Мәдениет

Мәңгілік сауалдарға жауап іздеп…

Кім болдық? Қайдан келдік? Қазіргі қоғамның беталысы қандай? Кімдерді үлгі тұтамыз? Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында премьерасы өткен «Дон Кихот» трагикомедиясының астарында осындай сұрақтардың жауабын іздеу идеясы жасырынған. Алайда Мигель де Сервантестің қаламынан сонау XVII ғасырдың басында туған туынды қазақ көрерменіне лайықтап ұсынылды. Оқиға да Испанияда емес, бүгінгі Қазақстанда өтіп жатқандай болып берілді. Қойылымның инсценировкасын жасап, спектакльді сахналаған – жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы. Сахналық нұсқасының қосалқы авторы әрі аудармашысы – Мирас Әбіл.

[smartslider3 slider=2326]

Қазіргі заманда Дон Кихоттар бар ма? Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевтың пікірінше, бәріміз де Дон Кихотпыз. Бірақ соны білмейміз. Бәлкім, білсек те, мойындамаймыз. Ақиқатын айтқанда, Сервантестің кейіпкеріндей өмір сүргіміз келмейді. Сахна шымылдығы ашылғанда әртістердің әрекетінен, әрі тарт та, бері тарт қимылдарынан алдымен сондай ой келеді. Актердің бәрі Дон Кихот болудан қашады. Ақыры, Ержан Нұрымбетке бас кейіпкерді сомдауға тура келеді.

Біздіңше, бұл қойылым қымбат уақытты бағалауға да шақырады. Спектакль ұзақтығын 4 сағатқа созудан сондай ой түйдік. Ақыры, Қаллекиліктер көрерменді жалықтырмайық деген болуы керек, 3 сағатқа қысқартты. Бірақ оқиғаның еліктіріп алып кетуі сондай, сол үш сағаттың қалай жылдам өтіп кеткенін де байқамай қалуға болады.

Трагикомедияның өзі арасында үзілісі бар екі актіден тұрады. Бірінші бөлімде Дон Кихотты Ержан Нұрымбет, екіншісінде Қуандық Қыстықбаев кейіптейді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл екі актіде де Санчо Пансо болып көрінеді. Спектакль бірнеше этюдтен құралған. Әрқайсысының көтерер жүгі ауыр, яғни қазіргі қоғамдағы проблемаларды көтереді. Шынын айтқанда, бізді осы қойылымды қоюға шешім шығарған Қаллекиліктердің батылдығы таңғалдырды. Себебі спектакльде бүгінгі қоғамның ащы шындығы қамтылған. Әртістер де бар өнерін салды. Ұжымдық жұмыс болғаннан кейін де бас кейіпкерлерді сомдағандардан басқа ешкімді бөле-жара атай алмаймыз.

Қойылым алдымен қазақ тарихына сапар шеккізіп, тұғырлы тұлғаларымыздың есімдерін жаңғыртады. Керей және Жәнібек хандар, Әбілқайыр хан, Абай Құнанбайұлы, Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубайұлы есімдері аталып, олардың ұлтымызға сіңірген еңбегі туралы айтылады. Қазақ хандығы XV ғасырда құрылса да, әлі күнге дейін мемлекетімізді құру аяқталмағаны сөз етіледі. Керей және Жәнібек хандар үнемі қосақталып жүретіні, ескерткіш қойсақ та, көше берсек те оларды бөлмейтініміз сыналады. Әбілқайыр заманындағы қыспақ, ұлы Абайды дұрыс түсіну, Мұстафа мен Әміренің кезіндегі тоталитарлық режимнің зобалаңы тарихымыздың қасіретті беттерін жаңғыртады.

Спектакльде тарих қана сөйлемей, бүгінгі заманның келбеті де көрінеді. Қалта қамын ғана ойлаған қарыны қампайған шенеуніктердің тойлардағы әрекеті көрерменді бір күлдіріп, бір жылатады. Сервантестің романында Дон Кихоттың ғашығы Дульсинея екені белгілі. Ал спектакль бас кейіпкерінің сүйіктісі кім? Бұл – балаларына ас табу қамымен ғана жүрген, өмірінде театр мен концерттерге барып көрмеген жалғызбасты ана. Қыздарымыз­дың бесіктен белдері шықпай жатып еркекті ойлауы, аяғының ауырлауы – қазіргі қоғамның ащы шындығы.

Осындай біз аңғарған өзекті мәселелерді қозғайтын ­спектакль жарты жыл дайындалды. Ал қоюшы режиссері Әлібек Өмірбекұлы қойылымды бір жылға жуық басында «пісірді». Жалпы жас режиссердің жаңашылдығы байқалады. Шығармашылықты дамытуға мол мүмкіндік беретін кең ғимаратқа көшкеніне бір жарым жылдай болған Қаллеки театрының да жаңа деңгейге ұмтылысы аңғарылады. Оған «Дон Кихот» қойылымы дәлел. Біздіңше, осы спектакль «Жаңа Қазақстанды» құру мақсатымен сабақтасып жатыр. Әрине, трагикомедияны қоюға дайындық басталғанда ондай идея болған жоқ. Театрдың бір мақсаты да болған жайтты көрсету ғана емес, болуы ықтимал қауіптердің алдын алу болуы керек деп есептейміз. Қаллеки театры бұл жағынан үлгі көрсетті. «Дон Кихотта» көрсетілгенге селт етпей жүре берсек, осылай қалғанымыз – қалған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button