Мәдениет

Көненің күмбірі естілді

Бас қаламызда Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында «Өртөлғау» концерті өтті. Шараға «Қорқыт» этно-ансамблі, «Alem» эстрадалық би ансамблі, мультиаспапшы Еділ Құсайынов және «Turan» фольклор­лық-этнографиялық ансамблі қатысты.

[smartslider3 slider=2943]

Филармонияның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамованың айтуынша, «Өртолғау» концерті дәстүрлі музыканы заманауи қойылым және бимен әрлендіреді.

«Turan» ансамблі, Қазақстаннан басқа, Ресей, Франция, Израиль, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Әзербайжан, Испания, Норвегия және т. б. әлемнің 70 елінде 600-ден астам концерт берген. Алдағы уақытта Түркия еліне гастрольдік сапарын бастайды. Ансамбльдің құрылғанына 14 жыл болған.

– Осыдан 14 жыл бұрын Қазақ­станда дәстүрлі өнерді ілгері­лету қиын болатын. Себебі концерттерге тек 10-20 адам келетін. Қазіргі таңда тек музыка жазып қана қоймай, сонымен қатар, қазақ өнерін түрлі елде насихаттап келеміз. Ал бұл концертке келген көрермендердің арасында жастардың көп екенін байқап, қуанып отырмыз, – деді ансамбль мүшесі Серік Нұрмолдаев.

«Қорқыт» этно-ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек ұжымның мақсаты дәстүрлі музыканы дәріптеу екенін атады.

– «Қорқыт» этно-ансамблі қазақтың барлық халық аспаптарында (қобыз, қылқобыз, нарқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, жетіген, шертер, дауылпаз, сазсырнай, бас домбыра, сыбызғы, су ағаш, тоқылдақ және т. б.) ойнайтын талантты музыканттарды біріктіреді. Музыканттар бірнеше аспапты, сондай-ақ көмеймен ән айтудың сирек техникасын меңгерген. Ұжым репертуарының негізін авторлық өңдеудегі күй, терме, жыр құрайды. Олардың арасында «Астана-Бәйтерек», «Балалық шақ досы», «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» және Б.Момыш­ұлының 100 жылдығына арналған «Елдің ері – Бауыржан!» туындылары бар.

Жиналған көрермен өнерпаздарға сүйсініп, ерекше қошемет көрсетті. Халық музыка өнерінің нағыз мерекесіне айналған ­бірегей концерттің соңы айрықша қуанышқа айналды.

Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button