Жаңалықтар

МӘСКЕУДЕГІ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ

mosk-kreml-2

Алдағы 19-20 қыркүйек күндері Мәскеуде Астананың мәдени күндері өтеді. Онда көне қаланың тұрғындары қазақтың бай мәдени мұрасымен танысып, әуезді әуен мен күмбірлеген күйдің сазына бөленіп, ұлттық өнердің інжу-маржандарын тамашалайды.

Ауқымды шара аясында мәскеуліктерге ежелгі көшпелі дәуірдің келбетін бейнелейтін этноауыл экспозициясы ұсынылады. Этноауыл алаңында «Ақ Орда», «Аңшының үйі», «Шеберлердің киіз үйі», «Қолөнершілер шеберханасы» және тағы басқа тақырыпты қамтыған киіз үйлер тігіледі. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі көрсетіледі. Этноауылды тамашалауға келгендер қазақтың киіз үйін құруға қатысады. Ұлттық тағамдардан ауыз тиеді. Қымыз бен шұбаттан дәм татады.

Сонымен қатар,этноауыл аумағында «ЭКСПО-2017» павильоны ашылады. Қонақтарды алып батырлар мен ұлттық киім киген қыздар қарсы алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл нағыз қазақ ауылының көркем келбетін қалыптастырады. Экспозиция таңғы сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ, ресейлік көрермендер соңғы жылдары түсірілген қазақстандық кинематографтардың көркем туындыларымен танысады. 19 және 20 қыркүйекте «Космос» киноконцерт залында «Жаужүрек мың бала» және «Аманат» фильмдері көрсетіледі. 19 қыркүйекте Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Онда отандық өнер тарландары, атап айтқанда, ҚР халық әртістері Әлібек Дінішев, Роза Рымбае­ва, Айман Мұсақожаева және Майра Мұхамедқызы өнер көрсетеді. «Славянский базар-2015» конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайберген, Бүркіт пен Айша, «Музарт», «Формат», «Ринго» топтары ән шырқайды. Оған «Наз» мемлекеттік би театры мен «Шалқыма» халық биі ансамблі, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Тұран» эстрадалық-фольклорлық ансамблі және «Серпер» домбырашылар ансамблі қатысады.

Сатира кешінде Тұрсынбек Қабатов бастаған үздік әзілкештер мәскеуліктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Бұл күні ресейлік «А-Студио» тобы да келушілерді өз өнерлерімен қуантады.

18-20 қыркүйекте Астана мен Мәскеу қалаларының былғары қолғап шеберлері өзара күш сынасады. Елорда құрамасынан жарысқа 16 спортшы қатысады.

20 қыркүйекте сағат 19.00-де Ресейдің ірі мәдени орталығы – Мәскеу халықаралық музыка үйінің сахнасында М. Горький атындағы академиялық орыс драма театрының Болат Жандарбековтың «Сақтар» романының желісімен дайындалған «Томирис – Сақ патшайымы» қойылымы жұртшылыққа ұсынылады. Дәл осы күні үздік қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің еңбектері қойылған «Жусан иісі» атты бейнелеу өнерінің көрмесі ашылады. Экспозиция Нью-Йорк, Берлин және Бейжің сияқты ірі қалаларда өткізіліп, жергілікті мамандар мен өнерді бағалаушылар арасында үлкен жетістікке қол жеткізген. Көпшілік назарына ұсынылатын туындылар көрмесі «Жұмысшы мен колхозшы» көрме орталығында 2 қазанға дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button