Әлеумет

Мақсат – айқын, міндет – зор

 

Іске асыру жоспары қабылданды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында ҚР Президентінің «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қабылданды, деп хабарлады Elorda Aqparat primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Құжат 81 тармақтан тұрады: заман талабына сай тиімді мемлекет – 11 тар­мақ, азаматтардың құқық­тары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – 15 тармақ, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика – 27 тармақ, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі – 18 тармақ, қуатты өңірлер – қуатты ел – 10 тармақ.
«Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер аталған құжатты Президент мақұлдағаннан кейін бірден алға қойылған міндеттерді орындауды бастауы керек. Біз алға қойылған міндеттерді тиімді шешу бо­йынша үйлескен жұмысты қамтамасыз етуіміз қажет» деді А. Мамин.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының қабылданған жобасы ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа бекітуге жіберіледі.

Еңбек ұжымдарында талқылануда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен онда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мәселесі еңбек ұжымдарында талқылануда. Таяуда сондай отырыстың бірі «Астаналық цирк» МКҚК-да өтті, деп хабарлайды Elorda Aqparat.

Жолдауды талқылауға арналған жиынға еңбек ұжымындағы 50 адам қатысты. Жолдауда Президент көтерген мәдениет саласына, әлеуметтің әл-ауқатына қатыс­ты мәселелер жөнінде «Астаналық цирк» МКҚК бас директорының міндетін атқарушы және «Nur Otan» партиясы бастауыш ұйымы төрағасының орынбасары Мұрат Бекеев, заң кеңесшісі Өмірбек Қалдыбеков сөз сөйледі.
Спикерлер Президент Жолдауындағы қала мен ауылды дамыту, қарыз жүктемесінің төмендеуі, қолжетімді тұрғын үй, медициналық сақтандыру, елордаға газ тарту сияқты мәселелер жөнінде айтты. Атап айтқанда, кепілді әлеуметтік көмекті тұрмысы төмен отбасылардың қалай алатыны, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен баспанаға қалай қол жеткізуге болатыны айтылды.
Бұдан бөлек, зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, тұрғын үй қорын жөндеу, Нұр-Сұлтан қаласына газ тартудың басталуы туралы кеңінен мағлұмат берілді.

 

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

КАДР ТАҢДАУДА АШЫҚТЫҚ БОЛУЫ ТИІС

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы Жолдауында көптен бері халықтың көкейінде жүрген бірталай нақты бастама көтерілді. Солардың бірі – шенділердің санын қысқарту мәселесі. Жалпы, Мемлекет басшысының (Тұңғыш ­Президент Н.Назарбаевтың және қазіргі Президент Қ.Тоқаевтың) Жолдау­ларында қоғамдағы аса күрделі, шешімін таппаған мәселелер айтылады. Ұтымды ұсыныстар, байыпты бағдарламалар жарияланады. Алайда, өкінішке қарай, көпшілік жағдайда осы уәделер іске аспай жатады.
Президент бұл жолғы Жолдауда шенділердің санын алдағы 4 жылда 25 пайызға (бұған де­йінгі Президент Жолдау­ларында 30 пайызға дейін қысқарту туралы айтылған) қысқарту жөнінде мәлімдеді. Біздің елімізде шенділердің саны өспесе, қысқарған емес. Мәселен, ресми түрде қысқарады да, бірақ квазимемлекеттік секторға, ұлттық компанияларға өтіп кетеді. Сөйтіп қала береді. Бірақ осы Жолдауда бұл мәселе тағы көтерілді. Халықтың үміті зор. Қасым-Жомарт Кемелұлының өзінің де осы мәселені нақты шешуге деген саяси ерік-жігеріне сеніп отыр. Қазір әлеуметтік желілерді қарасаңыз, Жолдауға қатысты айтылған ең негізгі уәж – Президенттің берген уәделері құр сөз болып қалмай, іске аса ма, әлде аспай ма дегенге алаңдаушылық. Меніңше, биліктің халықтың өзіне деген сенімін қайтару, абыройын сақтап қалу тұрғысынан осы уәделердің ең болмаса бірқатары кешенді түрде орындала бастаса, бұл биліктің абыройын өсіреді. Сондықтан осындай үміт бар.
Ал шенділердің санын 25 пайызға қысқарту деген мәселе баяғыдан-ақ пісіп-жетілген. Себебі біз­дің сарапшы-мамандар халықаралық тәжірибені ескере отырып, осы мәселені кезінде талдады. Мысалы, жан басына шаққанда Жапония, Германия сияқты елдерде шенділердің саны қанша болу керек, олардың аз-көп болуы қаншалықты ұтымды, оңтайлы деген мәселені зерттеді. Осы критерийлерге қарағанда, Қазақстанда шенділердің саны шын мәнісінде өте көп. Өкінішке қарай, олардың санының көптігі ұтымды, сапалы басқаруды білдірмейді. Шенділер көп болғаннан кейін өзінің пайдасы бар екендігін көрсету үшін, кейде тіпті экономикалық реформаларға, кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының жұмысына кедергі келтіреді. Әртүрлі жаңа қажетсіз құжаттар ойлап табады, тексерістерді үдетеді. Қоғамның, мемлекеттің дамуына жәрдемдесудің орнына, керісінше, кедергі, тұсау жасайды. Сондықтан олардың санын қысқарту қажет. Бұл – реформалардың бір жағы.
Бірақ мемлекеттік қызмет дегенде басқа да күрделі проблемалар жеткілікті. Мәселе тек шенділердің санын қысқартуда емес. Құр қысқартумен мәселе шешілмейтіні анық. Яғни мемлекеттік қызметке сапалы, тәжірибелі, мемлекетшіл, қолынан іс келетін азаматтарды жинау керек. Егер де кадрларды қабылдау мәселесі ашық, айқын болмаса, билікте сол бүгінгідей тамыр-таныстық кең етек алып, кездейсоқ адамдар қала береді. Сондықтан кадрларды жасақтау, іріктеу, таңдау, қабылдау мәселесі айқын, әділ болуы тиіс. Себебі қолынан іс келетін мамандар жеткілікті. Өкінішке қарай, жұмысқа олар емес, басқа бір кездейсоқ адамдар қабылданады. Президенттің бұл мәселені көтергенін бәріміз мақұлдаймыз. Соның оң шешілетініне үміттенеміз. Ал нәтиженің қандай болатынын уақыт көрсетер.

