SportБасты ақпарат

Ендігі бокс ерекше болмақ

22-29 қараша күндері елордамыздағы «Дәулет» спорт кешенінде бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді. Биылғы біріншіліктің басты ерекшелігі –  АИБА-ның (Халықаралық бокс федерациялары қауымдастығы) жаңа ережелері іске қосылады. Атап айтқанда, енді боксшылар жекпе-жекке бұрын қорғаныш ретінде қолданып келген шлемсіз шығатын болады, сонымен қатар жаңа төрешілік жүйе енгізілмек.­

Жалпы АИБА-ның жаңа ереже­лері халықаралық жарыс­тарға 2013 жылдан бастап іске қосылатыны жоспарланған. Ал оның алғашқы тәжірибесін сынап көруді АИБА басшылығы Қазақстан бокс федерациясына сеніп тапсырған екен. Сондықтан да биылғы ел чемпионаты жаңа ережелермен өтетін болып отыр. Ұлттық чемпионаттың ерекшеліктері туралы Қазақстан бокс федерациясының вице-пре­зиденттері Серік Қонақбаев пен Юрий Цхай арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында егжей-тег­жейлі баяндап берді.

– Шаршы алаңдағы жекпе-жек­терді шлемсіз өткізу жөнінде ұсы­нысты Қазақстан бокс федера­ция­сының басшысы Тимур Құлыбаев көтерген болатын. Мен осы бастаманы биыл Бангкокта өткен АИБА-ның атқару комитетінде күн тәр­тібіне енгізуді сұрап, айтулы мәселе жан-жақты талқыланып, бір­ауыздан қолдауға ие болған. Енді АИБА басшылығы жаңа ере­женің қол­данылуын бізге, яғни, Қазақ­станға тапсырып отыр. Бұл үлкен сенім, үлкен жауапкершілік деп ойлай­мын. Ал, шындап келсек, шлемсіз бокс әлдеқайда әсерлі болатыны сөзсіз. Боксшылар шлемге сенетін «жабық» боксты тоқтататын болады. Енді техникалық-такти­калық қорғанысқа, жалпы ойлап жұды­рық­тасуға жол ашылады. Мұн­дай бокс жанкүйерге де ұнайты­нын өз басымнан өткен тәжі­ри­бе­ден білемін, – деп атап өтті қазақ­тың даңқты боксшысы Серік Қонақбаев.

Жаңа ережені қолданысқа енгі­зетін Қазақстан чемпионатына АИБА президенті Чинг-Куо Ву және басқа елдердің ұлт­тық федерациялары басшылары қатысады деп күтілуде. Чем­­пионат қарсаңында АИБА маман­­дары жаңа ережелердің қол­­данысқа енгізілуіне байланысты қазақ­стандық төрешілерге арналған семинар өткізетін болып отыр.

Ал, енді чемпионаттың өз барысына келер болсақ, Қазақстан чемпионы атағы үшін 10 салмақ бойы­нша 180-нен астам боксшы шаршы алаңға шығатын болып отыр. Лондон олимпиадасында жүлдегер атанған Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко ұлттық құрама басшылығының шешімімен бұл чемпионатқа қатыспайды. Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылғы ел чемпионатында командалық бірінші орынды Астана қаласының құрамасы жеңіп алған болатын.

Сонымен, ұлттық спортымызға баланған бокстың керемет көрініс­те­ріне куә болатын байрақты жа­рыс­­тың дүбірі жақындап қалды. Осы жарыстың қорытындысы бойын­ша Қазақстан ұлттық құрама­сының негізі жасақталып, 2013 жылы Алматы қаласында өте­тін әлем чемпионатында ел намы­сын қорғайтын жігіттер айқын­далмақ.

Бокс тақырыбына тағы бір қосарымыз, Қазақстан бокс феде­рация­сының Кубогы үшін өтіп жатқан жарыстың жартылай финалына шыққан командалар белгілі болды. Көкшетау қаласында Ақмола және Маңғыстау облыстарының құрамалары, Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының құрамалары өзара кездесетін болады. Жартылай финалдық жекпе-жектер 7 желтоқсан күні өтсе, финал 15 желтоқсан күні Астанада өтеді. Естеріңізге сала кетсек, алғашқы 2010 жылғы өткен Қазақстан бокс федерациясының Кубогын Астана қаласының құрамасы, ал 2011 жылы Қарағанды облысының құрамасы жеңіп алған болатын.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button