Жаңалықтар

Маржан Ершу: Ертегіге сенбеген бала, ертеңіне де сенбейді

Биыл – Балалар жылы. Бала тәрбие­сінде ертегінің алатын орны зор екені бесенеден белгілі. Ертегітерапия бұл күнде еліміздің оқу мен тәрбие саласына таныс болғанмен, кең қолданысқа енген жоқ. Осы орайда «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» атты ұлттық тәрбиеге негізделген, балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының кітапханашыларына, педагогика саласының мамандары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға арналған әдістемелік кітабының авторы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершуды әңгімеге тарттық.

[smartslider3 slider=3360]

– Ертегітерапия дегенді қалай түсінеміз, емдеу деген ұғыммен байланыс­тырамыз ба?

– Ертегітерапия – психологиялық, педагогикалық бағытта жүргізілетін шығармашылық үрдіс. Ұлттық тәрбиеге негізделген дүниені мейлінше кеңірек қолдану мақсатында жазылған осы әдістемелік еңбекте ертегітерапиясын дамытудың педагогикалық әдіс-тәсілдері этнопедагогика мен ойшыл, ағартушы-ғалымдар еңбегінің аясында өрбіп, рухани дамытудың жолдары көрсетіледі.

Ертегітерапия – психо­терапия­ның құрамдас бөлігі. Батыстың дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын жазуда. Бұл біздің халық үшін жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық дәстүр.

«Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын» деген екен Бауыржан Момышұлы. Әр баланың да ең алғашқы досы – ертегі. Бесік жырынан бастап ауыз әдебиетінің құнарымен, әжесі мен анасынан естіген әуезді әнмен, әсерлі ертегі-әңгімемен өскен баланың көркемдік әлемі ерекше болып қалыптасатыны – ғасырлар бойғы қазақ тарихында дәлелденген жарқын мысал. Бауыржан Момышұлының да уайым қылғаны осы жайт. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін ұғу, әдемі шешен сөйлей білу, көркем ойлау қасиеті даритыны сөзсіз.

Ертегітерапия – әдебиет, сөз өнері, психология, педагогика, психотерапия, тарих, логика, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі, халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантастикамен байытылған шығармашылық әдіс, жан-жақты білім беру мен тәрбиелеу үрдісінің озық үлгісі.

Бүгінде ертегітерапия Батыс елдерінде, Ресей мектептері мен балабақшаларының іс-тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық әдіс ретінде кеңінен қолданылуда. Бізде де ертегінің мәні мен маңызын салмақтап, ертегітерапия әдісін дамытушы ұстаздар аз болса да бар.

Ертегітерапия – адамның ақыл-ой байлығын жүзеге асыру тәсілі. Тиісінше қамтитын аудиториясы да ауқымды. Оны тек балаларға арналған жоба деп қарастырмаған жөн. Ертегілерді көптеген атақты психологтар мен педагогтар, психотерапевтер өз зерттеу еңбектерінде қолданып, адам дамуы мен қоғамды ізгілендіруге пайдалы тұстары көп екендігін айтады.

Ертегі халқымызда көне заманнан бар. Ең алғаш қазақ ертегілерін жинаған ғалымдар – Василий Радлов, Григорий Потанин, Шоқан Уәлиханов, Әбубәкір Диваев. Баланың ой-өрісін, қия­лын дамытуда ертегінің рөлі зор. Бала естіген немесе оқыған ертегісінің мазмұнына мән береді, оны өз ойымен қабылдап, жеткізуге тырысады. Кейіпкерлердің қилы іс-әрекеттері, таңғажайып көріністер, теңеу, оқиғалардың әдемі тілмен бейнеленуі баланы қызықтырып қана қоймай, ойлау жүйесіне ықпал етеді. Ертегімен жұмыс жасаудың формасы көп.

Ертегітерапия дамуының бірінші сатысы – халық ауыз әдебиетінен басталады. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, біздің заманымыз­ға өлең-жыр, толғау арқылы жеткен асыл мұрамыз бүгінге дейін жалғасып, рухани кеңістігімізді толтыруда. Екінші саты – ертегілерді жинақтау, топтау және зерттеу бағыты. Үшінші саты – психотехникалық бағыт. Қазір «Ойлан. Ертегі құрастыр» технологиясын қолдану педагогикалық, психологиялық бағытта өріс алып келеді. Бұл бағыттағы тәжірибелер ертегіні техника ретінде қолданып, адам миын психодиагностикалау, дамыту үшін пайдаланылуда. Төртінші саты – интегративті бағыт. Ертегітерапияны халықтық педагогика аясында тәрбие жүйесіне сай пайдалану.

Ертегітерапиялық сабақтар барысында баланың санасында уақыт пен кеңістік жайлы, табиғат пен адамның байланысы туралы алғашқы түсініктер қалыптасады. Ертегідегі оқиғалар бала санасына көшеді. Қиял-ғажайып оқиғалар немесе мейірімділік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық туралы сөз болғанда, ол ең алдымен, баланың жүрегінен өтеді. Бала айналаны ақылымен емес, жүрегімен таниды. Жақсы мен жаман кейіпкердің арақатынасы арқылы баланың өзіндік көзқарасы қалыптасады. Ертегілер балаға батылдық пен күш береді. Эмоциясын да шығара алады. Жақсылық, мейірімділік туралы ертегілер баланың жүрегіне жылу ұялатса, қаталдық пен жауыздық қаһармандары баланы қаталдыққа, әлсіздікке, қорқақтыққа бейімдейді. Баланы оқыта отырып тәрбиелеу емес, тәрбиелей отырып білім берудің құндылығын дамыту бүгінде зор міндетке айналып отыр.

