Қала мен Сала

«Мәңгілік ел» – ұрпақ қазынасы

Бүгінгі таңда Қазақ елінің тәжі hәм жүрегі – Астана болса, ал оның айшықты нысаны – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы деп толық атай аламыз. Елордаға тағылымды тәрбие мен айрықша көрік беріп тұрған ескерткіштің дәуірнамалық сипаты ерекше, тарихи тамыры терең, түпкі идеясы мен философиясы ауқымды.
«Мәңгілік ел» құбылысы – бағзы заманнан, ғасырлар тұң­ғиығынан, ұлы тілектен, даналық жаратылысынан, кемеңгерлік толғамдарынан туған мейлінше киелі, қасиетті ұғым.

screenshot_2016-10-10-18-21-15

Олай деуімізге нақты дәйек те бар. Тари­хымыздың түп басында түрған Күлтегін жазуында «Түрк халқы жойылмасын, Ел болсын» деген тағылымдық сөздерге пайымдап көз жіберсеңіз, бүгінгі мәң­гі ел болудың қағидаттары содан бастау алады.

«Мәңгілік ел» құбылысы – бағзы заманнан, ғасырлар тұңғиығынан, баhадүр бабаларымыздың кемел келе­шегінен, көреген көзқарасынан, бай­тақ дүниетанымынан, ұлы тілегінен, даналық жаратылысынан, кемеңгерлік толғамдарынан туған мейлінше киелі, қасиетті ұғым. Олай деуімізге нақты дәйек те бар. Тарихымыздың түп басында тұрған Күлтегін жазуында «Түрк халқы жойылмасын, Ел болсын» деген тағылымдық сөздерге пайымдап көз жіберсеңіз, бүгінгі мәңгі ел болудың қағидаттары содан бастау алады.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойында Астанада анадайдан көз тартып, қалаға ерекше көрік беріп тұрған «Мәңгілік ел» қақпасы ашылды. Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысты. Сонда Мемлекет басшысы: «Қазақта табалдырықтан биік тау жоқ» деген сөз бар, мінекей біздің 20 жылда өткен жетістігіміздің белгісі ретінде осы қақпадан аттап, келесі мыңжылдыққа қадам басатын табалдырығымыз ретінде «Мәңгілік Ел» қақпасын орнаттық. Біз бұл тамаша Жасампаздық қақпасын біздің еңбегіміздің, біздің табыстарымыздың белгісі ретінде, болашаққа өтудегі белгіміз ретінде тұрғыздық. Қақпа біздің жас, әсем елордамыз – Астананың тағы бір символына айналатын болады. Біз бүгін осы жерге ұлы мерекені – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін келіп тұр­мыз» деген тағылымға толы парасатты ой өрбітті. Одан кейін қақпа алдында Қазақстанның әнұраны шырқалып, ҚР Қарулы Күштерінің әскери шеруі өткен еді.

Біздіңше, «Мәңгілік ел» ұғымында мыңжылдықтар даусы мен жаңғырығы бар. Баба тарихты сөйлетсек, жеті ықылым билеген патшалықтар мен хандықтар тізбек-тізбегімен ауысқан. Олар: сақ, сармат, ғұн дәуірі, Түрк қағанаты, оғыз-қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Ресей отаршылдығы және бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан заманы болып айтылады.

Бір замандарда Асан қайғы бабамыз: «Бақыты оянған ерлердің, әрбір ісі оң болар, дәулеті күнге артылып, не қылса да, мол болар» деп шерленсе, әйгілі Бұқар жырау: «Бағаналы орда, басты орда, байсал орда қонған жұрт» деп айы оңынан туған жұртының абыройы мен айбарын келістіре толғаған.

Тарихқа шолу жасасақ, алғашқы салтанат қақпалары Ежелгі Римде пайда болған.

Қазіргі күнде мұндай қақпалар әлемнің әрбір елінде кездеседі.

Айталық, салтанатты қақпаның маң­дайында асыл жұртымыздың болмысын бедерлейтін рәмізіміз – Елтаңба және оның құрамдас бөліктері шаңырақ, киіз үй керегелері, Ұлы Дала еліне саулап құйылған Күн шұғыласы, алтын жалды қанатты пырақ, «Қазақстан» деген құдіретті жазу мәдени кеңістік пен уақыт бірлігінде бедерленген.

