Басты ақпарат

Хабарсыз кеткен жауынгерді қалай іздеуге болады?

Шамамен 300 мыңға жуық қазақстандық солдат Ұлы Отан соғысы жылдарында хабарсыз кеткен. Олардың ұрпақтары бүгінде жауынгер аталарының қай мекенде жерленгендерін табу үшін іздеу жұмыстарын жүргізуде.

Іздеуді бастар алдында қандайдеректерді білген жөн?

Ұшты-күйлі жоғалған солдаттарды іздеуге елу жылдан астам өмірін арнаған Ләйла Ахметова есімді отандық журналист былтыр анықтамалық шығарған болатын. Онда хабарсыз кеткен жауынгерлерді интернет арқылы іздеудің бірнеше жолы көрсетілген-ді.
Журналистің айтуынша, іздеуді бастамас бұрын солдаттың барлық туған-туыстарымен әңгімелесіп, олардағы бар деректерді білуге тырысқан жөн. Жауынгердің толық аты-жөні, туған күні мен жері, майданға шақырылған күні мен жері, әке-шешесінің аты-жөні мен мекенжайын нақты білсеңіз, тіптен жақсы. Солдаттың аты-жөнін жазарда ол сөздердің бірнеше нұсқаларын да байқап көру керек екен. Өйткені кезінде оларды тіркеуші кісінің сауатсыздығына байланысты кейбір әріптердің орны ауысып немесе қазақша есімдер орысшаланып кетуі әбден мүмкін. Жауынгердің жолдаған хаттары сақталса, ол да үлкен көмек. Конверттің штемпелінде пошта стансасының нөмірі көрсетіледі. Сол бойынша дивизия, полктың нөмірін анықтау оңай. Іздеп отырған солдатты интернет ресурстарынан таппаған жағдайда, бұл деректер Ресей Федерация­сы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне сұраныс жолдарда көп көмектеседі.

Іздеуге көмектесетін интернет-ресурстар 

Хабарсыз кеткен жауынгерді іздеуге атсалысатын қандай интернет ресурстар бар екеніне тоқталайық. Егер солдат соғыс кезінде қаза тапса немесе хабарсыз кетсе, ол туралы деректерді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің http://mod.gov.kz/memorial сайты арқылы табуға болады. Мұнда солдаттың аты, тегі, әкесінің аты, туған жылы мен жері, майданға шақырылған күні мен жері, соңғы қызметінің орны, дәрежесі, ол жақтан шығарылған күні мен себебі секілді мәліметтер әліпбилік тәртіпте жинақталған. Бір бетте 10 мың фамилия жария­ланады.
Егер солдат тұтқында болса және соғыстан кейін Қазақстанда өмір сүрсе, онда Ішкі істер министрлігінің http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/mvd/MVD/Memorial сайты көмекке келеді.
Жоғарыдағы сайттардан жауынгер жайлы қандай да бір жаңа деректер табылса, «Мемориал» (http://obd-memorial.ru), «Память народа» (http://pamyat-naroda.ru), «Подвиг народа» (http://podvignaroda.mil.ru) сайттарынан іздеу әлдеқайда жеңілдейді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі «Поиск воинов из Казахстана» және «Пан­фи­ловская дивизия» сияқты волонтерлік топтар да хабарсыз кеткен солдаттардың жерленген орындарын табуда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.

Кейде солдатты туыстары да танымай қалады

Біз бұдан соң Facebook желісіндегі «Поиск воинов из Казахстана» тобының модераторы Күлән Нұрмұхамбетовамен байланыстық.
– Бұл топты Макка Қаража­нова есімді қандасымыз 2015 жылы ашқан еді. Қазір ол Украинада тұрады. Өз атамды іздеу барысында мен көп кедергілерге кезіккенмін. Осы салада біраз тәжірибе жинақтаған соң, мен де дереу бұл топқа мүше болып, хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеумен айналысатын еріктілер қатарына қосылдым, – дейді Күлән апай.
Күлән апай іздеу процестеріне өзінің мамандығы да үлкен көмек беретінін айтады:
– Мен орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен сабақ бергенмін. Сондықтан орыс ұлты өкілдерінің қазақша аты-жөндерді көбінесе қандай қатемен жазатынын жақсы білемін. Хабарсыз кеткен солдаттарымыздың оңай табылмауына олардың аты-жөндерінің басқаша жазылуы да әсер етеді. Кезінде майданға шақырылғанда тіркеу жасайтындар олардың аты-жөндерін қалай естісе, солай жаза берген. Тіпті кейде фамилия немесе есімдердің өзгеріп кететіні сонша, оларды тапқан күннің өзінде туыстары мойындамай, «Бұл біздің атамыз емес» деп бас тартатын кездер де болады. Ондайда әлгі солдаттың туған жері, соғысқа шақырылған орны тәрізді деректерді қоса әкеліп, ол кісілерге шынымен аталары еке­нін дәлелдейміз.

