Басты ақпарат

iKomek: жедел шешім қабылданады

 

«Астана – ақылды қала» жобасы аясында елорданы тиімді басқару, астаналықтар мен қала қонақтарына қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру мақсатында 2017 жылдың желтоқсан айында «iKomek» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы құрылған болатын. Енді, міне, «iKomek»-ке «Smart Astana» мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге мүмкіндік туды. Автоматты түрде жүйеге келіп түскен онлайн-өтініш бірден бақылауға алынады. Одан әрі «iKomek» орталығы аталған өтінішті жауапты орындаушыларға жібереді. Демек, көмек сұраған әрбір адамға Google Play және Apple Store жүйесінен «Smart Astana» қосымшасын жүктеп алу жеткілікті.

 

Жүздеген мекемеге қатысты сұрақ – 109 нөміріне

iKomek орталығын құ­рудағы негізгі тұжырым­дама АҚШ-тың 311 және 911 қыз­метінің идеясы­нан туындаған. Мәселен, 311 нөмірі АҚШ-тың 300-ден аса қаласында мемлекеттік және феде­ралдық қызметтің 4 мың түрі бо­йынша жұмыс жүргізеді деседі. Ондағы қалалық сервис орталы­ғының операто­ларымен тұрғындарға тәуліктің кез келген уақытында хабарласуға мүмкіндік қарастыры­лыпты.
Ал Астанадағы iKomek орталығының 109 нөмірі АҚШ-тың осы 311 қызметіне ұқсастырылып құрылған. Бүгінде су, жылу, электр энергиясы, коммуналдық төлем (ЕРЦ), қоғамдық көлік сияқты барлық коммуналдық қыз­мет жөніндегі колл-орталықтар iKomek орталығына біріктірілген.
– Астаналықтарға ың­ғайлы болу үшін құ­рыл­ған бұл орталық ком­муналдық қызметтер мен қалалық кеңселермен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді, – дейді iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.
Қазіргі уақытта қалалық әкімдіктің 17 басқармасы мен 4 аудандық әкімдік және 33 коммуналдық қызмет, 605 ПИК, 81 лифт шаруашылығына бағытталған сұрақтарды 109 қысқа нөміріне хабарласып, қоюға болады. Айта кету керек, орталыққа қалалық немесе мобильдік байланыс тегін. Осылайша бұрын қоңырауға жауап бермейтін коммуналдық қызметтердің мәселесі біржақты болды.

Алдағы уақытта 112 қызметі құрылады

Сондай-ақ заман ағымына қарай орталықпен тек телефонмен ғана емес, әлеу­меттік желілер арқылы да хабарласуға мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылдың қаңтары­нан бас­тап фейсбук пен инстаграмға тіркелген орталыққа тек ғаламтордың өзінен 12 ай ішінде 90 мыңнан аса өтініш тү­сіпті. Жақында орталық телеграм-бот пен қалалық әкімдік сайтына енгізілсе, енді арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Қала басшылығына аптаның әр күнінде тәулік бойы қолжетімді болатын бұл қосымша қаржымен қатар, уақытты да үнемдей түспек. Мәселен, бұ­рын апатты жағдайлар жөніндегі ақпараттар ба­­­қылауға ыңғайсыз әрі ақылы SMS-хабарламалар түрінде жіберіліп келген екен. Жаннат Дүбірованың мәліметінше, орталыққа бір жыл ішінде миллионнан аса өтініш түсіп, оның 80 пайызы бірінші хабарласудан соң шешіліпті.
Жан-жақты оқытылып, біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен кәсіби 78 оператор қаладағы барлық коммуналдық қызмет пен тіршілікпен қамтамасыз ету жөніндегі кез келген сұрақ бо­йынша хабарласқан тұрғындарға мүдірмей жауап береді. Барлық өті­ніш тіркеу нөмірімен тұр­ғындар шағымының тізі­міне енгізіліп, әрі қарай мәселе белгілі бір уақытта шешілу үшін мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтерге беріледі. Әр оператор 1300 қызмет түрі бойынша жауап беруге қауқарлы. Мамандар қоңырауға 16 секундта, #Astana109 хэш­тегін белгілесеңіз, әлеу­меттік желіде 10 минутта назар аударып, сұрақ 7 күн ішінде қаралады.
Күн сайын 5 мыңнан 14 мыңға дейін өтініш келіп түссе, орта есеппен күніне 2 мың өтініш бойынша жұмыс жүргізіледі екен. Нәтижесінде соңғы уақытта әкімдік аппараты мен басқармалардың, аудан әкімдіктердің кеңсесіне келетін хаттар 20 пайызға төмендеген көрінеді.
Заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдаланудың үлгісі болған бұл тәжірибе алдағы уа­қытта еліміздің барлық өңірінде қолданылмақ.
Алдағы уақытта АҚШ-тың 911 қызметіне ұқсас 112 қызметін құру жоспарлануда. Яғни осы қызметке қаланың төтенше жағдай жөніндегі 101, 102, 103 нөмірлері бір колл-орталыққа біріктірілмек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button