Қоғам

Елші Ганди ескерткішін орнатуды ұсынды

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Республикасындағы Үндістанның Төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумармен кездесті.

Елші мырза қала әкіміне еліміздің бас қаласында Үндістанның көрнекті саяси және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысының басшысы болған Махатма Гандидің есімін ұлықтау туралы ойымен бөлісті. Ол елорда көшелерінің біріне немесе мектептердің біріне ұлт көсемінің есімін беру немесе оның құрметіне ескерткіш орнату туралы ұсыныс білдірді.
«Осы жылы біз 2020 жылдың 2 қазанына дейін жалғасатын Махатма Гандидің 150 жылдығын мерекелеуге арналған шаралар циклін ашпақпыз. Алматы қаласында оның құрметіне қо­йылған көше мен ескерткіш бар. Егер Астана әкімдігі де әлем тарихында өзінің терең ізін қалдырған Гандидің есімін мәңгілік ету идеямызды Қазақстан астанасында да қолдаса, қуанар едік» деді П.Кумар. Елші мырза ескерткіш орнатылатын жағдайда оның дайындалуы мен жеткізілуі үндістандық тараптан жүзеге асырылатынын айта кетті. Астана әкімі елшінің айт­қан ұсынысына қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта осы және өзге де жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Тараптар Астанада үнді сауда-іскер орталығының құрылысын салу мүмкіндігі, сондай-ақ мәдени шараларды бірлесіп ұйымдас­тыруды жалғастыру сияқты мәселелерді талқылады.
Бұдан бөлек, Б.Сұлтанов Халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты бизнес жүргізудің жаңа перс­пективасымен таныстырып, үнді кәсіпкерлерін Астананың инновация, ақпараттық технология, білім және денсаулық сияқ­ты салаларына инвестиция құюға шақырды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button