Басты ақпаратҚоғам

Кітапхана да, кітапханашы да өзгеруі керек

Мыңдаған ғасыр бұрын алғашқы кітапха­на­шы­лар ер-азаматтар болған екен. Жазу тасқа қаша­лып жазылғандықтан, оны көтеріп жүру ерлерге тапсырылған деседі. Ал бүгінде атқарар жүгі ауыр мамандықтың тізгінін ұстап, тарих пен технологияны қатар алып жүрген азамат кім десек, Нұржан Жолдыбалиновты айтамыз. Алғашында кітапханаға уақытша бас сұққан жас маманның 10 жылдан астам еңбегі еленіп, ол былтыр «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.

– Нұржан, сіз «кітапхана­шы­лардың беделін көтергім ке­леді» деп жалпақ жұртқа жа­рияладыңыз. Мұны қандай жолмен жүзеге асыруға ниет­тісіз?
– Қоғамда кітапхана­шы­лар­дың мәртебесі, шынымен де, әлі ақсап тұр. Біріншіден, олар қаржы жағынан қағылып отыр. Ұлттық кітапханада жұмыс іс­тей­тіндердің жалақысы 56 мың теңгеден басталады. Қазіргі таңда қарапайым таксистердің өзі бұдан екі есе көп қаржы табады. Ал біліктілігі мен тәжірибесі бар кітапхана басшысының айлығы 150 мың теңгеден аспайды. Бұл жағдайды өзгертудің бір амалы кітапханашылардың жақсы имиджін қалыптастыру деп біле­мін.
Кітапханашылардың өзде­рі де өзгеруі керек. Жаңа технологиялардан хабары болуы тиіс. Алғашқы маман­дығым – бағдарламашы. Се­мей­дегі Шәкә­рім атындағы мемлекеттік уни­верситетінің IT факультетінде білім алдым. Атқарып жүрген жұмысымды тереңірек меңгеру үшін 2007 жылы Мәскеуде кітап­хана сала­сының курсын бітірдім. Енді Қазақ ұлттық өнер университетінің мәдениеттану мамандығы бойынша білім алуға ниеттімін.
Шетелді мысалға келтірсек, ол жақта кітапханашылар елге сыйлы, еңбегі елеулі. Кітапханашы ғылыммен айналысатын, бір емес, бірнеше тіл білетін маман деген түсінік қалыптасқан. Соған қарай, алатын жалақысы да жақсы. Меніңше, кітапханашы – оқыр­ман мен кітаптың арасын жалғап тұрған алтын көпір.
– Өзіңіз кітапханаға қалай кел­­діңіз? Алғаш рет қандай әсер алдыңыз?
– Кітапханаға келгенде небәрі 20 жасар маман едім. Жұмыс тә­жірибем жоқ. Не де болса, байқап көруге бел шештім. Ішіне кіргенде, мені жұмысқа алса, тегін істеуге дайынмын деген ой келді. Сол кезде орынбасар қызметіндегі марқұм Әлия Сәрсенбиноваға кіріп, IT маманы болғым келеді дедім. Ол кісі «Дәл қазір бос орын жоқ, ынтаңыз болса, кейін келіңіз» деп шығарып салды. Арада он күн өтпей хабарласып, жұмысқа шақырды. Сол жылы Ұлттық электронды кітапхананың жобасы басталды. БАҚ өкілдері мені «Ұлттық электронды кітапхананың авторы» деп жазып жүр. Кітаптарды сканерден алғаш болып өткізгенім рас. Алайда мұның артында талай адамның еңбегі жатыр, мен авторлардың бірімін.

