Басты ақпаратЖаңалықтар

«Мәңгілік полк» шеруі өтті

Қазақстанда 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс өртіне шарпылмаған әулет жоқ десек те болады. Бүгін өткен «Мәңгілік полк» шеруі ата-әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың сол сұрапыл жылдары көрсеткен ерлігіне бағышталды. Астанада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараға жүздеген адам жиналды. Олар қолдарына майдангерлердің фотосуреттерін және аты-жөндері жазылған транспаранттарды немесе штендерді көтеріп, Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан «Аstana Mall» сауда орталығы алдынан қозғалып, «Отан қорғаушылар» монументіне дейін жүріп өтті.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов атындағы ауыл бар. Шерулердің қатарында батырдың суреті мен аты-жөні жазылған транспарант ұстаған әскери адамды байқап қалдық. Өзін Бегіммұрат Нұрланұлы деп таныстырған ол Нағи Ілиясовтың немересі болып шықты. «ҚР Қорғаныс министрлігінде әскери білім-ғылым саласында жұмыс істеймін. Атам 1945 жылы 25 жасында Венгрия жерінде, Дунай өзенінен өту кезінде ерлік көрсетіп, сол үшін Кеңес Одағының батыры атағын алды. Өзі артилериялық барлаушылар сапында соғысты. Соғыстан кейін Қазақ ССР-нің 50 жылдығы совхозының өркендеуіне үлес қосты. Кейін бұл ауылға атамның аты берілді. Сыр өңірінде ауылдан бөлек оның атында мектеп пен көше бар» деді Б. Ілиясов.

«Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының белді мүшесі Хайретдин Болғанбаевтың күйеубаласы, Ұлы Отан соғысы майдангері Тұяқ Камелов туралы аздап естігенбіз. Шерушілердің арасынан оның қыздары Құралай мен Алмагүл, ұлдары Жамбыл мен Еркін, немерелері, шөберелері, шөпшектері табылды. «Әкеміз Тұяқ Баяндыұлы Камелов аға техникалық лейтенант, «ИС-2» танкінің командирі ретінде Мәскеуді қорғап, Берлинге дейін жетті. Жеңіспен ауылға оралды. Біз оның ұрпақтары рухына тағзым етіп келіп отырмыз. «Мәңгілік полк» шеруіне былтыр да қатысқанбыз. Биыл да акциядан тыс қалмадық. Бұйыртса, келесі жылы да қатысамыз деп отырмыз. Тек бұл игілікті шара үзілмесін деп тілейміз» деді Құралай Тұяққызы.

Қолына «Өтеген Тұрмағамбетов – Кеңес Одағының Батыры» анықтамасы бар транспарантты ұстаған жігітті әңгімеге тарттық. «Менің аты-жөнім Келіс Тұрмағамбетов. Өзім Ақтөбе облысынанмын. Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студентімін. Өтеген Тұрмағамбетовтың немересімін. Атам 1941 жылы соғысқа алынып, Сталинград бағытында ерлігімен танылды. Берлинге дейін жетіп, Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырды. 1945-1946 жылдары немістің Штеттен қаласының коменданты болды. «Ұлы Отан соғысы» орденінің үш дәрежесімен,  «Александр Невский» орденімен марапатталды. Соғыстан кейін Жаңажол ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Сол жылдары бұл ауыл үш рет миллионер ауыл атанды. Атамның немересі ретінде оның рухына тағзым етіп келіп отырмын» деді К. Тұрмағамбетов.

«Мәңгілік полк» шеруіне жиналғандардың барлығы осылайша майданда ерлік көрсеткен жақындарын еске алды. Бойларынан тек сағынышты ғана емес, мақтаныш сезімін де байқап қалдық. Бәрі де орынды, себебі ерліктің даңқы өшпейді!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button