ЖаңалықтарСаясат

Еуразия кеңістігінің келешегі

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы және Еуразия кеңістігі: қазіргі заман мен даму келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

2

Тәуелсіз еліміздің тарихы мен жетіс­тіктерін зерделеуге арналған маңызды жиын Мемлекеттік хатшының құттықтау тілегімен ашылды. Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың басшылығ­ымен қазіргі заманғы, қуатты әрі серпінді мемлекет құрғанымызды атап айтты.
– Бүгінде Қазақстан Мемлекет бас­шысының бастамасы бойынша қолға алынып, 5 институционалдық реформада мазмұндылығы айқындалған мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа сатысына көтерілді. Ұлт жоспарының мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену. Елбасының арқасында «еуразиялық» идеясы қазіргі заманғы геосаяси және геоэкономикалық ағымдағы ахуалдың теориясы мен тәжірибесіне байытыла отырып, жаңа тынысқа ие болды. Бүгінде бұл идея толыққанды өңірлік бірлестікке айналған Еуразиялық экономикалық одақта ойдағыдай іске асырылуда, – деді ол. Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы мәңгілік әрі қуатты мемлекет құруға бағытталған «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы туралы да салмақты сөз қозғады.
Конференция тізгінін қолға алып, жүргізіп отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Еуразиялық экономикалық одақ – еуразиялық идеяның жүзеге асырушысы» деп аталған баяндамасында тәуелсіздіктің ширек ғасыр белесінде қол жеткізген жетістіктері жайында парасатты ой өрбітті. Еуразиялық экономикалық одақтың мазмұнына мән берді. – Заманауи еуразияшылдық осыдан 22 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың М.Ломоносов атындағы ММУ мінберінен «Еуразиялық одақ» туралы айтқан тарихи сөзінен кейін қалыптасты. Елбасы алғаш рет еуразияшылдықты ірі ауқымда теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге, практикалық саясаттың тармағы ретінде де белгіледі. Бұл еуразияшылдық ой тарихындағы маңызды белес еді, – деді университет ректоры.
Ал тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков дала өркениеті жайында өрелі сөз қозғады. Оның әлемдегі өркениетке қосқан салмағын сараптады. «Өркениеттің негізгі белгілері ретінде мемлекетті, қалаларды, жазу мен биік мәдениетті айтады. Сол үшін батыстық тарихшылар Дала өркениетіне мән бермей келді. Өйткені өткен ғасыр тарихында Дала өркениетінде мұның бірі де жоқ еді. Тарих ғылымының дамуы барысында біздің Дала өркениетіне айғақ болатын жазу да, мәдениет те, қалалар мен мемлекеттер де табылды. Сондықтан Дала өркениеті туралы аузымызды толтырып айта аламыз» деп көшпелі коғамның ерекшеліктеріне тереңірек үңілді. Академик өз тұжырымында тағы бір қызықты фактіні келтіреді. Көшпелі қоғамда технологиялық даму емес, биологиялық даму алға шыққан. Мал шаруашылығы биік деңгейге көтерілген. Малды асылдандыру үдерісі іркілмей жүрген. «Көшпелілердің әскері бір мезетте боз түсті он мың, торы түсті он мың, күрең түсті он мың жылқыға мініп шыға алған. Бүгінгі жағдайда он мың боз жылқыны келтіру үшін он жыл бойы іргелі ұжым жұмыс істеу қажет» дейді ғалым. Сондай-ақ, тарихшы дала өркениетінде ауыз әдебиеті мен шешендік өнердің де ерекше дамығанын нақты мысалдармен дәлелдейді.
Сондай-ақ, шара барысында Аргентинадан келген ғалым Пауло Ботта, Ресейдегі Бурятия мемлекеттік университетінің факультет деканы Эльвира Раднаева және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов секілді тағы басқа айтулы ғалымдар баяндама жасады. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл жастар арасында ынтымақтастық идеяларын кеңірек насихаттау мақсатында «Еуразиялық ықпалдастық күні» деген жаңа мереке енгізу туралы пікірін жеткізді.
Халықаралық жиын соңында конференцияда айтылған ойлардың барлығы сарапталып, нақты ұсыныстар қабылданды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button