Қала мен Сала

Газдандыру үнемдеуге мүмкіндік береді

Тұрғын үйдегі жылытуды көмірден көгілдір отынға ауыстыру кезінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін материалдық көмек қарастырылған. Алматы ауданындағы 250 отбасының 230-ға жуығы осындай жеңілдікті пайдаланып отыр. Қалалық мәслихаттың шешімі бойынша қала бюджетінен осы мақсатта 103 млн теңге бөлінген болатын.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша жыл басынан бері елорданың 16 әлеуметтік нысаны газға қосылған. Депутаттар бекіткен ақшалай өтемақы мөлшері 163 мың теңге емес, 430 мың теңгеге теңелді. Сонымен қатар, тұрғындардың газға қосылу үшін жинайтын тиісті құжаттарының тізімі қысқартылды.

Алматы ауданына қарасты елді мекендерде тұратын әлеуметтік осал топтағы дәл осындай көмекке зәру әлі 700-ге жуық тұрғын бар. Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және халықты әлеу­меттік қорғау басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, алдағы бюджетті нақтылау кезінде қажетті соманы қарастырып, бөлу үшін жеңілдікпен қосылуды қажет ететіндерге толық талдау жасау тапсырылды. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында ақпараттық жұмысты күшейту керек-ақ.

Шынтуайтына келгенде, жылытуды газға көшіру қоршаған орта үшін ғана емес, қала бюджетіне де әлдеқайда тиімді. Қала басшысының айтуынша газдандыру елорда бюджетін 3,5 есе үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Егер бұрын жылу беру маусымында бұл нысандар 1 миллиард 420 миллионға дизельдік отынды тұтынса, енді шығын 440 миллионнан аспайтынын айтады сала мамандары.

Бүгінде Алматы және Сарыарқа аудандарында желілерді салу толығымен аяқталды. Бұл – 10 тұрғын алабы. Нәтижесінде елорданың 14 мыңнан астам абоненті газбен жабдықтау жүйесіне қол жеткізді. Соның ішінде 5 мыңнан астам абонент қазіргі уақытта толық газға қосылды.

Биыл Байқоңыр және Есіл аудандарында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да барлық 13 су жылыту қазандықтары газға ауыс­тырылды.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button