Басты ақпаратРухани жаңғыру

Киелі мекен құндылықтары

Осыдан 28 жыл бұрын дербестік алған Қазақстанның жетілгенін, өркендегенін бүгінде мақтанышпен айтамыз. Тәуелсіз жылдар ішіндегі қол жеткізген айрықша табыстар қатарында бірінші әлем картасында болмаған мемлекет – тәуелсіз Қазақстан құрылғанын, шекарамыздың халықаралық деңгейде шегенделгенін, ел басқару ісі Конституцияға негізделгенін, заманауи қарулы күштер мен құқық қорғау жүйесін қалыптастырғанымызды, Еуразия төрінде сәулеті асқақ жаңа астана тұрғызғанымызды көрсетеміз.Экономиканы дамыттық. Саясатты салиқалы еттік. Ел өркендеуін, көркеюін, ой-сана өзгеруін кезең-кезеңмен лайықты жүзеге асырдық.

Ата-бабаларымыз армандаған, сонау тарих қойнауындағы Күлтегін мұраты негізінде жазылған «Мәңгілік ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырып, елдігіміздің сан ғасырлық тамырына нәр бердік. Осынау аршынды қадамдардың баршасы Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асты.
Осы ерен табыстарды халық бойына сіңіру мақсатында Тұңғыш Президент туған халқын мынадай даналыққа сүйіндірді: рухани жаңғыру, туған жерді сүю, сана биігіне көтерілу, прагматизмді меңгеру, әлеуметтік нұрлы жол.
Елбасы болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» идеясын ұсынды. Туған жердің ерекшелігін көрсету, әдет-ғұрыпты жаңғырту ақпарат көздерінде жиі көтерілді. Өркендеген елдерде ақыл-ой иелерінің жоғары сатысы – қалыптасқан дәстүр. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран». Тарихи дамудың бір кезеңінде ұлттық рух оянып, ұлттық сезім пайда болады. Намысты туындатып, оны қозғайтын әсер болмайынша, қалыптасқан ой-сана кейінгі ұрпаққа рухани азық бола алмайды. Кезінде ойшылдарымыз, абыздарымыз ой-сананың дамуына ықпал етіп, жаңалық ашуға итермелеген. Ол жаңа ұрпақты ылғи да зұлымдықпен күресуге, өмірді өзгертуге, жаңартуға бағыттаған.Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей ел жастарының білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.
Елбасының негізгі тұғырнамасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары қазіргі толқынға үлкен үміт артты. Жастарға қоятын негізгі талап: біліктілік, білімділік, рухани жетілу, отансүйгіштік. Даму мен серпіліс!
Дамыған мемлекет құру үдерісі экономиканы жаңғыртып, постиндустриалдық қоғам құрумен шектелмейді. Төртінші индустриалдық революцияны басынан өткеріп жатқан мемлекеттер жоғары деңгейге рухани, біліми, ғылыми, тәрбиелік мәселелерді шешіп қана өз мақсатына ұмтылуда. Сондықтан материалдық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қаншалықты маңызды болса, рухани салада жаңару да соншалықты маңызды. Себебі халықтың, соның ішінде жастардың рухани сапасының артуы ел экономикасының қарыштап дамуына мүмкіндік береді. Ел дамуының болашағы саналатын жастардың рухани жаңғыруында қазақ жерінің киелі мекендерінің маңызы зор болмақ.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамға тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандырып, шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды.
Елбасы тапсырмасы негізінде Мәдениет және спорт министрлігі еліміздің киелі орындарын анықтап, тізімін жасады. Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, бұл іске тарихшы, өлкетанушы, этнограф ғалымдарды тартып, ғылыми жүйе құра білді. Мұндағы мақсат ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру еді. Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» жалғасатынын мәлімдеді.
«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұралар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, сондай-ақ халық жадында өшпес із қалдырған оқиғаларға байланысты орындар ұлттық мұраттың құрамдас бөлігіне айналып келеді. Сонымен қатар ұлттық бірлік пен жаңғырудың рәміздері де айқындала түсті.Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:
1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында кие­лі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар.
2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің құрылуына ұйытқы болған ортағасырлық қалалар кіреді.
3. Діни және ғибадат орындары. Мұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және ортағасырлардағы, сонымен бірге XIX аяғы – XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
4. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін Қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, Қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрес­кен батырлар, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор орындар алынып отыр.
5. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар мен қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр.
