Басты ақпаратДенсаулық

Медицина майталманына құрмет

Биыл – Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, елорда мәслихаты қала әкімдігімен бірге мерейтойлық іс-шаралар жоспарын бекітті. Тиісті іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Соның ішінде мәслихат депутаттары аллеясы ашылып, ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған елорданың бауырлас қалаларының өкілдері қатысады. Қазіргі таңда мұндай шаһарлар саны 52-ге жетті. Бүгінде Астана қаласы мәслихатының VІІІ шақырылым депутаттары жұмыс істеп жатыр. Жалпы барлық VІІІ шақырылымды қосқанда елорда мәслихатына 156 адам депутат болды. Соның ішінде қалалық мәслихаттың 140 адаммен байланысы үзілмеді. Қазір мерейтойлық кітап дайындалып жатыр. Онда Астана мәслихатының тарихы хатталып, бүкіл депутат туралы мәлімет беріледі.

Астанада мәслихаттар мерей­тойына арналған іс-шаралар қалалық мәслихаттың ІІ және V шақырылымдарының депутаты болған медицина майталманы, ел мен елорданың өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан, әлі де қаланың дамуына атсалысып отырған атпал азамат Қаршыға Құлмұхановтың мерейлі 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған жиыннан басталды. Онда қала басшылығы, мерейтой иесінің бір кездердегі әріптестері мен шәкірттері құрмет көрсетіп, сый-сыяпат жасады, игі тілегін арнады. Жиынды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов ашып, Қаршыға Кәкешұлының өмір жолына, ерен еңбегіне шолу жасады. Қалалық мәслихат атынан мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Қаршыға Құлмұханов Целиноград қаласының медицина институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын ортопед-травматолог болып бастады. Астана Алатаудан Арқаға көшкен жылдары Қазақстан Үкіметі жанындағы қалалық медициналық сақтандыру қорын басқарды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары, 7 жыл бойы Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы болды. 10 жыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып қызмет істеді. Екі рет қалалық мәслихаттың депутаты болса, қазір қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі.

– Қаршыға Кәкешұлы өзінің білімі мен тәжірибесін адамдардың игілігіне жұмсап, елорданың өрлеуіне үлкен үлес қосты. Оның білімі, өмірлік және кәсіби тәжірибесі Астананың дамуына жол салды. Қалалық мәслихаттың VІІІ шақырылым депутаттарының атынан терең білім, іскерлік қабілет және азаматтық қасиеттің арқасында жинаған тәжірибеңізді еңселі елордамыздың әл-ауқатын жақсартуға, жергілікті өкілді органдардың рөлін арттыруға елеулі үлес қосқаныңыз үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Халық сенімі – ең құнды нәрсе. Шын мәнінде, ел сенімін өлшеу мүмкін емес. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – еліміздің әр саналы азаматы үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Сіз ұзақ жылдан бері медицина саласының дамуына үлесіңізді қосып, бойыңыздағы еңбекке адал, мақсатқа берік қасиетіңіздің арқасында адамгершілік пен ізгілік мұратына қалтқысыз қызмет етудесіз, – деді Ерлан Каналимов.

Саяси қайраткер, Астана қаласының құрметті азаматы, елорда мәслихатының V шақырылымының хатшысы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов мерейтой иесін 40 жылдан астам уақыттан бері білетінін атап өтті.

– Қаршыға Кәкешұлының еңбек жолы дәрігерліктен басталды. Бұл кісі – адал азамат. Екеуміз Астана мәслихатының V шақырылымының депутаты болдық. Сонда Қарекең медицина саласына қатысты, бас қаланың қоғамдық өміріне байланысты білетінін бүгіп қалмай, үнемі өз пікірін, ұстанымын білдіріп отыратын. Содан кейін қалалық Қоғамдық кеңестің ІІ шақырылымында кездестік. Онда да Қаршыға Кәкешұлы белсенділік танытып, қала тіршілігіне қатыс­ты ұтымды ұсыныстарын айтатын, – деген Сансызбай Есілов қалалық Ардагерлер кеңесінің атынан сый-сыяпат жасады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын оның орынбасары Есет Байкен оқып берді.

«Құрметті Қаршыға Кәкешұлы! Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жылдар бойы өзіңізге артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, елордамыздың дамуына үлкен үлес қостыңыз. Қай істе де қарымды қабілетіңіз бен қажырлы қайраткерлігіңізбен қоғам мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, кісілік бітіміңізден айныған емессіз. Әрдайым мерейіңіз үстем, ғұмырыңыз ұзақ, шуақты күндеріңіз көп болып, ұрпағыңыздың қызық-қуанышына кенеле беріңіз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» делінген қала әкімінің құттықтауында.

Қазақстан Республикасы ден­саулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, VІ шақырылымдағы Астана қаласы мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров Целиноград медицина институтының студенті кезінде Қаршыға Кәкешұлының алдынан практикадан өткенін, мерейтой иесі сол уақытта травматология бөлімшесінің меңгерушісі болғанын атап өтті.

– 2000 жылы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы, кейіннен департаменті құрылды. Осы ведомствоны сізбен бірге басқардық. Бәлкім, дәл сол уақытта елорданың денсаулық сақтау саласы қалыптаса бастады. Облыстық құрылымнан республикалық, астаналық құрылымға ауысу өте ауыр болды. Дегенмен бұл істі сәтті атқарып, саланы астаналық деңгейге көтердік деп ойлаймын. Сол кезде көптеген аурухана мен емхана жөнделді. Жаңа қондырғылар сатып алынды. Қаршыға Кәкешұлы педиатрияның дамуына үлкен үлес қосты. Себебі №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасын жобалау мен салудағы оның еңбегі ересен. Ол етік киіп, құрылыс алаңында жүрді, қай жерде не болуы керегін тікелей қадағалады, – деді Мәжит Шайдаров.

