Басты ақпаратРуханият

Мерекенің халықтық мәні қандай?

Қыстың қыспағынан, көшпелі тірліктің сан қилы салмағынан мал соңындағылар қалжыраған шақта, табиғат күрт жылынып, қар еріп, төңірекке жан бітіп, көгеріп, құлпыра түсіп, төрт түлік төлдеп, халық дәулеті артып, ақ уызға жарып, төрт құбыласы түгенделе бастауы – көктемнің басы Наурыз айына қатысты. 

Сондықтан бар бақыттың тұлпарына бекем отыр­ғызған Наурызды қазақтар, күллі түркі тектес халықтар Жаратылыстың ерекше сыйы ретінде мойындап, жаңа күн, жаңа жыл басы, Ұлыстың ұлы күні, «Ұзынсары» деп атап, дәстүрлі мәдениетте символдық мәні зор магиялық фольклорының басты кейіпкері еткен.

Тарихқа жүгінсек, Наурыз мерекесін тойлауды түркі тектес халықтар Наурыз хан – Наурыз Мұхаммед (туған жылы – 1360) – Алтын Орданың соңғы билеушісі (Бату ханның әулетінен шыққан) тұсында бастаған. Мұндағы түркі тектес халықтарға көне заманда қыпшақ, тоғыз оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз оғыз кірсе, қазір олардың атауы сәл өзгеріп: қазақ, қарақалпақ, ноғай, қыпшақ-өзбек, башқұрт-татар, өзбек деп нақтылана түскен. Бұл классификацияға да көңілі толмаған Шоқан Уәлиханов бауырымыз кей тіркемелерді жөнсізге балап: ноғай, қазақ, қарақалпақ,  башқұрт, татар, өзбек деп ақылға сыйымды ақиқатты жалау еткен.

Қазақ қазақ болғалы өзіне арнаған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурыз. Сондықтан Наурыз мерекесін жаппай тойлап, Ұлыстың ұлы күнін айтарлықтай өткізуді ол кездегі қазақтар атасына, бабасына тиетін дауа ретінде қабылдаған.  Наурызды қасиет тұтқаны сондай, дүниеге келген балаларына Наурыз, Наурызәлі, Наурызбай, Наурызбек, Наурыз­ғали, Наурызмұхаммед, Наурызгүл есімдерімен атағанына төбелері көкке жеткен. Қазақтың барынша сыпайы, мәдениетті, тәрбиелі, кішіпейіл, нәзік жанды келін-кепшіктері «Наурыз» деген кісі аттарын айтуға ар-ұяты жібермей, «Ұлы күн», «Ұлыстың ұлы күні» деп атауға дағдыланып кеткен.

Түркі тектес халықтар арасында Наурызды тойлауға өзбектерге ілесерлері жоқтығы жиі айтылатын. Алайда асқан ақын, ғұлама, дінтанушы, киелі, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Орысқа қарамай тұрған күндерде қазақтың Наурызнамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған! Қайда атақты асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қалдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тайдан ілгері болды» деп жұртының «Ұлыстың ұлы күнін» ұлықтауға келгенде ешкімге есе жібермейтін мәрттігіне сүйсінеді. Ғұлама атамыз ел тізгіні қолындағы азаматтарға: «Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» деушілер осы Наурызды құрметтеп, «Ұлыстың ұлы күні атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек» деп кейінгілерге өсиет қалдырған. Наурызнама тойларында қожа кітап оқып (кітаптың аты «Салдана»), шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап, «Әмин» деп отырған. Көп кешікпей қожа, шалдардың айтқаны айтқандай келіп, халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп, береке артқан. Бәрі пейілге, ниетке, еселі еңбекке, Құдай жолына адалдығына қатысты. Сондықтан кедейлер Наурыз мерекесіне жалғыз қойын сойып, наурыз көжесін үлестірсе, байлардың бәйбішелері ірімшік пен қарын-қарын майын, қазан-қазан жентін қасиетті мейрамға әзірлеп отырған. Ежелгі қазақтар «Ұлыстың ұлы күнін» 22 наурызда ғана емес, 1 наурыздан 1 көкекке дейін созып, құмары қанғанша тойлаған.

Риза болатының ежелгі Нау­рызнаманы байлық біткен ел азаматтары ұйымдастырып, барын жұмсап, мерекені неше күндеп тойлап, Құдайдың қалауы, елдің көңілінен шығуға тырысқан. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітабына үңілгенде, біз Баянауылдың баурайынан 100 кісімен жолға шыққан Едіге биді Қызылтауда Сәти байдың өзі үйінде болмай, бәйбішесі қабылдап, Наурыз тойын осы үйде тойлауға көндіріп, 100 адамды, ауылдастарын 9 күн «ас та төк, шаш та төк» қылып сыйлағанына таңданамыз. Едіге биді осы үйде жолықтырған Тәти мырза сыйлы биін ауылына жүріп, сонда Наурызнаманы бірге өткізуге шақырады, оған ол көнбейді. Соған назаланған би, ыңғайына көнбеген биге әйтсе де түйе бастатқан тоғыз, 100 адамның біріне түйе, біріне ат беріп сый қылған. Едіге бидің мұндай мырзалыққа қолы қысқалық етіп, өкінеді. Әйтсе де Наурызнаманы өткізудегі кедейшілігі опық жегізе бермесін бір Алладан жалбарына: «А, Құдай, халқымды, жұртымды өзімнің тұсымда бай қылмасаң да, балам Шоңның тұсында бай қыл!» деп бата қылған. Дегені Құдайдың құлағына жетіп, Шоң бидің тұсында Жанқозылық жалпақ жұрттың байлыққа қолы жетіп, бір Шоңның өзі жайлауда Наурызды тойлауға 100 отауын тігіп, Наурызнама дастарқанын «ас та төк, шаш та төк» қып жайып, халық қалаған күндерге созып, Едіге би арманын нысаналы индикаторына жеткізді.

Халық өміріне етене жақын, ақыл-ойымен дараланған тұлғалар ұйымдастырған Наурызнаманың нысаналы асулары халқының бағын ашып, той бағдарламалары мазмұндылығымен қуатты. Айталық, Наурыз тойы тек аста-төк дастарқан жаюмен шектелмей, ақындар жазған өлеңдерін оқып, жыршылар жырын төгілдіріп, әншілер әнін шырқап, айтыс ақындары бақ сынасып, палуандар күресіп, жүйріктер жүгіріп, ат бәйгесі ұйымдастырылуы – заңдылық. Көкпар тартылып, сурет көрмелері қатысушылардың жан-дүниесін баурап, қазына қарттардың терең тамырлы әңгімелері «Ұлыстың ұлы күнінің» мән-мағынасын арттырып, Нау­рыз мерекесі халықшылдық қасиетімен өз алгоритмін айқындата түскен. Міне, қысқаша Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, қазақтың төл мерекесінің тарихи, философиялық, халықтық, халықаралық мән-мағынасы, мазмұны осындай.

Жаңа жылымыз, жаңа күніміз, Ұлыстың ұлы күні, Ұзынсары құтты болсын! Аспанымыз ашық, шекарамыз берік, жеріміздің бір сүйемі жылжымай, байлығы халқымыздың мүддесіне жоғалмай, санымыз артып, санамыз еліміздің мұратына қызмет етіп, әлемдегі ең үздік халықтардың қатарынан табылайық!

 Тұрсын СЫДЫҚОВ,

ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button