Мәдениет

Ертегіге жан бітірді

«Астана Опера» сахнасында «Ақша қар мен жеті ергежейлі» ертегісінің кейіпкерлеріне жан бітті. Атақты хореограф Дюла Харангозо Қазақстанда алғаш рет жетім ханшайым мен зұлым өгей шеше туралы әйгілі оқиға негізінде балет сахналады. Екі күн бойы талғампаз көрермен елордалық балет әртістерінің өнеріне, сондай-ақ балалар мен үлкендерді ғажайып әлемге жетелеген венгр қойылым тобының шеберлігіне тік тұрып қошемет көрсетті.

[smartslider3 slider=1076]

Ертегі 1812 жылы ағайынды Гриммдермен жазылған еді, кейін бұл сюжет түрлі жанрларда: сурет өнері, одан соң кино мен театр қойылымдарында кеңінен пайдаланылды, 1956 жылы балетмейстер Татьяна Гзовская Берлин балетінде В.Моцарттың музыкасына «Ақша қар» спектаклін қойды. Одан кейін атақты оқиғаны Генрих Майоров, Анжелен Прельжокаж және т. б. хореографтар қолға алып, түрлендіре түсті.

2000 жылдардың басында Венгрия астанасында Тибор Кочактың музыкасына Дюла Харангозоның қойылымында «Ақша қар мен жеті ергежейлі» балетінің ғаламат премьера­сы орын алды. Спектакль елеулі жетістікке ие әрі 150-ден астам көрсетілген. Бүгінгі таңда ол – әлем бойынша барынша жиі қойылатын және балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен «Астана Опера» репертуарының сәнін келтірген балеттердің бірі.

Декорациялар мен костюмдер аудиторияның назарын бірден өзіне аударды. Негізінде, заманауи элементтері бар классикалық хореография­ға жататын күрделі вариациялар, турлар, кодалар, дуэттер мен жеке нөмірлерді сарапшылар жоғары ба­ғалады. Ат­алмыш балетте күрделі, акробатикаға жа­қын партия саналатыны – Аңшы (Олжас Тарланов пен Айбар Тоқ­тар) және техникалық тұрғыдан шеберлікті талап ететін – Аңқау ергежейлі (Сұлтанбек Ғұмар, Бейбарыс Ақарыс). Әртістер мойнына алған міндеттерін абыроймен атқарды.

Ақша қар партиясында актерлік шеберлікке ерекше мән берілді, балеттің жетекші солисі Мәдина Басбаева мен Аделина Төлепова көрермен жүрегінен орын алып, өздерінің сүйкімді кейіпкерін айрықша нәзіктікпен, эмоциямен көрсетті. Патшайым (Гаухар Усина, Әнел Рүстемова) мен Мыстан (Ильдар Шакирзянов пен Сұңғат Қыдырбай) партиялары өте нақышты әрі әсерлі болып шықты. Әртіс­тер сиқыр жасап, түрлі бейнеге енді, зұлым күштердің жақсылықты жеңуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Алайда Ханзада (Ғалымжан Нұрмұхамет, Далер Запаров) теріс дуаның күшін жойып, Ақша қарды ұйқысынан оятты.

Фольклорлық, классикалық және заманауи музыканы бір арнаға тоғыстырған – қоюшы-дирижер Арман Оразғалиев. Бала кезден бәрімізге таныс кейіпкерлердің костюмдері олардың мінез-құлқын аша түсті.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button