Қала мен СалаҚала тіршілігі

КӨШЕСІ ТАЗАНЫҢ – КӨҢІЛІ ТАЗА

IMG_7956

Елордалықтар енді тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинайтын болды. Биылғы 1 наурыздан бастап жүзеге асырыла бастаған қанатқақты жоба тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, «жасыл экономикаға» бейімдейтін болады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек-бөлек жинау жөніндегі пилоттық жобаны Астана қаласының әкімдігі, «Астана Тазарту» ЖШС және «Эфес Қазақстан» ЖК АҚ бірігіп жүзеге асырып отыр. Жоба шеңберіңде 1 наурыздан бастап 36 тұрғын үй мен 17 ПИК аумағында қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды.

Көшесі тазаның – көңілі таза. Ал көшенің тазалығы қоқысты шашпай-төкпей, арнайы жәшіктерге салудан басталады.  Қоршаған ортаның экологиялық тазалығын арттыру мақсатында қолға алынған жоба бойынша Астана аулаларына қызыл, жасыл, сары және көк түсті төрт контейнерлер орнатылды. Олардың бетіне жазылған жазуға қарап, қандай қалдыққа арналғанын білуге болады. Мұнда  шыны, органика, пластик бұйымдар мен қағаздар  жеке-жеке салынуы тиіс. Астана қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары  Мирас Гайсиннің айтуынша, бүгінде қала аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған 160 арнайы түрлі-түсті контейнер орнатылып отыр. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаумен «Астана Тазарту» ЖШС  айналысады.  Жиналған қоқыстардың кәдеге жарайтындары қайталама шикізат дайындау үшін қоқысты өңдеу зауытына жөнелтілсе, іске аспайтыны бірден қала сыртындағы полигонға жіберіліп, жойылады.

Бұған қоса,  елордада былтырғы қараша айынан бері жер үйлерде тұратын тұрғындар үшін күлсалғыш жәшіктер де пайда болды. «Астана Тазарту» ЖШС бас директоры Иван Лавриненконың айтуынша, бұрын қоқыс контейнерлеріне төгіліп жүрген көмірдің күлі кейде оттың тұтану қаупін туғызған.  Ал қазір күлге арналған жеке жәшіктің пайда болуы бұл қауіпті сейілткен көрінеді.

 Күл шығару жобасы іске асырылғалы қалада 75 контейнер орнатылып, 600 тоннадан астам күл полигонға шығарылған. Бүгінде күл – салғыш жәшіктер қаланың Шұбар, Көктал, Лесозавод, Үркер сынды  жер үйлер шоғырланған аумақтарға орнатылған.

Сондай-ақ қаланың бірнеше сау­да орталықтарында істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс  қойылған.

Жалпы тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы жәшіктер орнату тәжірибесі елордада 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Айталық, бүгінде жарық диодты шамдарға арналған сарғыш түсті жәшіктерге жұртшылықтың көзі үйреніп қалды.  Улы жарықшамдарды сол жәшіктерге тастауды елордалықтар әдетке айналдырған көрінеді. Соның бір көрінісі, соңғы бір жарым жылдың ішінде жәшіктерге тасталған миллионнан астам диодты шам кәдеге жаратылған екен.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button