Біз Қазақстанның табиғи, монументалдық, архитектуралық, архео­логиялық ескерткіштерін сақтау арқылы өскелең ұрпақ бойында отансүйгіштікті қалыптастыра аламыз. Осы тұрғыда мұражайлардың атқаратын рөлі зор. Мұражай жәдігерлерді сақтап қана қоймай, оның энергетикасын ұрпақтың бойына сіңіріп, тәуелсіздік тірегі болатын ұрпақты қалыптастыруда да рөлі зор. Елбасы мақаласында сырттан келген қауіп-қатерге төтеп бере білуіміз керектігін баса айтқан. Жат ағымдарға қарсы тұратын дүниеміз – ұлттық код. Ал ұлттық кодымыз өзіміздің қасиетті жерлерімізден бастау алады. Қазақта «кіндік қаны тамған жер» деген ұғым бар. Сол туған жерінен қазақ ешқашан көшпейді. Ата-бабамыздың моласы, бейіті бар, кіндік қаным тамған жер деп жерді құрмет тұтады. Осының өзі біздің қасиетті, киелі деген сөздерімізге терең мағына береді.
Жастар қасиетті жерлерімізбен, жәдігерлермен танысып, тарихын білуі шарт. Осынау рухани мәдение­тімізді шетелге таныстыру жайында айтсақ, бұл бағытта заманның ең озық технологияларын пайдалану керек. Біріншіден, еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әр ауданның, әр ауылдың киелі жерлерін халыққа таныту үшін бағыт-бағдарын, тиімді бару жолын көрсететін картасын әзірлеген жөн. Екіншіден, әрбір интернет пайдаланушысы үйден көре алатындай виртуалды мұражайлар жасалғаны дұрыс. Қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынуда. Ұлттық құндылықтарымыз­ды дәріптеп, Қазақстанды әлемдік брендке айналдыру жолында цифр­ландыруды қолдануымыз қажет. Үшіншіден, қасиетті жерлерге баратын инфрақұрылымды жақсартуды қаперге алсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлы дала төсіндегі Сыр бойынан түркі жұртының бір тармағы – оғыз­дар ауа көшкенде, түркімен, түрік, әзербайжан болып, Қорқыт атаны піріміз деп таныды. Түрік қағанаты ыдырағанда жаңа сападағы тайпалар болашақ тұтас жаңа ұлттың негізін қалыптастырды. Тұрмысы, тілі салт-дәстүрімен ыңғайласып, сол даланың төл перзенттері тарихи уақыттың өтуіне қарамастан біртіндеп қазақ ұлтына айналды. Жер ұйық­тай болған керемет кең дала көршілердің көзіне түсіп, қызықтырмай қоймады. Туып-өскен жерді қорғау керек болды. Бұл тұста Тоныкөк пен Білге қағанның тасқа қашап жазған өсиет сөздері бүгінгі күнге дейін біздің халқымыздың рухани бастауы болып саналады. Әруақ қолдаған, сыйынған, содан бізге мирас болып қалды. Сыйыну – үлгі тұту, соған қарап өсу деген сөз. Жалпы халықтың жаны, рухы туралы әңгіме сонау көне дәуірде қалыптасқан. Кезінде ­В.В.Бартольд Қорқыт баба мен Баба Түкті Шашты Әзіз әулиені «даланың ұлы ­патриархтары» деген еді. Байқасақ, осы шамада «ұлт рухы» деген қасиетті ұғым атойлап алға шықты. Қорқыт мәңгі өмірді аңсап, дүниені шарласа, өлім өмірдің астары екеніне көзі жеткен. Ол қобыз өнері арқылы, күй арқылы өмірді ұзарта алатынына көз жеткізді. Ал Шашты Әзіз әулие – ел-жұрттың қамқоршысы мен сақшысы, қиянатқа қарсы тұрар әділеттіктің жаршысы. VIII ғасырда ислам діні Мауренахрдан асып, Ұлы далаға жетті. Мұны біз «исламның таралуы» деп айтамыз. Баба Түкті Шашты Әзіз – сол дәуірдегі тарихи тұлғаның бірегейі.
Шашты Әзіз туралы академик Қ.Сәтбаев 1927 жылы «Едіге» жырын бастыртса, М.Әуезов пен С.Мұқанов еңбектерінде ол туралы аңыздарға ерекше орын берілген. ­Ш.Уәлиханов, В.Жирмунский, ­А.Диваев жинаған материалдарда Шашты Әзіз әулие перінің қызынан туғаны жайында және өзі де пері қызына үйленгендігі туралы айтылады. Кей еңбектерде «Баба Туклас» болып жазылған. Әлі толық зерттелмеген дүние көп. Қаратаудың теріскей беткейінде Құмкентте оған халық орнатқан кесене бар. Батырлық жырларда ол жөнінде кеңінен айтылады.
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бетпақ шөлінде Таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен жасалған таңба» деседі. Қазақ – өз тарихын таңбалармен және ұрандармен жазған халық. Қазақтың тап-табының таңбалары бар. Шежіреде тайпалар «Ақжол ұранды», «Қаптағай ұранды», «Ойбас ұранды», «Алатау ұранды» делінеді. Ал таңбасына байланысты «Көз таңбалы», «Босаға таңбалы», «Көсеу таңбалы», «Ергенек таңбалы» болып бөлінетіні белгілі. Зерттеушілер атақты шежірелі таңбалы тас үш жүздің басын қосатын» дейді. Бірақ қазір ол тас желдің, судың әрекетінен үгітілген. Академик Қ.Сәтбаев «Жезқазған ауданының көне ескерткіштері» деген мақаласында «Таңбалы тасқа» ерекше көңіл бөлген. Бұл бүгінге дейін әлі дұрыс зерттелінбей келеді.
Қазақтың кең даласында осы сияқты киелі мекендер өте көп: Арыстан баб, Бекет ата, Сайрам, Сығанақ, Сарайшық, Отырар, Тараз, Созақ, Беғазы-Дәндібай, Батығай, Ботай, Бозоқ, Қоңыр әулие, т. б. Әрбір киелі орын – ұлт тарихының алтын көмбесіне бағыт сілтейтін темірқазық. Сол арқылы елдің тарихын, мәдени тұрмысын, наным-сенімді аңғарамыз. Бұл кешенді және терең зерттеуді талап етеді. Киелі мекендер – көне ұлт тарихының айнымас куәсі.

Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҚР ҰҒА академигі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button