– Ертегітерапия сонда тәрбие құралы әрі кітапты насихаттау­дың бір түрі ме?

– Тәрбие ақпарат емес, тәрбие – рухани құндылық. Тәрбие білім ақпараттары сияқты ми арқылы берілмейді, ол адамға жүйке, жүрек, қан арқылы келеді. «Жүрек – адам тәрбиесінің темірқазығы. Амалдың тілін алса, яғни арды ойламай, тек пайда ойласақ, жүрек ұмыт қалады. Адам ақылының аздығынан азбайды, ақылдының сөзін алатын жүрегінде жігер мен қайраттың байлауының жоқтығынан азады» дейді ұлы Абай. Абай адамның бар асылы жүрегінде екенін, жүректің тазалығын ойлау қажеттігін басты назарда ұстады. Абайдың жүрек туралы фәлсафасы бүгінде жаратылыстану ғылымдарының жаңалықтарымен дәлелденуде. Адамның миы ғарышпен байланыс-бірлікте жұмыс атқарғанда ғана жер бетінде адамзат баласы жақсы тірлік кешетінін немесе ғарыш заңдылықтарына қарама-қайшы әрекет ететін болса, онда түбі жақсылыққа соқпайтынын нейрофизиология, нейролингвис­тика, нейропсихология, кванттық психология, интегративтік психология ғылымындағы соңғы жетістіктер дәлелдеп отыр.

Жиырма бірінші ғасыр – өркениеттің жаңа сатысы. Адамзат тіршілігі өзгеріп, технология мен энергетиканың және қарым-қатынастың жаңа түрлері пайда болуда. Бұл ғасыр адам мінезі мен ішкі мәдениетінің өзгеруін, қоршаған ортаға көзқарасының жаңаруын, жаңаша ойлауды талап етеді. Адам санасы өзі үшін емес, адам санасы эволюциялық даму үшін қызмет атқаруы керек болады. Адамдардың материалдық байлыққа құштар болуы рухтың әлсіреуіне әкеліп соғуда.

Дүниеқұмарлық пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық күшейіп, рухы әлсізді азғындық халге жеткізеді. Мұның соңы экологиялық апаттарға әкеліп соғуы бек мүмкін. Өркениеттің бұл дағдарысынан шығу үшін адамзат қоғамы табиғатқа қамқор боларлық гуманис­тік ноосфералық ой-сана қалыптастыру керек. Ол үшін ұлттың өзіне тән тарихи-мәдени мұралары мен рухани қазынасын жаңғырту керегі, айтпаса да түсінікті. Өркениет дамыған сайын адамның табиғи сезімдері сусыз қалған гүлдей қурай береді. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі кітаптан алыстай береді.

«Кітап – білім бұлағы» десек, ертегітерапияның бүгінгі күнде қажеттілігі сөзсіз. Ұлттың рухани иммунитеті рухани байлықтың аса маңызды бір бөлігі, ол жанға азық болар жақсы кітаптан дариды. Адамға денсаулық өте қажет. Денсаулықты сақтайтын қорғаушы күш иммунитет деп аталады. Егер баланың сана-сезімі, дүниетанымы дұрыс бағытта дамысын десек, оның жандүние­сінің иммунитетін, яғни рухани иммунитетін күшейтуге тура келеді. Ертегі, соның ішінде өз халқының төл ертегілері – баланың бойында рухани иммунитет қалыптастырудың алғашқы сатысы.

Ертегінің тақырыбы мен баян­далуына қызығуы, әсерленуі, ертегідегі сан түрлі кейіпкерлермен танысып, олардың басынан өткен оқиғаларға көңіл бөліп, қуануы, жақсы көруі немесе кейіпкерлердің түрлі қиындыққа тап болып, ақырында жеңіп шығуы бала санасында өмірдің кедергілерін жеңуге деген сенімін туғызады. Ертегі оқиғасы бала санасында өмір сүреді. Қиял-ғажайып оқиғаларды, фантастикалық сюжеттерді тыңдаған кезде баланың қызығушылығы артады, қуанады, қиялдайды, жүрегімен қабылдайды. Бала санасында аспан мен жер туралы, ай мен күн туралы, ұшқыш кілем, желден жүйрік тұлпар, ерлік пен сұлулық туралы ұғым қалыптасады. Табиғат пен адамның байланысы туралы алғашқы түсініктері ертегі арқылы дамиды.

Ертегітерапия баланың жақсы мен жаманды айыра білуіне, түрлі мінез-құлықтық стереотиптерді тануына, өзіндік пікір-көзқарастың дамуына әсер етеді. Балаға үнемі ертегі оқи беріп, шаршатпау да керек. Арасында көріп, сезініп, ойлауға мүмкіндік беру керек. Бала ойланғанда ми талшықтарындағы сигналдар арқылы ертегіде естіген оқиғаларды, көріністерді қабылдап, өңдей бастайды. Бұл – жүйке энергиясының ой деген құбылысы. Бала осылай қалыптасады. Бала көркем суретті сөзді емес, құрғақ сөзді ғана қабылдаса, ми клеткалары тез шаршайды. Сөйтіп кітап оқуға деген ынтасы жойылады. Ертегіге сенбеген бала ертеңіне сенбейді. Ертегіге қызықпаған бала кітапқа қызықпайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Гүлжайнар

СҮЛЕЙМЕНОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button