Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл

Күн көтерген құс

Қазақтың көк байрағы – Қазақ­стан Республикасының Мемлекеттік туындағы алтын күн астында қанатын керген қыран құс қазақстандықтардың жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің кеңдігі мен арман-мұратының биіктігін танытады. Ол – еркіндіктің қыраны, халқымыздың өр рухының, мұқалмас мұраты мен айнымас сертінің де нышаны.

[smartslider3 slider=3156]

Көк туымызға көз суарған сайын есіме ежелгі әлемнің «Күн көтерген құс» туралы ескі аңызы жиі айналып түсе береді. Еуразияның ең алғашқы тұрғындары арасында күнді құс көтеріп құшады немесе күн құсы туралы аңыздың кең тарағанын салыстырмалы мифология мен археологиялық зерттеулердің жетістігі көрсетеді, тіпті мұндай түсініктің елесін мұхиттың арғы жағындағы Америка құрлығын мекен еткен үндістердің қария аңыз­дарынан да байқаймыз. Бір қызығы, қаймағы бұзылмай жеткен ескі аңыздар мен археологиялық ескерткіштерде күнді көтеріп ұшатын құс ретінде кәдімгі құзғын аталады. Тіліміздегі құзғын сөзі «құс» және «күн» деген екі сөзден бірігіп жасалуы мүмкін екенін ескерсек, тілдік деректердің өміршеңдігіне таңдай қақпай тұра алмаймыз. Қазақтың ескіден жеткен қара өлеңдерінің бірінде «Арбадай көк дегенде арбадай көк, арба тастан күн шығар қарғадай боп» деп келетін жолдар кездеседі, мұны ұйқас үшін айтылған сөз тізбесі емес, арғы бабалардың «күн құсы» туралы киелі түсінігінің фольклорлық мұралар бойында сары майдай сақталған жұрнағы деп білеміз. Тіліміздегі «күн ұясынан шықты» немесе «күн ұясына отырды» деген тұрақты тіркестерден де «күн құсының» ізін байқаймыз.

Ежелгі дүниеде кең етек жайған «Күн көтерген құс» туралы мифологиялық түсініктің бір көрінісі ретінде б. з. д. жетінші және үшінші мыңжылдықтар аралығында өркендеген, неолит кезеңіне жататын Яншао мәдениетіне тән ежелгі қоныстың бірінен табылған қыш ыдыстың бүйіріндегі символиканы айтуға болады.

«Күн көтерген құс» бейнесінің заманның озуы мен ойдың дамуы нәтижесінде еуразиялық кеңістікте, мысалы, сақтарда самұрық, түркілерде алып қара құс сияқты мифологиялық түсініктермен алмасқаны байқалады. Символикалық мәнге бай осы мифологиялық бейнені ғұндардың алтын тәжінен, көк түріктің көсемі – Күлтегіннің мүсінінен, Алтын орданың рәміздерінен де көреміз.

Жер бетіне шуағын шашқан алтын күнді арқалап, көк жүзінде сырғып бара жатқан күн құсы еркіндік пен ерліктің, ізгілік пен мәңгі өмірдің нышаны, жасампаз ойдың жемісі еді. Ендеше Мемлекеттік рәміздердегі символика мен элементтер тамыры терең тарихымызды мұқият зерделеудің қажеттігін де еске салады.

Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз! Өйткені еркіндік қыраны мәңгілік елімізді кемел келешекке бастай береріне сенеміз!

Ерлан МАЗАН

 

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button