Әлеумет

Керек кеңес

Адамның мінез-құлығын бұзатын нәрсені көрмеу
Аузы берік адам бос уақытын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, кітап оқумен, соның ішінде Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізгені абзал. Есте ұстайтын бір жайт, Алла Тағала ешқашан да пендесінің оразасы мен құлшылығына мұқтаж емес. Қайта пенделер өздерін жаман қылықтардан арылтып, екі дүниеде де жақсылыққа кенелуде Алла Тағалаға құлшылық жасауға көбірек мұқтаж. Жүздеріңізде нұр, жүректеріңізде иман көбейе берсін!

Туған-туыс пен мұқтаж жандарға садақа беру
Рамазан айы – Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, жәннатқа жетудің жолдарын жеңілдетуге берілген керемет мүмкіндік. Осы қасиетті айда ағайын-туыстардың амандығын біліп, араздасқан жандармен татуласу сауапқа жатады. Бір-бірімен ренжіскен адамдар кешірім жасап, міндетті түрде татуласуы керек. Кім бірінші болып татуласса, сол үлкен сауап алады.
Алланың елшісі (с.а.у.): «Мал­дарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәледен қорғаныңдар» деген. Зекет те, садақа да бай мен кедейдің арасын жақындастырумен қоса мәрт адамды шынайы жомарттық иесі Алла Тағалаға жақындатады. Хақ жаршысы Мұхаммед (с.а.у.): «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жәннаттан және халықтан алыс, жаһаннамға жақын» деп жомарттықтың сыйы жәннат екенін айтқан. Рақым айында берген садақаларыңыз, зекеттеріңіз қабыл болсын!

Аллаға құлшылықты көбейту
Рамазан айының соңғы он күнінде мешітте болып, құл­шылыққа берілу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.с.) рама­зан­ның соңғы он күнінде көп ғибадат жасаған. Бұл күндері Алла Тағаланы жиі еске алып, Құран оқып, оны тыңдап, мағынасына ой жүгіртіп, оған амал қылған абзал. Пайдалы дәрістерді тыңдау үшін аузы берік адам бос уақытын мешітте өткізгені жөн. Тарауық намазы – рамазан айында оқылатын сауабы мол ғибадат. Тарауық рухымызға азық беріп, пендені бұ дүниенің қарбалас тірлігінен алыс­татып, Аллаға жақындатады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім рамазан айында тарауықты шын көңілмен сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» деген. Алла Тағала оқыған намазымызды, оразамызды, күллі игі амалдарымызды қабыл алғай, достарым!

Қауіпті кеселдерден арылуға пайдалану
Ерік-жігерді жинақтап, ас­қан ұстамдылық танытып, темекіні күндіз шекпегендей, түнде де шекпеңіз. Сол кезде денсаулығыңызды сақтайсыз әрі темекі сатып алуға жұмсалатын ақшаңызды да үнемдейсіз.
Оразаның денсаулыққа пайда­сының бірі – тәуелділікті жеңуге көмектеседі. Мысалы, ауыз бекіту никотин, кофеин сияқты зиянды заттарға тәуелділіктен арылуға жәрдемдеседі. Әрине, бұл жерде ең алдымен адамның өзінің шынайы қалауы болуы шарт. Рамазан айында күндіз ауыз бекітіп, түнде ғибадат ету арқылы зиянды әдеттерден арылуға әрекет жасаса, Алла Тағаланың сол адамға жеңілдік беретіні хақ.

Қадір түнін құран оқып, дұғамен өткізу
Қадір түні араб тілінен аудар­ғанда «қасиетті түн» деген мағы­наны білдіреді. Бұл түн рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Құран Кәрімде: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады» делінген. Алла Тағаланың кәлемі Құран Кәрімде Құранның Қадір түні түсіргені туралы айтылады. Алла Тағала бұл түнді берекелі етіп, басқа түндерден ерекшелеген. Осы түнді мың айдан да қайырлы етті. Есептесек, мың ай дегеніміз – 83 жыл 4 ай екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. Бұл түні періштелер жерге түсіп, Алланың кешірімі нәсіп болады. Хадисте айтылғандай, жерге түсетін періштелердің саны майда тастардан да көп болады. Періштелер мұсылмандарға сол түнде таң қылаң бергенше сәлем беріп тұрады. Сәлем – Хақ Тағаланың жақсылығы. Ендеше, оразасын ұқыппен ұстаған әр мұсылман сол түнде шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, түнді дұғамен өткізгені абзал. Алланың елшісі (с.а.с.): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, намазда тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» дейді. Алладан тілеген дұға-тілектеріңіз Қадір түніне дөп келсін, қадірлі жамағат! Бейбітшілік, амандық түніндегі Хақ Тағаланың жіберген сәлемінен құр қалмайық!

ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН!

Дайындаған Төлен Тілеубай

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button