Қала мен Сала

Креатив индустрияны дамытуға көмектеседі

Кеше Астанада мәдениет және креатив саланың ұлттық экономикадағы рөлі, мәдени индустриядағы жаңа бизнес-бастамалар мен оны инвестиция салуға тартымды қылудың жолдарын кеңінен талқылаған Креативті Орталық Азия (Сreative Central Asia) форумы өтті. Қазақстандағы Британ Кеңесінің ұйымдастыруымен, Астана қаласы әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен форумға Орта Азия мемлекеттерінен және Ұлыбританиядан сексенге жуық мәдени, креатив сала өкілі қатысып, өз тәжірибелерін ортаға салды.

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин: «ЭКСПО-2017» секілді дүниежүзілік деңгейдегі ауқымдағы шараларды ұйымдастырылуы Астанада креатив индустрияны дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Біз былтыр қаланың тұрақты дамуының жаңа моделін қабылдадық. Адам капиталының жаңа қырларын және жаппай кәсіпкерлікті негізге ала отырып, он басты бағыт іріктеліп алынды. Соның біреуі – креатив индустрия. Бізде Астанада сән, театр апталығы, түрлі халықаралық деңгейдегі өнер конкурстары мен мәдени мега-шаралар, сәулет жобаларын талқылау жиі өткізіліп тұрады. Келесі жылы халықаралық IT-хаб жұмысын бастайды. Сондықтан креатив индустрияны дамыту қаланың инвестициялық тартымдылығына қалай әсер ететінін білу және қалада креативті орта қалыптастыру бойынша озық тәжірибелерді үйрену біз үшін маңызды» деді.
Аталмыш форум барысында Ұлыбританиядан келген мәдени саясат және креатив индустрияның тәжірибелі мамандары өз көзқарастарымен бөлісті. Себебі Ұлыбритания – креатив индустрия бойынша соңғы 20 жылда таңғаларлық жетістіктерге жеткен ел. Тарата айтсақ, 1997 жылы билікке келген Тони Блэр бастаған лейборис­тер үкіметі 1994 жылғы, Австралия үкіметі жариялаған «Креативті ұлт» (Creative Nation) зерттеуін негізге алып әрі түрлі креатив секторда кәсіп қылып жүрген жандармен кеңесе отырып, осынау ауқымды индустрия­ның Британия экономикасындағы маңызына баға беруді қолға алған болатын. Соның негізінде, 1998 жылы Ақпарат, мәдениет және спорт министрлігі «Креатив индустрияның картасы» деген заңдық күші бар құжат қабылдады. Ол жерде креатив индустрияның 13 бағыты (сәулет, қолданбалы-сәндік өнер, дизайнер, сән индустриясы, баспа ісі, интереактивті ойын жасау (компьютерлік ойын), орындаушылық өнер, кино, музыка, компьютерлік бағдарлама жасау, жарнама, өнер туындысы және антиквариат нарығы, телевизия және радио-ред) біріктірілді. Соңғы шыққан ресми мәліметтерге сенсек, креатив индустрияның Ұлыбритания экономикасындағы бір жылдық үлесі 84,1 млрд фунт стерлингті құрайды. Сала 2014 жылдан бері 8,9% өсім көрсетіп отыр.

Лондон мэрінің мәдени саясат жөніндегі кеңесші Джон Ньюбигин мен «Ingenious Group» инвестициялық компаниясының кеңесшісі, доктор Мартин Смит арасындағы панельдік пікірталастан ұққанымыз – креатив индустрияда қызмет ететін шағын және орта бизнес жаңа экономикалық құрылымда айрықша рөлге ие. Өйткені жасанды интеллект пен робототехника өнеркәсіп атаулыны автоматизациялап жатқан «Төртінші индустриалдық төңкеріс» заманында әлемдегі еңбек нарығы түбірінен өзгереді. Оксфорд университеті ғалымдарының зерттеуінше, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың жартысына жуығы қажет болмай қалады. Сондықтан 21-ғасырдағы экономиканың өсімі айналып келгенде шығармашылықты, зияткерлік меншікті қорғауға келіп тіреледі. Форум барысында шетелдік мамандар үздік тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, қырғыз қызы Наргиза Құлатаева Бішкектегі қаңырап қалған медициналық құрылғы зауытын лофт- стильден шығармашылық үйіне қалай айналдырғандарын айтып берді. Ал оның әріптесі, Лондонның Ислингтон аймағында Жоғары шығармашылық өнімділік паркінің (High House Production Park) негізін қалаған Андреа Старк түрлі шығармашылық ұжымды бір шаңырақтың астына жинаған осынау орталық Лондонның ылғи өндіріс орны шоғырланған, кедей-кепшік тұратын, жадау ауданының тіршілігіне қалайша қан жүгірткенін әсерлі жеткізді. Форум екі күнге созылды. Британ кеңесінің Қазақстандағы өкілдік жетекшісі Джим Буттеридің айтуынша, аталмыш шара Ұлыбританияның өз тәжірибесімен бөлісіп, шикізатқа тәуелді Қазақстан экономикасында креатив индустрияның алғышарттарын қалыптастыруға көмек беру ниетімен ұйымдастырылып отыр.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button