Басты ақпаратМәдениет

Күллі әлем қол соқты

Елордадағы «Астана Арена» спорт кешенінде халқымызды дүйім елге танытып жүрген дарынды әнші Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке концерті өтті.

Бұдан екі жыл бұрын аталған спорт сарайында Димаштың «Бастау» деген ән кеші өткен болатын. Ендігі өнер кешін жас әнші «Арнау» деп атапты. Осы бір үйлесім тапқан атауларда терең мағына бар деп ойлаймын.
Күллі әлем көз тіккен керемет кешке талантты жастың жерлес­тері ғана емес, әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман келді. Оның ішінде қазақ жерінен шалғай жатқан АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Африка, Египет, Израиль және Марокко секілді мемлекеттердің тұрғындары бар. Бір ғана Польша елінен ат терлетіп 20-ға жуық адам келген. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі Димашқа қазақ елі атынан «Туризм елшісі» деген мәртебелі атақ берді. Бұл бекер емес. Шынында да, қазір Димаш арқылы жалпақ әлем Қазақстанды жаңа бір қырынан таныды. Осындайда көрнекті сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Қай халықтың болса да мәдениетін, көркем сөзін жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді» деген ғибратты сөзі ойымызға оралды.
Кеш шымылдығын әнші «Gol­den Intro» сиқырлы сазға толы әнімен ашты. Артынша «Аққуым» әнін орындап, тыңдармандардың жүрегін елжіретті. Мәдени шараның басында Димаш концертке келген қауымға ризашылығын білдірді.
– Әркімнің өз бақыт өлшемі бар. Менің бақытым – халқым мен сахна. Менің әндерім сіздердің жүректеріңізге жетіп жатса, арманымның орындалғаны деп білемін. Мені сыйлап, өнерімді бағалап келгендеріңіз үшін алғысымды айтамын, – деді ол.
Әнші былтыр көгімізден құйрықты жұлдыздай ағып өткен саңлақ спортшы, досы Денис Тенге ән арнап, көпшіліктің көзіне жас алдырды. Ол мәнерлеп сырғанау­дан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері өнер көрсеткен SOS d’un terrien en détresse композициясын орындап, концертке қонақ ретінде қатысып отырған Денистің ата-­анасына алғысын жеткізді.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Денис екеуміз елімізде өтетін келесі ән кешімде дуэт айтамыз деп жоспарлаған едік. Бірақ… Алланың жазғанына амал жоқ. Денис нағыз тума талант болды. Аз ғана ғұмырында үлкен жетістікке жетіп, қазақ мемлекетінің туын биікке көтеріп кетті. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Оның есімі ел тарихында қалады, – деді Димаш.
Жас талант сыртта жүрсе де, ел өмірінде болып жатқан жаңалықтармен жақын таныс екендігін де жасырмады.
– Жуырда Арыста болған оқиға маған да қатты батты. Тіпті осындай қысылтаяң кезде концерт беру ыңғайсыздау көрінді. Солай айтқандар да кездесті. Алайда шетелден шақырылып қойған қонақтар бар. Соларды да ескердік. Сондықтан Арысқа көмек ретінде осы концерттен түскен қаражаттың бір бөлігін аударамын. Бұл сіздердің де көмектеріңіз боп саналады, – деді.
Кешке ресейлік композитор Игорь Крутой қатысып, Димаш­тың өнердегі жолына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Димаш жеке кон­цертінде көрерменнің жүрегінен орын тапқан туындылардан бөлек, ыстығы суып үлгермеген жаңа альбомынан бес ән шырқап, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды. Қазақтың қара домбырасын да күмбірлетті.
Жер жүзіндегі әншінің бар жан­күйерлері көз салған концерттің ойдағыдай өтуіне 500-ден аса кәсіби маман тартылып, 1000-ға жуық жарық құрылғылары қолданылған. Қазақша айтқанда, «төрт құбыласы түгел» мұндай өнер кешінде Димаш Құдайберген халқымызды әлемге тағы бір танытып, мойындатты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button