Басты ақпаратЖаңалықтарЭкономика

КӨНЕ КӨЛІКТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

Елімізде әбден тозығы жеткен ескі автокөліктердің көзін жоятын арнайы жоба ақыры іске асырылатын болды. Ескі-құсқы «салдырлақтар» мен істен шыққан көліктерді қабылдау және əрі қарай пайдаға асыру жұмыстарына жауаптанып отырған «Оператор РОП» компаниясының басқарушы директоры Рустам Темірбек тозығы жеткен көліктерді өткізу науқаны 21 қарашадан басталатынын мәлім етті.

Crane picking up car

ҚАБЫЛДАУ ҚАРАШАДА БАСТАЛАДЫ

«Жобаны 21 қарашадан бас­тап іске қосуға әзірміз. Қазіргі уақытта ескі техникаларды жоюға арналған арнайы зауыттың құрылысын бастау­ды көздеп отырмыз. Ол кешен толықтай заман талабына сай болуы тиіс. Жалпы, осы бағдарлама арқылы қоршаған ортаға зиян келтіретін әрі техникалық тұрғыда қауіпті болып отырған көліктерден құтылуға мүмкіндік бар. Қараша айының соңына қарай қолданыстан шыққан көлік құралын кәдеге жарату бойынша қызмет көрсетуге байланыс­ты байқау жарияланатын болады. Жалпы жыл соңына дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 10 мың көлік сатып алу жоспарланып отыр» дейді басқарушы директор Рустам Темірбек.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, жоюға тапсырылатын көліктер екі санат бойынша қабылданады. Оператордың арнайы бекеті немесе бағдарламаға қатысатын дилерлік орталықтарына тапсыратын ескі көлігіңіздің бас-аяғы бүтін, яғни рама (шасси), мотор, қозғалтқыш қорабы (коробка передач), дөңгелектер, аккумулятор, орындық және алдыңғы панелі секілді бөлшектері түгел болса, 150 мың теңге аласыз. Апатты жағдайдағы немесе көлік шанағы, есігі, қозғалтқышы, беріліс қорабы міндетті түрде бар, бірақ жүрмейтін көліктерге 48 мың теңге беріледі. Алайда көліктің шығарылған жылына ешқандай да шектеу болмайды. Жобаны іске асыру үшін 2016 жылға жалпы ақша сомасы – 1 миллиард 250 мың теңге. Ақша қолма-қол төленеді. Рустам Темірбектің айтуынша, ескі көлікті қабылдау орталықтары республиканың 17 қаласында жүзеге асырылады.

ЕСКІ – ЖАҢАНЫҢ ЖАРНАСЫ

Бағдарламаға қатысу үшін заңды тұлғалардан өтініш, ІІМ органдарындағы кәдеге жаратуға байланысты көлік құжатын тіркеуден шығару туралы анықтамасы, жеке куәлік көшірмесі немесе сенімді өкіл куәлігінің көшірмесі, есеп айы­рысу шоты, қолданыстан шыққан көлік құралын кәдеге жаратуға өткізу туралы шарт талап етіледі. Сондай-ақ, тозығы жеткен техниканы жаңасына ауыстыру үшін арнайы сертификаттар да табысталады. Осы сертификат арқылы отандық жаңа көлік алу үшін 315 мың теңге көлемінде жеңілдік жасалады.
Тағы бір айта кетерлігі, жоба жоспар бойынша мерзімі өтіп, жарамсыз күйге түскен ескі көлігін арнаулы орындарға апарып тапсырғандарға шамамен 300-350 мың теңге аралығында сертификат түрін­дегі өтемақы берілуі тиіс болған-ды. «Тапсырылған көліктердің құны жазылған бұл сертификатпен кез келген автокөлік салонына барасыз да қалаған тұлпарыңыз үшін алғашқы жарна ретінде төлем жасай аласыз. Қалған сомасын қолма-қол санап беріп немесе әртүрлі мерзімге несиеге рәсімдеп алуға болады. Сондай-ақ, жаңа көлік сатып аларда бастапқы жарна ретінде бір емес, бірнеше сертификаттың басын біріктіруге мүмкіндік бар» деп атап өткен болатын қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев. Дегенмен мұндай сертификаттардың қашаннан бастап беріле бастайтыны әлі белгісіз.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ТИІМДІ

Мамандардың айтуынша, бұл жобаның тиімді тұстары көп. Ең алдымен экологиялық мәселеміз шешіледі. Өйткені соңғы уақытта сырттан келетін ескі көліктердің саны күрт артып, нәтижесінде еліміз ескі көліктер «қоймасына» айналуға шақ қалғаны белгілі. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Қазақстанға шетелден 1 жарым миллионнан астам автокөлік әкелінген екен. 2016 жылғы
1 қыркүйектегі жағдай бойын­ша елімізде 6 миллионнан астам жеңіл көлік тіркеліпті. Бұл көліктердің 4 миллионға жуығы әлі қолданыста жүр. Алайда сол көліктердің жартысынан көбі, яғни 60 пайызға жуығы (10 жылдан асып кеткен) ескірген. Керек болса, шығарылғанына 20-25, тіптен 30 жыл болған көліктер айналымда жүр. Осындай ескі көліктердің кесірінен елімізде ауаға жылына шамамен 200 мың тоннадан астам улы газ таралады. Ресми мәліметтерге сәйкес, республика бойынша 2016 жылдың 3 айында 3570 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл оқиғалардың көбі сол ескі көліктерге қатысты.

ОТАНДЫҚ КӨЛІК КӨБЕЙЕДІ

Экологиялық мәселені айт­паған күннің өзінде жер қой­науындағы қазба байлықтарды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік бермек. Өйткені бір бойында металл атаулының сан түрін жинақтап алатын бір көлікті қайта балқытып, шикізатқа айналдырудың пайдасы да шаш етектен. Шынысы мен резеңкесі, әртүрлі химиялық құрамдағы пластмассалары тағы бар. Елімізде қоршаған ортаға орасан көлемде зиян келтіріп жатқан 4625 қоқыс полигонының жұмысы рет­теліп, еңсесі көтеріледі. Сонымен қатар, утилизацияға тапсырылған ескі көліктің өзі ғана емес, ішіндегі химиялық сұйықтықтар, қозғалтқыш майлары да белгілі ережеге сәйкес жойылатын болады.
«Бұл – өз кезегінде тұты­нушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара. Сондай-ақ, отандық автоөнеркәсіпті дамытудың бір жолы. Өкі­нішке қарай, біздің елде ескі автокөліктердің көзін жою әдісі әлі енгізілмеген. Мәселен, Германияда ескі көліктің көзі жойылмайынша, есептен шы­ға­рылмайды. Ал бізде кері­сін­ше. Есептен шығарады. Ал ескі қаңқамен не істесең соны істе деген түсінік қалыптасқан. Алдағы уақытта ел аумағында үш зауыт салынады деп жоспарланып отыр. Біріншісі Астана мен Қарағанды аумағында, екіншісі Алматыда, ал үшінші зауыт Шымкентте. Алғашқы зауыт келесі жарты жылдың ішінде ашылады деп күтіліп отыр» дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button