Басты ақпаратМәдениет

Майраның әні

Жақында «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы орыс­тың атақты композиторы Петр Чайковскийдің 180 жылдық мерейтойына орай «Адам жаны мен музыка үндестігі» атты жеке концертін берді.

Талантты опера әншісі Чайковскийдің шығармашылығымен бала күнінен таныс болған. Әкесі оған сол кезде ұлы композитордың туындылары жазылған күйтабақты сатып алып беріп, алғаш «Аққу көлі» балетін тыңдатады. Сондағы алған әсері әншінің есінен әлі күнге дейін кетпейді. Кейін атақты адамның шығармаларымен тағы бір жолығудың сәті түсті. 21 жасқа толған туған күніне оған жақындары П.Чайковский мен С.Рахманиновтың күйтабағын сыйға тартады, онда белгілі опера әншісі Елена Образцованың орындауындағы романстар жазылған еді.
«Осы әуендерді күні-түні бас алмай тыңдап, шығармадағы кейіпкерлермен бірге мұңайдым. Оны опера әншісі тыңдарманға сондай нәзік жеткізе білді. Содан кейін менде де орыс музыкасын орындаймын деген арман пайда болды» деп өз естелігімен бөліседі әнші.
Арман адамды алға жетелейтіні рас. Майра Мұхамедқызына 1998 жылы Мәскеуде өткен П.Чайковский атындағы байқауға қатысуға мүмкіндік туды. Әлемнің дүлдүл өнерпаздары жиналған өнер бәйгесінде ол оза шабуға барын салады. Орындаушылық шеберлігін шыңдай түсу үшін белгілі пианист Важа Чачавамен бірге жұмыс істеп, оған қазақстандық пианист Теміржан Ержанов та қолдау көрсетті. Алайда өнер додасында әнші үшінші орынға ие болып, М.Давыдов атындағы арнайы дипломмен марапатталды. Үшінші орын алып қалғанға ептеп мұңайып қалған әншіге музыка саласының кәсіби мамандары: «Бұл байқауда үшінші орынға қол жеткізгендердің өзі әлемге әйгілі әншілер болатын, енді сіз де солардың қатарындасыз» деп көңілін жұбатады. Шынында, талантты тұлға жылдар өте келе бұл жүлденің өзі бір белес екендігін түсінді. Бұл жеңіс дарынды солистің жер жүзіндегі танымал театрлардың сахнасына шығуға жол ашты. Әсіресе оның ішінде Францияның гранд-опера театрында ән шырқап, қазақ өнерін бір биікке көтерді. Кейін әншінің жеке концерті Бейжің, Гонконг, Лондон, Ыстанбұл, Дели, Сеул, Мәскеу, Санкт-Петербор, Будапешт секілді әлемнің әсем шаһарларында жалғасты.
«Астана Операда» өткен кеште театрдың жетекші солисі П.Чайковскийдің «То было раннею весной…», «Колыбельная песня», «Ты куда летишь, как птица…» атты танымал романстары мен басқа да шығармаларын асқан шеберлікпен орындады. Сондай-ақ Майра Мұхамедқызы С.Рахманиновтың сырлы сазға толы романстарын да көрермендерге көркем жеткізе білді. Әсіресе А.Пушкиннің өлеңіне жазылған «Не пой, красавица, при мне…», Ф.Тютчевтің сөзіне жазылған «Сумерки», К.Бальмонттың сөзіне жазылған «Ветер перелетный» туындыларын тыңдармандар ұйып тыңдады. Кеш соңында жұртшылық әншімен бірге фортепиано партиясында ойнаған Мәдениет қайраткері Елена Сахноға да қол шапалақтап, ізгі ілтипат көрсетті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button