Денсаулық

Коронавируспен күресте не пайдалы?

Қазіргі таңда пандемия баршаны әбігерге салып отыр, десек те бұл өткінші, сондықтан індетке мойымай, барынша күресуіміз қажет. Ол үшін қамал алудың қажеті жоқ, санитарлық талаптарға бағынып, иммунитеттің әлсіреуіне жол бермесек болғаны. Індетке іліккендердің көбі иммунитеттің мықтылығының арқасында алғашқы кезеңінде ауруды жеңіп, сауығып кетеді. COVID-19-бен күресте ненің пайдасы мол? «Спирт және арақтың буымен дем алу керек» деген ақпарат рас па? Витаминдерді қабылдаудың реті қалай?

COVID-2019 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз әбден мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан келесі адамға жөтелгенде не түшкіргенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Бұл тамшылар кез келген заттарға қонады. Ол заттарды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе ауруды жұқтырады. Әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Вирусты өлтіру және олардың адамға жұғуына жол бермеу үшін қарапайым дезинфекциялаушы заттарды қолданған абзал. Құнарлы, ақуыздарға, дәрумендерге және минералды заттарға бай тағамдарды тұтынып, иммунитетіңізді нығайтыңыз, салауатты өмір салтын ұстаныңыз.

Суды сүйікті сусынға айналдырыңыз

Атап айтқанда, витрум, полижен, аскорбин қышқылын дәрігердің рұқсатымен қабылдаса болады. 35 жастан асқан, асқазан-ішек ауруларымен ауырмайтын жандарға кешкі астан кейін 75 мг кардиомагнил ішсе оң әсерін береді. Ал жүкті әйелдерге прегнавит қабылдаса болады. Балық майының да пайдасы бар. Балалар барынша дұрыс тамақтанып, таза ауада жиі серуендеген жөн. Айта кетерлігі, витаминдердің бірден бірнешеуін ішкен дұрыс емес. Біреуін дәрігердің кеңесімен алып, нұсқаулық бойынша ішу керек. Араға бір ай салып қана келесі түрін қабылдаса болады. Қарақат, таңқурай қосылған шайдың да иммунитетті көтеріп, суық тиюден сақтайтын қасиеті бар. Дегенмен дәл қазіргі уақытта суды ең сүйікті сусынға айналдыру қажет. Жылы, таза ауыз суды міндетті түрде күніне 2 литрге дейін ішу қажет.

Тұзды судың пайдасы

Мұрын бітеліп, тамақ жыбырласа, жылы, тұзды сумен күніне 4-5 рет мұрын, ауыз қуысын, тамақты шаюға болады. Тек күйіп қалудан сақтаныңыздар. Ал балалар үшін тұзды судың орнын аквамарис алмастыра алады.
Сондай-ақ мұрын бітелгенде қолданатын арнайы жақпа майлар бар. Оларды күніне 5-6 рет иіскеп тұрса оң әсерін береді. Жақпа майларды мұрынға жақындатуға болмайды, иіскеу жеткілікті.

Спиртті қолданғанда сақ болыңыз

Қазіргі таңда спирт, арақтың коронавирус, пневмониямен күресте көмегі бар деп ойлайтын тұрғындар көп. Әлеуметтік желілерде «науқастар спирт және арақтың буымен дем алу керек» деген ақпарат таралып жатыр. Ол – жаңсақ пікір, жалған ақпарат. Егер біраз уақыт спиртке малынған бетперде я дәкемен бетті тұмшалайтын болса, ол ауыз қуысы, мұрынға, көру қабілетіне өте зиян. Мұны тұрғындар ескеру қажет.
Сондай-ақ қолды антисептикпен өңдеу барысында қол терісі құрғап кетеді. Ондайда күніне бірнеше рет қолға арналған крем жағып, теріні ылғалдандырған абзал.

Әлия КУСЕМБАЕВА,
екінші санатты
анестезиолог-реаниматолог

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button