Басты ақпарат

Ертаев Қазақстанға экстрадицияланды

«Bank RBK» АҚ-тың директорлар кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаев Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды» деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі. «Қазақстанның Бас прокуратурасының қызметкерлері Жомарт Ертаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады» делінген ресми хабарламада.

Сәл шегініс жасасақ, өткен жылдың наурыз айында Ж.Ертаевқа халықаралық іздеу жарияланған болатын. Ол 2011-2017 жылдары «Bank RBK» АҚ-тан 144 млрд теңге жымқыру қылмысын ұйым­дастырды деген күдікке ілінді. Ертаевпен қоса ақша ұрлады деп айып тағылған 54 адамның ішінде 41-і – банктің топ-менеджерлері мен қатардағы қызметкерлер бар. Айта кетелік, Бақыт Ибрагимов, Игорь Мажинов, Данияр Туғанбай, Данияр Едігенов, Әбілқасы Мамырбеков, Тимур Шәріпов және т.б. бұған дейін елімізге экстрадицияланғаны мәлім. Құзырлы органдағылар хабарлағандай, тергеу барысында атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 15 млрд теңге қазынаға қайтарылып, 48 млрд теңгенің мүлкі тұтқындалған.
Жомарт Ертаев 2018 жылы 8 мамырда Мәскеуде жүрген жерінде интерполдың іздеу желісі бойынша тұтқындалды. Әуелі оны үйқамаққа алды, одан соң тергеу абақтысына қамады. Ол Ресейде бос­қын мәртебесін алған соң, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы күдіктіні Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Алайда 2018 жылдың 15 қарашасында оны босқын мәртебесінен айырды. Сол сәттен бастап еліміздің прокурорлары Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау жұмыстарына кірісті. 2019 жылдың 11 қаңтарында Мәскеу қалалық соты қазақ­стандық прокурорлардың өті­нішін мақұлдады. Қазіргі кезде Жомарт Ертаев Астанадағы тергеу абақтысында қамауда отыр.
Шынын айтсақ, Жомарттың басы шатылған жанжалдар сонау 2009 жылдан басталған. Сол жылы тамыз айында «Альянс банктің» басшысы қыз­­метіндегі Ертаев қаржылық бы­лық-
шы­лықтары үшін қамалды. Әуе­лі оған 1 млрд-тан аса АҚШ долларын ұрлады деген айып тағылды. Бірақ кейінірек ол бапты өзгертті. Жолы болғыш Жомарт күдіктен тез құтылды: 9 ай уақытша абақтыда отырды, 378 мың теңге айып­пұл төледі. Сөйтіп бостандыққа шықты. Алайда оның төңірегіндегі дау-­жанжалдар біткен жоқ.
2013 жылдың қазан айында Ертаев қоғамды тағы шулатты. Сөйтсе, ол басшылық ететін «Альянс банк» 2 млн АҚШ доллары көлеміндегі несиесін өтемегені анықталды. Аталған банк халыққа қарыз бергенде уәкілетті органның шешімі болмаса да, өрескел заң бұзушылықтарға барған. Айлакер Ертаев ол жолы да жауапкершіліктен құтылудың жолдарын іздеді. Тіпті банктің мүлкін тұтқындайтын мүмкіндіктен айыратын қадам – қосалқы келісімшарт жасады.
2014 жылы Жомарт Қазақ­станға қайтып оралып, «Таң» телекомпаниясы акциясының жартысын сатып алып, басшыларының біріне айналды. Сондай-ақ «Алма ТВ» телекоммуникациялық компаниясының қожайыны атанды. Сол уақытта БАҚ-тарда «Ертаев «Алма ТВ» акцияларының 50 пайызын сатып алды» деген ақпарат таратылды. Алайда «Алма ТВ»-ның бұрынғы басшысы Ертаевтың акциялардың 100 пайызын сатып алғанын ашық айтты. Бұл істегі заңдық рәсімдер 2016 жылға дейін созылды. Ертаев пен оның адамдары 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап компанияға басшылық етті.
«Литер» газеті Ж.Ертаевтың біреудің ақшасын қалай иеленгені туралы бір оқиғаның жай-жапсарын жазғаны мәлім. 2014 жылы ««Bank RBK»-ны тексеру кезінде оның акционері Мақсұт Өтепбергенов Ұлттық банк басшылығының атына өтініш хат жазады. Сол хатта Ж.Ертаевтың өз құқығын бұзып, табыстардан түсетін сомадағы алғашқы үлесі – 6,1 пайызы заңсыз «жұтылып» кеткенін жеткізген. Өйткені бірінші кезекте акционерлер сатып алатын жаңа акцияларды бөтен адамдар алып қойған. М.Өтептергенов Ертаевтың өз уәдесінде тұрмай, акция­ларды белгісіз компания­лар­ға сатқанын әшкерелейді. «Бақ­сақ, бақа екен» демекші, аяқас­тынан құрылған «Dorgia company», «Ket company», «ISHSS company» ЖШС-тің бас­шылары Ертаев мырзаның өзін күзететін «Arnau-RS Security» күзет фирмасының жетек­ші­лері мен қызметкерлері болып шыққан. Аталған операцияның нәтижесінде банк акционері өз акцияларының 3 пайызын жоғалтты, оның үлесі 6,1-ден 3 пайызға кеміді. Ал Ертаевтың күзет­­ші­лерінің фирмалары 10,2 млрд теңге табысқа кенелді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button