Елорда тынысы

Инвестициялық жобалар іске қосылады

Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифинг елорданың инвестициялық тартымдылығына арналды. Спикер ретінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысты.

Астананы кәсіпкерлер қаласы деуге негіз бар. Дәлел мен дерек келтіретін болсақ, елорданың экономикадағы кәсіпкерліктің үлесі 72 пайызды құрайды. Бұл дамыған елдердің көрсеткішімен тең. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды.

Кәсіпкерліктің дамуымен қатар өніркәсіпке инновациялық жобалар келіп, өнімділік артып келеді. Қазір елордада ірі жобаларды жүзеге асырудың тетігі қалыптасты.

– Астана қаласында екі арнайы экономикалық аймақ бар. Біріншісі – «Астана – жаңа қала». Екіншісі – «Астана-Технополис».

Біріншісінде 300 қатысушы болса, екіншісінде 13 кәсіпкер тіркелді.

«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриалды парк аумағында 98 жоба жүзеге асырылуда. Оның 49-ы іске қосылса (инвестиция құны – 166,3 миллиард теңге), 49-ы жүзеге асырылуда (инвестиция құны – 90,3 миллиард теңге).

2011 жылдан бастап №1 Индус­триалды парк қатысушылары 5,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрды, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 256,6 миллиард теңгеден астам инвес­тиция салынды. Осы уақытқа дейін 4,52 триллион теңгенің (9 айда 743,8 миллиард теңге.) өнімі өндірілді және 93,8 миллиард теңгенің өнімі экспортталды, – деді қала әкімінің орынбасары.

Спикер арнайы экономикалық аймақтарда машина жасау, құрылыс материал өндіру, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп саласындағы жобаларды ерекше атады. Бұл қатарда «Тау-Кен Алтын» ЖШС, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «PIK Astana Yutarla LTD» ЖШС, «ModeX Astana» ЖШС, «GLB» ЖШС сынды ірі кәсіп­орындарды ерекшелеуге болады.

– Жұмыс істеп тұрған жобалар арасында «KIA Bongo» шағын тонналық жүк көлігін шығаратын зауытты атауға болады. Қазір толық циклды автомобиль зауытының жобасы әзірленуде. Жалпы жыл аяғына дейін 24,5 миллиард теңге құрайтын 3 жобаны іске қосу жоспарда бар. Оның екеуі шетел компаниясының қатысуымен жүзеге асады. Бұл бағыттағы жұмыс толық іске асса, 600-ден астам жұмыс орны құрылады, – деді Ерлан Бекмұрзаев.

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button