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасы – айрықша сәулет ескерткіші. Ол елдік талап пен сәулеттік талғамға жауап береді. Оның нобайы, құрылымы, бейнесі, абыройлы мемлекетіміздің даңғыл жолын айқындайды.

2011 жылы Тәуел­сіздіктің 20 жылдық тойына арнап бой көтерген салтанат қақпасының биіктігі – 20 метр, ені – 13 метр. Жиырма да, он үш те – қазақ үшін жағымды сан саналады. Жиырмада азамат өз жолын тапса, он үште шаңыраққа ие болуды аманат етеді. Арканың төбесінде қаланың жалпақ көрінісін тамашалай алатын арнайы алаң жоспарланған. Сәулет ескерткішінің қасбетінде «Мәңгілік ел» жазуы қақпаның аты мен затын айшықтайды. Арка ұлттық оюмен безендірілген. Бұл терең дәстүр мен елдік салтанатты меңзейді. Қасбетінде абыз ақсақал мен данагөй ананың, қаһармен батыр мен елшіл жауынгердің қола мүсіндері қойылған. Бұлар да – тарих пен ұлт тамырынан сыр шертетін бейнелер. Қақпаның бүйірінде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіндегі «Тайқазанның» көшірме үлгісі орнатылған. Бұл молшылық пен қанағатты, иман мен ынсапты тұспалдайды. Мұнымен қоса, онда қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі «Қалқан» бейнеленген. Қақпаның бір қабырғасы еліміздің қастерлі құндылығы Тәуелсіздікке арналған. Онда азаттықты жария еткен алғашқы ресми құжат – Егемендік туралы декларация көрсетілген. Және бұл қабырғада егемендіктің мазмұнынан сыр шертетін «Ақорда», «Бәйтерек» секілді маңызды нысандардың суреттері көрініс тапқан.

Ескерткіш жұмысына атсалысқан шығармашылық топ мүшелерінің барлығы да елге белгілі тұлғалар. Сондықтан да осындай сәулеттік ескерткішті жасаған авторлар ұжымының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайықты деп ойлаймын. Өйткені мұндай өнер үлгісі тек талантты тұлғалардың ғана қолынан туады. Ескерткіште тарих пен ұрпақ жауапкершілігі, мемлекет жасампаздығы барынша айқын ашылған.

Бір жағынан «Мәңгілік ел» қақпасын бақыттың дарбазасы деп айтуға болады. Осы бір қақпадан енгенде бабалар рухы тірілгендей, бойыңа ыстық қан жүгіргендей болады. Алланың нұры жауғандай, аспаннан шұға себелегендей күйге енесің. Тәуелсіздіктің жемісі елорданың сәулетті ғимараттары – Ақорданың, Қазақ Елінің, ұшар басында Самұрықтың алтын жұмыртқасы бар алып Бәйтеректің, Бейбітшілік пен келісім сарайының, Хан Шатырдың, Ұлттық мұрағаттың, Ұлттық академиялық кітапхананың, Әзірет Сұлтан мешітінің, Нұр-Астана мешітінің, Назарбаев университетінің, Ұлттық музейдің, Тәуелсіздік сарайының, Астана-Аренаның, «Барыс» көп функционалды мұз айдынының және тағы осы санаттағы «Мәңгілік ел» қақпасының асқақтап бой түзеуі қандай ғанибет десеңізші! Өйткені соны көріп Ұлы Даланың перзенті екеніңді де терең түсінесің, жүрегіңмен сезінесің, әсерленесің.

Осы тұрғыдан алғанда «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының мәнісіне, сырына, идеясына, философиясына ой көзімен барласақ, телегей теңіз тарих бар. Сондықтан да осы бір көсілген даңғылды «Мәңгілік Ел» деп атасақ әділдік болар еді. Ел санасындағы Хан жолы, Абай жолы енді «Мәңгілік ел» жолымен толықты.
«Мәңгілік ел» – болашаққа бастар күретамыр жолымыз, бағыт-бағдар беретін құбыланамамыз!

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, филология
ғылымдарының докторы,
профессор

(Сурет фотограф
Айбек Ахановтың Instagram парақшасынан алынды)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button