Қала мен Сала

Сырдың жәрмеңкесі несімен ерекшеленді?

Елордалықтар қолжетімді бағада азық-түлік алып, Арқаның ұзақ қысына қамдануда ауылшаруашылығы жәрмеңкесі маңызды рөлге ие. Өткен сенбі, жексенбі күні Сырдың диқандары астаналықтарға өнімдерін ұсынды.

 Сыр диқандары 50 жүк автокөлігімен 500 тоннадан астам өнім әкеліпті. Қызылорда облысы дегенде, ойға күріш, балық, қауын-қарбыз, асқабақ, тұз келмей ме? Елордалықтар да өнімнің осы түрін алуға қызығушылық танытатыны анық. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына базарлық ретінде қызылордалықтар өнімнің осы түрін мейлінше мол әкелуге мән беріпті. Яғни 100 тонна күріш, 30 тонна балық және оның өнімдері, 15 тонна ет, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімі жәрмеңкенің алаңына шығарылды.

Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев:

– Қызылорда облысынан жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын өнім келді. Бұған барлық ауданның диқандары атсалысты. Біздің ауданнан күріш өнімдері мен бақша дақылдары жеткізілді. Әсіресе, Сырдың күрішіне сұраныс жоғары болды, – деді.

Расында Сырдың өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Одан бөлек, балық пен асқабақты көптеп алып жатқандарды байқадық.

Елордалық Елдос Сайдуллаұлы есімді азаматты сөзге тартқанымызда:

– Қызылордалықпын! Жылда осы жәрмеңкеден бір қысқа жететін асқабақ аламын. Биыл да бір қап асқабақты 5600 теңгеге алдым. Бір келісі 150 теңгеден келді, – деді ол.

Бұрын-соңды алып балықты көрмеген астаналық тұрғын:

– Мә, осындай үлкен балық болады екен-ау! Бірінші рет көруім! – деп таңданысын жасыра алмады.

Қысқасы, жәрмеңкенің жылуы ортақ, қызығы мол!

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button