Қала мен СалаМәдениет

МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ

Нелли Шиврина

Елорданың мәдениет саласында есімі құрметпен аталатын жандардың бірі – Қазіргі заманғы өнер музейінің директоры Нелли Шиврина. Әр сөзінен білімділігі аңғарылып тұратын оның бір басындағы жетістіктері де баршылық. Ол – ҚР Көркемөнер академиясының академигі, еліміздің және Польша Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Шапағат», «Қазақстан Республикасының 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы» медальдарының иегері.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

1998 жылы қалада 2 облыстық театр, 3 об­лыстық мұражай (Бейнелеу өнері мұражайы, С.Сейфуллин мұражайы, тарихи-өлкетану мұражайы), 1 кинотеатр («Октябрь»), мәдени және демалыс орталығы, 3 мәдениет сарайы, облыстық кинобейнепрокат студия­сы, филармония, 19 қалалық және 1 облыстық кітапхана (С.Сейфуллин атындағы) болды. Барлық мәдени нысандар желісі 32 бірлікті құрады. Мәдениет саласының қар­қынды дамуы астана ауысқан сәттен басталды. Қазіргі уа­қытта Астанада 69 мәдени мекеме, 5 сарай, концерт залдары, 7 мұражай, 24 кітапхана, 1 цирк, 6 кино­театр, 4 жекеменшік көр­­кемдік галереясы, 7 мәдениет және демалыс орталығы жұмыс істейді.

Нелли Викторовна 15 жыл бойы басқарған Астананың қазіргі заманғы өнер музейі – елорда­лық өнерсүйер қауымның жиі баратын орны. Мұнда еліміздің ғана емес, шетелдік белгілі суретшілердің көрмесі ұдайы өтіп тұрады. Бұл ұжымның әр шарасына асқан жа­уапкершілікпен қарап, ыждаһатты дайындалатынын білетін біздер де олардың бейнелеу өнерін дәріп­теу­ге арналған кештерінен қалмауға тырысатын едік.

Нелли Шивринаның ұлты – неміс. Алайда, қазақ халқына деген құрметі айрықша. Бұл музей ұжымының Наурыз мерекесін қалт жібергенін көрген емеспіз. Жыл сайын осы ха­лықтық мейрамда өнер ордасынан бауырсақ тара­тылып, шашу шашылып, тұсаукесерге дейін өткізіліп жататынына куәміз. Бейнелеу өнері туралы білмейтіні жоқ Нелли Шиврина қазақтың ұлттық салт-дәстүріне келгенде де ешкімді алдына сала бермейді.

Ол 1955 жылы Ресейдің Волчанск қаласында дүниеге келген. Бірақ, сәби кезінен Қазақстанда тұрып келеді. 1979 жылы Целиноград мем­лекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Целиноград облысы Шортанды ауданына қарасты мектептердің бірінде мұғалім болып бастайды. Кейін оқуды бітіргеннен кейін Целиноград облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкері, әртүрлі тұрғындар то­бының арасында өлкенің тарихы, этнографиясы және археология бойынша лектор болған. 1992 жылдан Ақмола облыстық әкім­­шілігінің ішкі саясат бөлімінің өнер және спорт мәселелері бойынша бас маманы. 1999 жылдан бері Қазіргі заманғы өнер музейін басқарып келеді. Бейнелеу өнері мен кәсіби суретшілер туралы талай мақаланың авторы атанған Нелли Шиврина кітапты, соның ішінде суретшілер әлемі туралы зерттеулерді, ғылыми еңбектерді оқығанды жақсы көреді. «Өз басым Ақмола өңіріндегі кәсіби сурет­шілердің туындыларымен 1974 жылдан бері таныспын. Біздің музей – осы өңірдегі ба­йыр­ғы өнер ошақтарының бірі. Алғашында Ақмола облыстық бейнелеу өнері музейі болған. 1980 жыл­дың қазан айында тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығына орай ашылды. Музейдің ең алғашқы 500 жәдігері сол кезде Алматыда өткен «Жер және адамдар» атты бүкілодақтық көрмеге қойылған туындылар еді. Бүгінге дейін музей қорындағы туындылардың саны 4 мыңға жеткен болатын. Соның ішіндегі ең көнесі – ХVІІІ ғасырдың жәдігері» дейді Нелли Викторовна. Әрине, жаңадан ашылған музейді аяғынан тұрғызу, оның әр туындысын жинақтаудың қиындығын осында ұзақ жылдан қызмет етіп келе жатқан Нелли Шиврина бастаған ұжым ғана біледі.

Қазіргі заманғы өнер музейі бүгінде шынымен де нағыз өнер ошағына ай­налған еді. Мұнда тұ­рақты және жыл­жымалы көрмелер ғана емес, 4-10 жастағы балаларға арналған «Түрлі-түсті әліппе» мек­теп студиясы да жұмыс істейтін. Онда балдырғандар сурет салумен айналысып, өнердің әдемі әлеміне сүңгитін. Музей қызметкерлері де өз саласының мамандары. Әр көрме туралы са­уатты экскурсиялар өткізіп, бейнелеу өне­рінің негіздері, тарихы, теориясы, сурет­ші­­лердің шығармашылығы туралы дәрістер оқу­ды дәстүрге айналдырған.

Музей тілі енді шыққан бал­дыр­ғандардан тартып, естияр жет­кіншектерді де бейнелеу өнеріне тарта білді. Мұнда «Менің әлемім», «Абай мен Пушкинді оқу», «Астана – жасыл қала», «Кел, балалар, оқылық!» сынды түрлі кон­курстар да өткі­зіліп келді. Музей қабыр­ға­сын­да әлемдік беделі бар өнер­­паздардың шеберлік дәрістері де ұйымдастырылып тұра­тын.

Талай адам осында жұмырт­қа­ға сурет салу өнерін, пейзаж, портрет салуды меңгерді. Жыл сайын музейде 1 мыңға жуық іс-шаралар өтетін. Ал оған қатысу­шылардың саны – 70 мыңнан асады.

Міне, кішкентай музейді қаланың қа­дірлі өнер мекеніне айналдырған Нелли Шивринаның еңбегі елорда үшін ерен. Қазақстанның бейнелеу өнері саласын дамытуға үлес қосып жүрген Нелли Вик­торовнаның еңбегіне табыс тілейміз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button