы жұмыс істеп жатыр. ПИК мүшелерінің қатарына үйдің белсенді тұрғындары сайланды. Мұндағы бар мәселелер жылдам шешіліп жатыр. Техникалық қызмет көрсету үшін шаршы метрден 35 теңгеден жиналып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды, подъездерге бейнекамералар орнатылды.
Нысандарды аралаудың қорытындысында мәслихат депутаттары ұсыныстарын айтты. Анықталған мәселелер алдымен мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында қаралады. Одан кейін сессияға шығарылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button