Еріктілер тобы қалай жұмыс істейді?

Бұл топтың ерекшелігі сол, адамдар, әдетте, өздері іздеп таба алмаған солдат жайлы мә­ліметті осы топтың мүшелері жан-жақты іздеу параметрлерін қол­дану арқылы тауып беріп жатады. Оның басты себебі, көп кісілер қолда бар құжаттарды дұрыс оқып, тани алмауы немесе архивтермен жұмыс істеу ережелерін дұрыс білмеуі мүмкін. Бұдан бөлек, топ мүшелері әлеу­меттік желідегі осы мазмұндас өзге де шетелдік топтармен тығыз байланыста. Яғни жауынгерді іздеу­ге бір емес, бірнеше топтың мү­шелері жұмылады. Егер іздеу жұмыстары нәтижесіз болса, топ мүшелері марқұм солдаттың туыстарына Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне хат жазып, сұраныс жіберуіне көмектеседі. Көмектеседі дегеніміз, ол мекеме өтінішті тек солдаттың туыстарынан ғана қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, егер жауынгердің қаза тапқаны туралы ешқандай ресми құжат жоқ болса, аталған топтың мүшелері іздеу барысында табылған деректерді зерттей отырып оның соңғы шайқасқан жерін тауып, әлгі солдаттың есімін бауырластар зиратына енгізуге жәрдемдеседі.
Күлән апайдың айтуынша, марқұм солдаттың кей туыстары аталарының нақты жерленген жерін біліп берулерін талап етеді екен.
– Біз, әдетте, жауынгер қаза тап­қан ауылды немесе елді мекенді анықтап береміз. Бір адамдар бұл ақпаратқа қанағаттанбай, нақты қай орында көмілгенін білгісі келеді. Өкінішке қарай, ондай дәлдікке қол жеткізу көп жағдайда мүмкін емес. Өйткені бомба түскенде бірнеше шақырымдық радиустағы солдаттар түгел қырылып қалған ғой. Олардың әрқайсысын бөлек-бөлек жерлеп отыруға ол кезде шама қайда?! Меніңше, атаңның соңғы рет шайқасқан жерін білудің өзі жеткілікті, – дейді ол.

Бір қатенің кесірінен 55 жыл іздеу жүргізілді

Бір жауынгерді табуға кейде бірнеше сағат, ал кейде жылға жуық уақыт кетеді екен. Неге сонша ұзақ десеңіз, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне жазған хатқа кемінде алты айдың ішінде жауап қайтарылады.
– Бұл мекемеге хат жазар алдында солдат туралы мейлінше мол дерек жинауға тырысу керек. Өйткені ондағылар сұраныс хаттағы деректер бойынша ғана іздеу жасайды, өздерінше зерттеу жүргізбейді. Мысалы, Алимжан Калимов есімді солдатты осы архивтің арқасында таптық. Онда аты Олиможам деп өзгеріп кетіпті. Сонда біз тек қана «Алимжан» деген нұсқа бойынша сұраныс жасатсақ, ол архивтен табылмайтын еді, – дейді Күлән Нұрмұхамбетова.
Осындай қателердің кесірінен іздеу жұмыстары да созылады. Мәселен, «Поиск воинов из Казахстана» тобы мүшелерінің бірі Айга Берназарованың атасы 72 жыл бойы хабарсыз кеткендер тізімінде болған.
– Әкем атамды 55 жыл бойы іздеген. Әжем де сонша жыл зарығып жарын күткен. Ол сонау 1943 жылы жесір қалғанын білмеген ғой… Соғыс кезінде атам Уралбай Шалабаевтың фамилиясы Шалаваев болып қате жазылып кеткен. Ал оны жерлеу кезінде тегі тағы да өзгеріске ұшырап Малаваев болып жазылған. Біз Facebook-тегі осы топтың арқасында атам туралы әрбір түймедей фактіні жинап, ақыры ол кісінің ерлікпен қаза тапқан жерін анықтадық, – деп жазады ол.
Әңгіме барысында Күлән апайдан бұл кезге дейін қанша солдаттың табылуына жәрдемдескенін сұрадым.
– Осы іске кірісерде мен «Табылған жауынгерлердің санын білмеуім керек» деп іштей өзіме серт берген едім. Өйткені санға мән берген кезде жұмысымның сапасы әлсірейтіндей көрінді. Мен үшін бір жауынгердің бол­са да есімі табылып, оны ұр­­пақ­тарына табыстау – ең үлкен же­тістік. Бастысы, адамдар біз­дің қызметіміздің тегін екенін, біздің ерікті түрде зерттеу жүргізетінімізді білсе екен дейміз. Бүгінде бұл топта менен басқа Ләйла Ахметова, Айгүл Байқадамова, Аманжол Оразбаев, Әсет Ерназаров, Ақмарал Шолақова сынды кісілер де осы іске қомақты үлесін қосып жатыр, – деп жауап берді ол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button