– Жақында Атырауда «Кі­тап­­­ханадан ағарту орта­лық­тарына: жаңғырудың жаңа мүм­кіндіктері» атты форум­ға қатыстыңыз. Жиында кітап­тарды электронды нұсқаға кө­шіру мәселесі сөз болған екен. Кез келген туындыны элек­­тронды қорға енгізу үшін автор­дың рұқсаты керек. Оған қалам­герлеріміз қаншалықты дайын, келіс­сөздер қалай жүріп жатыр?
– Ақпараттық теңсіздікті тө­мендету жөніндегі мемле­кеттік бағдарлама аясында 2007 жылдан бастап Ұлттық электронды кітапхана құрылды. Бастапқыда қорымызда 3000 контент болған. Интернет желісі енді ғана дамып келе жатқан кезеңде ақын-жазушылардың арасында бас тартқандар болды. Көбі электронды кітапхана қағаз кітапты жойып жібереді деп қауіптенді. Сонда біз: «Баспада басылып шыққан кітабыңызды шектеулі ғана оқырман оқиды. Ал оны неге таратпасқа? Әлем оқи алатындай мүмкіндік бар» деп сендірдік. Қазіргі таңда қорда аудио-видео файлдар, газет-журналдағы материалдар, ғалымдардың еңбектері жинақталған 41 мыңнан астам контент бар. Онлайн режимде көріп, алғашқы 24 бетін көшіріп алу және толық мәтінді жүктеп алу мүмкіндігі бар. Мұның барлы­ғы да автордың келісімімен жасалады.
– Бір кітапты электронды нұс­қаға көшіру үшін қанша уақыт кетеді?
– Бұрындары бір кітапты бір жұма сканерлейтін едік. Ал қазір 500 бетті 30-40 минуттың ішінде жасап шығарамыз. Барлығы кітап мұқабасының қалыңдығына байланысты: егер қатты болса, тезірек жасалады. Сканерден өткізгеннен кейін кітапты өңдейміз: беттерді жарықтан түскен дақтардан та­зартып, салмағын азайтамыз. Библиографиялық жазба жасалғаннан соң, кітап қорға ен­гізіледі.
– Әріптестеріңізбен «Кітап­хана қарапайым міндетінен бөлек, ағарту орталығына айналса екен» деп күш жұмсап жүрсіздер. Бұл бағытта нақты қандай істер атқарылуда?
– Біздің кітапхана арқылы оқырман күллі әлемнің ақпа­раттық кеңістігіне шыға алады. Виртуалды анықтама кітапханаға келмей-ақ тапсырыс беруге мүмкіндік береді. Бүгінде бізде 1,5 млн кітап жинақталған, ал қордың жалпы сыйымдылығы – 2,5 млн контент. Жақында Ұлттық кітапхананың базасында 4-15 жасқа дейінгі балаларға арналған кітапхана ашылды. Оның ішіндегі арнайы технология залына LEGO Mindstorms конструкторын сатып алдық. Ал жақында «Болашақ» бағ­дарламасымен оқыған жастар қазақ тілін үйренуге арналған бөлім ашсақ деп келді. Жуырда келушілерге жария етпекпіз. Жалпы, Ұлттық кітапханада жы­лына мыңға жуық шара ұйым­дастырылады.
– Осының барлығын оқыр­ман үшін жасайсыздар. Қазіргі таңда оқырмандарыңыздың қатары көп пе?
– Ұлттық кітапхананың 119313 оқырманы бар. Олардың 78000 мыңы порталға онлайн кіреді.
Біздің салаға «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасын енгізсе екен деймін. Соның арқасында жаңа бір деңгейге шығуға болады. Мен кітапханада мобильді мамандарды көргім келеді. Оқырман кітапханаға келе алмаса, неге кітаптың көшірмесін үйіне апарып бермеске? Электронды кітап қағаз кітапқа көмекке келді. Түпнұсқа жоға­лып кетсе, қайтадан басып шығара аламыз.
– «100 жаңа есім» жеңімпазы атанған соң, ҚР Премьер-ми­нистрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев сіздермен кездесті. Басқосуда қандай мәселе қоз­ғалды?
– Ұлттық электронды кітап­хана қорын PDF-тен EPUB форматына көшіруді көздеп отырмыз. Осылайша, мобиль­ді қосымшамызды оқу ыңғай­лырақ болмақ. Порталда кітап­тарды кириллицадан латын қарпіне конвертациялау технологиясын енгізсек дейміз. Әліпби 2025 жылы толықтай латынға көшкенде, болашақ ұрпақ асыл мұрамызды екі қаріп түрінде де оқи алады. Электронды оқу билетін жасасақ, ғылым соңында жүргендер республикадағы кез келген кітапханаларда емін-еркін ақпарат ала алады. Ал қазір қайсысына бармаса да, жеке кітапша жасатады. 21 ғасырда оның не қажеті бар? Әр адамда ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) бірегей коды бар. Сол арқылы керек оқулықтарды алатындай жасау керек. Одан бөлек, электронды абонемент жасау, республика бойынша бірыңғай кітапхана базасын жасау ойда бар.

Сұхбаттасқан
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button