Елорда мәслихатының І-V шақырылымдарының депутаты, Астана қаласының құрметті азаматы Николай Мещеряков мерейтой иесімен мәслихатта қатар жұмыс істеген кездерден естеліктерді жаңғыртып, қарапайым болмысына тоқталды. Қаршыға Кәкешұлы бәріне, өскелең ұрпаққа үздік үлгі көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы болғанда дебаттарды біліктілікпен, биік деңгейде ұйымдастырғанын айтты.

Астана қаласы мәслихатының ІV-VІ шақырылымдарының депутаты, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрметті депутаты Зейнолла Шібкенов жас кезінде осы қалаға қызметке келгенде Қаршыға Кәкешұлы көп қолдау көрсеткенін, сол үшін мерейтой иесіне рақметін айтып, ізгі тілегін жеткізді. Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев Қаршыға Құлмұханов халыққа, қоғамға өте пайдалы қызмет атқарғанын атап өтті.

Астана қаласы мәслихаты V шақырылымының депутаты, елорданың Сарыарқа, Алматы аудандарының бұрынғы әкімі Сапар Ахметов мерейтой иесін ұстаз тұтатынын, ол қаланың әлеуметтік және медицина саласының дамуына үлкен үлес қосқанын айтты.

– Қаршыға Кәкешұлы, Солтүстік Қазақстан облысында, Есілдің жағасында кішкентай ауылда туып-өсіп, талпынып білім алып, Целиноград, Ақмола өңірінің, бүгінгі ел астанасының өрлеуіне үлес қостыңыз. Сізден көп нәрсе үйрендім. Соның ең бастысы – мемлекетшілдік. Өзіңізді ғана емес, елдің, халықтың, қаланың жағдайын ойлап, қиындыққа мойымай, ынтамен жұмыс істеу – бойыңызда бар қасиет. Бүгінде елге құрметтісіз, жүрген жеріңізде төрдесіз. Сол төрден түспеңіз! – деді Сапар Ахметов.

Астана қаласы мәслихаты VІ шақырылымының депутаты, Астана қаласы әкімдігі көпсалалы медицина орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев мерейтой иесін 15 жылдан бері білетінін, одан көп нәрсе үйренгенін атап өтіп, ол зейнетке шыққаннан кейін де бос отырмай, қоғамға пайда тигізіп келе жатқанын айтты.

– Қаршыға Кәкешұлы қазір Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау палатасының төрағасы ретінде талай медицина қызметкерінің әлеуметтік жағ­да­йының жақсаруына үлес қосып, әлі күнге дейін белсенді қызмет атқарып келе жатыр. Жас буын дәрігерлерге өзіңіздің үлгіңізді, өзіңіздің тәжірибеңізді көрсете беруіңізге тілектеспін! – деді Мұхтар ­Төлеутаев.

Астана қаласы мәслихатының VІ-VІІ және қазіргі VІІІ шақырылымының депутаты Алтыншаш Табулдина мерейтой иесін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының атынан құттықтады.

– Елорданың бүкіл дәрігерлері сізді жақсы біледі. Сіз әлі күнге дейін сөзіңізге барлығы құлақ асатын медицина саласының белсенді маманысыз. Қазір бас қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау палатасын басқарып, қала емханаларын бақылау кеңесінің төрағасысыз, Медициналық сақтандыру қоры комиссиясының мүшесісіз. Менде кейбір мәселе бойынша күмән туындағанда үнемі сізден ақыл сұраймын. Сонда сіз дұрыс кеңес беріп, соның арқасында алға өрлейміз. Бірінші рет депутат болып сайланғанымда сіздің: «Алтыншаш, өзгеріп кетпе. Осындай қарапайымдылықпен, адамдарға жақындығыңмен адал еңбек етсең дұрыс боласың» деген сөзіңіз әлі күнге дейін есімде, – деді Алтыншаш Табулдина.

Жиында Қаршыға Құлмұханов облыстық клиникалық ауруханада жұмыс істегенде ең үздік травматолог болғаны айтылды. Мерейтой иесінің шәкірті, Нұрлан Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Мейрам Баубеков Қаршыға Кәкешұлы тың өлкесінің және Астананың травматология және ортопедия саласының негізін қалаушы екенін атап өтіп, қазір де аталмыш орталықтың жетекші травматологы болып отырғанын айтты.

Мерейтой иесінің өзі қала басшылығына, қалалық мәслихатқа, әріптестері мен шәкірттеріне алғысын айта келе, өткен күндерді еске алды. Өмір жолына тоқталып, осы күнге ұстаздарының арқасында жеткенін атап өтті.

– Осы қалаға келгенімді екінші бақытым деп санаймын. Сол кезде Целиноград медицина институты енді ашылып, оған сол уақыттағы кең байтақ Одақтың әр түкпірінен тамаша ұстаздар жиналды. Олар ұстаздарымыз ғана емес, ата-анамыздай болған еді. Оқуды бітіргеннен кейін осында қалдым. Әрине, бұл қаланың астанаға айналатынын білген жоқпын. Астана кезінен бес әкіммен, олардың орынбасарларымен жұмыс істедім. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды, – деп түйіндеді сөзін Қаршыға Құлмұханов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button