Зәуре ЖҮСІПОВА, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихат депутаты:

Өзекті мәселелер қозғалған

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев 2 қыркү­йектегі Жолдауында қазіргі белең алып отырған әлемдік мәселелерге көңіл бөле оты­рып, адам санасының тұманданып, неше түрлі қылмыстың белең алып бара жатқандығын, біздің елімізге де ұшқынын тигізіп жатқан есірткі бизнесі, жеке адамдар мен балалаларға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықпен күресудің маңыздылығын баса айтты. Санасыз әрекеттерге баратын қылмыскерлерге кез келген саналы азамат қарсы тұрып, жол бермеуі керек, бұл үшін тек құқық қорғау органдары ғана емес бүкіл қоғам болып күресуге мүдделіміз.
Мемлекет тарапынан ұстаздар да қолдау көретін кез жетті, сондықтан білім саласындағы Президент көтерген бастама, игі қадам нақты, шынайы түрде іске асқаны жөн. Бұл арнайы заңдармен бекітілуі қажет. Келесі бір мені ойландыратын мәселе – мемлекеттік тілдің жайы. Қазіргі таңда тіліміздің халық арасындағы сұранысы мүлдем төмен деңгейде. Кез келген басшы әлеуметтің мектепке сұранысын сараптап, бұл мәселені біліп отыр.
Экологиялық болсын, экономикалық болсын, кез келген саладағы заңды құжаттар өмір талабына сай, мемлекет болашағын, ұлттың, ұрпақтың болашағын қамтуы керек.

Күліш ТӨЛЕУХАНОВА,
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі,
Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері:

Әлеуметті қолдауға үндейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жариялаған Жолдауы еліміздің тарихында қалары сөзсіз.Президенттің «Қазақ­стан – ортақ шаңырағымыз! Мен барлығыңызды мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!» деген сөздерінен еліміздің тағдырына бей-жай қарамайтын, әрбір азаматтарына сенім артқаны байқалады.
Президент халықты жан-жақты қолдауды ешқашан ұмыт қалдырмайды. Өзінің Жолдауында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, зейнетақыны, шәкірт­ақыны, мүгедектігі мен асырау­шыларынан айырылғанына байланысты жәрдемақыларды көбейту мәселелері үнемі назарында тұратыны жолдауда айқын көрсетілген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, азаматтық қоғамды қолдау, ішкі істер органдарына реформа жүргізу ,сонымен қатар басқа да өзекті мәселелерді де сөзге тиек етті.
Әсіресе Мемлекет басшысының көпбалалы ана­ларды шағын бизнеске тарту бағдарламасын әзірлеу туралы ұсынысын қолдаймын. Өйткені көпбалалы аналармен көптеген кездесудің нәтижесінде үйде отырып табыс тапқысы келетін жас аналардың бар екендігі белгілі болды. Осындай санаттағы аналардың табыс табу деңгейіне жету мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесі өз жұмысын бастап отыр. Енді бұл жұмысқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болады.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button