Жаңалықтар

Махамбеттің күй мұрасы

«Астана» концерт залында елордалық филармония қазақ оркестрінің жаңа ХХIII концерттік маусымы ақын, батыр, күйші Махамбет Өтемісұлының 215 жылдығына арналған «Қайран, Нарын» күй кешімен ашылды.

Қару мен қаламға қоса домбыраны өміріне серік еткен Махамбеттің осы күндері оннан астам күйі белгілі. Оның күйшілігіне алғаш рет академик Ахмет Жұбанов назар аударды. Кейіннен Тмат Мерғалиев, Қаршыға Ахмедияров күйлерінің ерекшеліктеріне үңіліп, насихаттады. Жаңа ғасыр басында, батырдың 200 жылдығы қарсаңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов пен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов күйлерін оркестрге өңдеп түсірді.
Әр күйдің өзінің шығу тарихы бар. Мәселен, «Қиыл қырғыны» күйі 1838 жылы Исатай мен Махамбеттің Орынбор губернаторы, полковник Гекке бастаған, оған барып қосылған Баймағамбет сұлтан әскерімен шайқасы сипатталады. Сол сияқты «Қайран, Нарын», «Шілтерлі терезе», «Жайық асу», «Жорықта», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Жұмыр қылыш», «Өкініш», «Арысымнан айы­рылдым», «Мен, мен едім, мен едім» күйлері әртүрлі көңіл күйге жетелейді.
Құрманғазының «Кішкентай» күйі де Исатай мен Махамбет көтерілісіне арналғаны белгілі. Әйгілі күйші, ком­позитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің тың­даған адам­ға рух беретін «Махамбет» атты атақты шығармасы да бар. Кеште Махамбеттің күй­лерімен қатар жоғарыда аталған туындылар және қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмай», оркестр дирижері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің «Қызғыш құс» күйлері төгілді. Махамбеттің өмірінен көріністер қойылды. Соның ішінде Құрманғазыға бата беруі әсерлі шықты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button