Ел тынысы

Инновациялық технология жемісі енді қазақ тілінде

Бүгін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ тіліндегі бірегей жоба – көру қабілеті нашар адамдарға арналған экранды дыбыстап оқып беретін инновациялық құралдың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы, белгілі ғалым Ербол Тілешев мемлекеттік «Еститін үкімет» қағидасы мүлтіксіз орындалғанын, оның бір дәлелі – осы келелі іс екенін атап өтті. Ақпаратты дыбыстап жеткізетін құралдың көмегімен қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі арта түседі. Көктемнің алғашқы айымен жеткен жағымды жаңалықтың арқасында экрандық оқу жүйесі арқылы бағдарламаны қолданушылар бұдан былай ана тіліндегі ақпаратпен еркін сусындай алады.

Көзі нашар көретін адамдарға арналған бұл жаңа жоба «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының базасында дайындалған. Орталықтың бас директор М.Жұмабайдың айтуынша, Android смартфондарға арналған нұсқа жарияланды. IOS үшін арнайы қосымшаны ІT мамандар сараптамадан өткізу үстінде, жақын арада қолданысқа беріледі.

Таныстырылым барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейітжан бұл көптен күткен арман күн екенін тебірене баяндады: «Осы күннің куәсі болып отырғаныма қуаныштымын. Қанша жыл қазақ тіліндегі экран дикторы жоқ екенін қынжылып жүретінбіз. Шет елде білім алған азамат ретінде ағылшын, жапон тіліндегі осындай құралдың көмегіне жүгініп, диплом жұмысын да жазғанмын. Ал ана тілімізде жоқ болғаны мүмкіндікті шектейтін. Мұндай құрал керек деп депутаттық сауал да жібергенбіз. Бүгін шынында да қатты қуанып отырмыз», -деді ол.

Инклюзивті білім беру маманы, Назарбаев Университетінің ассистивті технологиялар және ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі сарапшы-менеджері, жобаны  тестілеуші Зият Әбдіқайымов пен заңгер, көру қабілеті нашар сарапшы маман, жобаны  тестілеуші Мұсағали Дауылов еліміздегі мұндай тұңғыш құрылғының мазмұны мен маңызына айрықша тоқталды.

Әлемдік стандарттар негізінде жасалған қазақ тіліндегі экран дикторының көмегімен (Сілтемесі: https://screenreader.tilqazyna.kz/) пайдаланушылар бұдан былай веб-беттермен, электрондық хат және құжатпен демде танысып, ақпарат ағынымен қазақ тілінде танысып, цифрлық технологияның игілігін өз қажетіне жарата алады.

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button