Қала мен Сала

Көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр

Елордада жасыл желек отырғызу ісі бір сәтке де тоқтаған емес. Сала мамандары жыл он екі айы бойы тыным таппай еңбек етеді. Нәтижесінде, қаламыз жылдан-жылға көріктеніп қана қоймай, тыныс алып жүрген ауамыз жақсарып, экология тазарып, шаһарымыз ажарланып келеді.

[smartslider3 slider=3954]

Бас қаланы көгалдандыру ісіне осындағы төрт аудан әкімдіктері де белсене атсалысуда. Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратындағы коммуналдық-шаруашылық бөлімінің бас маманы Жансейіт Тынбаев осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.

– Жыл басынан бері аудан аумағында 2528 ағаш отырғызылды. Жалпы, 2022 жылы 15 200 дана жасыл желек отырғызу жоспарланған болатын. Осы іске біздің аудан аумағында орналасқан барлық мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың қызметкерлері жұмыла атсалысып келеді. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді. Айналамыз көгалданса көңіл жайланып, табиғатпен әлдебір үйлесімділікті байқаймыз, – деді Ж.Тынбаев.

Бүгінгі таңда Сарыарқа ауданы аумағында 54 сквер мен қоғамдық кеңістіктер бар. Отырғызылған ағаштар саны 52687 дана болса, жалпы аумағы 17608 шаршы метр жерді гүлзарлар және 707506 шаршы метрді көгал жабындылары алып жатыр. Аудан аумағындағы Ш.Бейсекова, К.Байсейітова, Ақмола, Ұлытау, Моншақты, Серкебаев, Қайыңды көшелері, 189-көше көшелері мен Суворов гүлзары, «Көктал» саябағы, №20 мектеп, қалалық әкімдік және т.б. жерлерде көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жасыл көшеттерді күту бойынша ауданда ағаштарды әктеу, ұшар бастарын кесу және қалыптастыру, шарбақтарды қырқу, суару, шұңқырларды орнату және отау, көгалдар мен ағаштарды күту бойынша барлық өндірістік жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Бас маманның айтуынша, жыл басынан бері «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС мердігерлік ұйымымен С.Сейфуллин, Д.Бабатайұлы, М.Әуезов, Қарталы, Бейбітшілік, Титов, Ә.Мәмбетов, Т.Бигелдинов, Ш.Бейсекова көшелері мен Республика және Бөгенбай батыр даңғылдарының бойында 17 364 жасыл желек отыр­ғызу жұмыстары жүзеге асырылуда. Ал  «Абат Сервис ЛТД» ЖШС жұмысшылары 289 аула аумағында 3158 ағаш пен бұталарды отырғызуда. Барлық скверлер мен қоғамдық кеңістіктерде, көшелерде және «Көктал» саябағында 13657 шаршы метр жерге 641879 дана петуния, тагетис отырғызылған болатын. Алдағы уақытта осы біржылдық гүлдердің орнына көпжылдық өсімдіктерді көбейту жоспарланып отыр. Бүгінге дейін қалалық әкімдікке қарама-қарсы орталық алаңның аумағындағы 620 шаршы метр жерге 24800 дана тау қарағайы, гидрангеа, спирея, везикулодник, арша сынды көпжылдық гүлдер отырғызылды. Күзгі кезеңде 1000 шаршы метр аумаққа 40 мың дана көпжылдық гүлдер және шамамен 1900 дана ағаш отырғызу жалғас­тырылады.

Жол жағалауларына отырғызылған ағаш пен бұталар, гүлдер мен көгал ауадағы көмір қышқыл газды сіңіріп, ауаны оттегімен байытады, шуды азайтып, мекенжайды желден, күннен және шаңнан қорғайды. 1 га жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 кг көмір қышқыл газын бойына сіңіретінін ескерсек, кейбір ағаштар өздері айналасына тарататын фитонцидтері арқылы ауадағы зиянды микроорганизмдерді жойып, оны адамның денсаулығына қолайлы иондармен байытады. Мұндай ағаштар қатарына қылқан жапырақты қарағай, шырша, Сібір балқарағайы, тағы басқа жатады. Көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенде міндетті түрде көгалдандырылатын алқаптың ауа райы, топырақ құрамы, жер бедері сияқты ерекшеліктері ескеріледі, суаруға қажетті су көздері қарастырылады. Осы факторлар бойынша отырғызылатын өсімдіктер құрамы да анықталады. Орман ағаштары мен бұталар көшеттері, шөптесін өсімдіктердің жас өркендері мен тұқымдары әр аймақта орналасқан питомниктерден алынады. Мамандардың айтуынша, қаланың гүлденуін күздің қара суығына дейін сақтап тұру үшін арнайы көп жылдық гүл көшеттері отырғызылуда.

Көгалдандыру жұмыстары Байқоңыр ауданында да ерекше белсенділікпен жүргізілуде. Аталмыш аудан әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлімінің маманы Абай Зайдильдиновтың сөзіне сенсек, аудан аумағында ағымдағы жылы 1127 дана ағаш егіліп, орамішілік аумақтарда 300-ден астам көшет отырғызылды. Сонымен қатар, біржылдық, көпжылдық гүлдер мен бұталарды отырғызу жұмыстары жүргізілді, ағымдағы жылы барлығы 5246 шаршы метр жерге – біржылдық, 1 500 шаршы метр аумаққа көпжылдық ағаштар және 2 957 дана бұталар отырғызылды. Санитарлық кесу, қалыптау, арамшөптерді шабу, химиялық өңдеу және тыңайтқыштармен ұрықтандыру сияқты жасыл желектерге күтім жасау жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы осы аудандағы әскери-тарихи мұражай аумағы, А.Бараев, Кравцов, Уәлиханов, Кенесары, Тәшенов көшелерінің бойы мен Б.Бейсекбаев көшесінен Егемен Қазақстан көшесіне дейінгі гүлзар, Қаламгерлер аллеясы, Пушкин көшесіндегі №1 үйдің жанындағы гүлзар, «Құтқарушылар» саябағы, Ғұмар Қараш гүлзары маңында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Есіл ауданының аумағында жалпы ауданы 166,2 гектарды құрайтын 6 саябақ, 41 сквер , 2 бульвар 1 ботаникалық бақ бар. Олардың жалпы ауданы 393,2 гектарды құрайды. 2022 жылдың басынан бері аталмыш ауданда 14385 дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаштар, сондай-ақ бұталар егілді. Көктемгі экологиялық айлық аясында аудан аумағындағы Қ.Мұхамедханов, Ақмешіт, Түркістан, ЕК32, Рысқұлов көшелерінің бойына, ботаникалық бақ пен «Үркер», «Тельман» елді мекендеріне барлығы 5230 тал-терек отыр­ғызылды. Жасыл желектерді күтіп ұстау жұмыс­тарын 5 мердігерлік ұйым, атап айтсақ, «Астана-Көгалдандыру құрылыс», «Жасыл жер», «Қуат и А», «Маржан-а декор» ЖШС-лары мен «Роза жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда.

Елордада ерте көктемнен бастап, күрең күзге дейін көздің жауын алатын сан түрлі гүлдер жайқалып тұрады. Баптаудың арқасында едәуір бой түзеп қалған қылқан жапырақты және жай жапырақты қыруар ағаш аптап ыстықта адамдарға көлеңке болып, жанға сая береді. Бұл жұмыстардың бәрі қала тұрғындары мен елорда қонақтарының жайлылығы үшін жасалып жатқаны қуантады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button