Құқық

МЕДИАЦИЯ – БІТІМГЕРЛІК ҚЫЗМЕТІ

Мүмкін «медиация» көп адамға түсініксіз шығар, бірақ бұл – біздің ұлттық санамызда қалыптасқан, еліміздің әлеуметтік қатынасында орны бар жүйе. Кезінде халқымыз дуалы ауыз билерді тыңдап, олардың шешімін екі етпегенін алға тартқымыз келді. Медиация институты билер соты дәстүрімен ұштасып жатыр. Тарихи санамыз жаңғырып, осы дәстүрдің тиімділігіне көз жеткізе білсек, медиацияның да болашағы зор болмақ.

13

Осыдан бес жыл бұрын, 2011 жылы Медиация туралы заң қабылданып, алғаш рет медиаторлардың қызметі белгіленіп, жаңа саланың қолдану аясы заңмен бекітілді. Заңнама бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге медиация қолданылады. Сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүр­гізу барысында қаралатын даулар және ат­қарушылық іс жүргізуді орындау ке­зінде туындайтын қатынастарды заң­мен реттеуге де медиаторлар араласа алады.
«Судьялар істі қарау кезінде сотқа жүгінуші тараптарға келісу процедураларын қолдану мүмкіндігі жайлы айтады. Статистикаға көз жүгіртсек, қала бойынша үстіміздегі жылдың тоғыз айының ішінде 26 215 азаматтық іс қаралып, оның ішінде келісу процедураларын қолданумен 1 525 іс, оның 1 164 ісі соттық медиация тәртібімен әрі медиатордың қатысуымен қаралған. Осы процедураларды қолданғаннан кейін сотқа жүгінушілердің бюджетке төлеген 285 044 964 теңге көлеміндегі мемлекеттік төлемдері иелеріне қай­тарыл­ған» дейді Астана қаласы сотының судьясы Гүлжанат Рахметова.
Бұл – даулы мәселерді сотқа жеткізбей, дауласушыларды өзара мәмілеге келтіріп, келісу арқылы шешуге болатынының дәлелі. Ал иелеріне қайтарылған қаражат тараптар ғана емес, мемлекетке де тиімді екенін білдіреді.
Бұл ретте, медиация арқылы неке-отбасылық даулардың және одан туындайтын баланың жағдайы мен тәрбиесіне қатысты мәселелердің, еңбек қатынастары дауы, моральдық шығынды өтеу, жер дауының, тұрғын үйге қатысты сұрақтардың оң шешілуіне қол жеткізіп келеді.
«Медиацияның соттан артықшы­лығының бірі – бір мәселеден туындайтын сұрақтардың бәрін бір сәтте қарап, оның толық шешімін беруге мүмкіндік бар» дейді Гүлжанат Рахметова. Яғни, қарапайым мысал ретінде түсіндіріп көрелік. Адам сотқа жүгінгенде тек бір дауды ғана реттеп, ал одан туындайтын келесі мәселелер үшін тағы бір сот процедурасын рәсімдеу қажет. Айталық, неке-отбасылық мәселелерде сот шешімі ерлі-зайыптыны заңмен ажыратуға ғана үкім шығарады. Ал ажырасқандардың арасындағы басқа мәселелер жөнінде, яғни, әкесінің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін, мал-мүлкін бөлуі сияқты жағдайларды тез арада шешкіңіз келсе, тек медиация әдісімен қол жеткізуге болады. Тұрмыста талай жайттар болады. Алдымызға некесін бұзуға арызданып келген отбасы мүшелерінің арасындағы иненің жасуындай болса да отты өшірмей, қалыпты қатынас орнатуға күш салуға тырысамыз. Неке сақталмаса да, сыйластықтары қалды. Бұл – бала үшін де өте қажетті нәрсе. Біздің сот залындағы кесімнен айырмашылығымыз да осында жатыр».
Жалпы медиация өзінің даму тарихында отбасылық құқық саласында ерекше үрдіс алуда. Батыста осы салаға қатысты даулардың 40 пайызы медиация арқылы шешіліп, оның даму көкжиегін кең екенін көрсетті.
Әрине, егер екі адам араздасып сотқа жүгінсе, онда шындық өзінің ғана жағында деп ойлайтыны рас. Оларды бір үстелдің басына отырғызып, талабын тыңдап, оқиғаның анық-қанығына жетудің эмоционалдық жағы басым келеді. Мұндайда медиатордың тек заңды ғана біліп қоймауы керек. Оның өмірлік тәжірибесі мен адамтану қасиеттері сынға түседі. Егер маман жан-жақты білімімен асып түссе, кез келген күрделі даудың түбіне жетуге болады екен.
Елімізде енді ғана өркен жая бастаған медиатор ісін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған азаматтар жүргізе алады. Бұл қызмет кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылады.
Медиация қоғамды кемелдендіретіні анық. Бұл саланың адамгершілік құндылықтардың сақталуына екпін беретін тұстарына айта кету керек. Кешірім, келісу, түсіністік сияқты адамгершілік қатынастардың күшеюіне мән беріледі. Ашу, ыза-кек, адамды аздыратын, қатыгездікке бастайтын қасиеттер болса, оны үдетпей, араағайындықтың арқасында алтын ортасын тауып, екі тараптың да мүддесін қамтып, татуластыратын осы – медиация. «Біз осы саланы дамыту арқылы кемелдікке, парасаттылыққа қол жеткіземіз. Бұл – біреудің жіберген қателігіне көз жұмып қарау емес, керісінше оның ушыға түсуіне жол бермей, дауласушы тараптардың басын қосып оң шешімге қол жеткізуге талпынамыз» дейді қоғамның әлеуметтік сауығуына алып келетін жаңа әдістің мүмкіндіктерін алға тартқан судья Гүлжанат Рахметова.
Медиация – білместіктен, немесе жазатайым жаңылыс басқанды бірден жазаға тартып, түрмеге отырғызуды мақсат етпейді. Дауласқандары бітіспес жауға айналдырмай, бітімгершілікке шақыратын жаңа жүйе ғасырлардан бері қазақ даласында қалыптасқан дәстүрмен үндесіп, қайта жаңғырды деуге әбден болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button