Басты ақпарат

Механикалық жүрек алғаш рет Астанада салынды

Ел медицинасының адымы ілгерілей түсті. Ілкімді істерімен іргеленген елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы тағы бір тың жағалығымен жұртты елең еткізді. Әлемде алғаш рет механикалық жүрек имплантын орнату операциясын сәтті орындады. Операцияны Дүниежүзілік кардиоторакалды хирургтар қоғамының (WSCTS) 27-інші президенті, Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиохирургі, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя бастаған топ Чехия, Израиль, Италия және АҚШ-тағы серіктестерімен бірлесіп жасады.

Әлемде баламасы жоқ FIVAD атты сымсыз қанайналым құрылғысының бас­ты ерекшелігі – сыртқы қуат көздеріне тікелей жалғанбаған. Мұның қызметі кәдімгі кардиостимулятормен бірдей. Бірақ аппарат кеуденің ішінде орнатылған, сымдары шығып тұрмайды. Оны арнайы белбеу арқылы магниттік толқынмен қуаттайды. Қуаты 8 сағатқа жетеді. Бұл пациенттің ағзасын асқындырмай, емін-еркін қимыл-қозғалысына мүмкіндік береді. Бұған қоса, жүректің соғысын, қанның қысымын және тағы басқа деректерді көрсетіп тұратын арнайы қолсағаты бар.
Осындай бірегей құрылғы 24 жастағы алматылық Исмаил Тұрсыновтың жүрегіне орнатылды. Операция 2018 жылдың 15 желтоқсанында өтті.
«Мен Исмаил Тұрсыновты тұңғыш ғарышкерге теңеймін. Ол ауруханаға түскенде өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі бар еді. Үнемі дәрігердің бақылауында болды. Қазір жағдайы жақсы, далада серуендейді, спорт залда жаттығады, тіпті бассейнге де түсе алады» деді Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пя.


Бұрын тек төсекке таңылып жатқан Исмаил операциядан екі күннен кейін аяғынан тік тұрғанын, өзін жақсы сезінетінін, салмағы 94 келіден 67 келіге түскенін айтты.
Алтын қолды, үлкен жүректі Юрий Пя осыдан 50 жыл бұрын әлемде тұңғыш рет Қытайда, Оңтүстік Африкада жүрек трансплантациясы жасалғанын, ал енді адам өмірін ұзартқан тұңғыш жасанды жүрек имлантантын орнату Астанада жүзеге асқанын айтып, ағынан жарылды. Ол бұның Қазақстан медицинасының әлеуетін көрсететінін, жүрек жетіспей тұрған жағдайда шын мәнінде серпінді жоба болғанын және халықаралық жобаның елімізде орындалғанына мақтанатынын жеткізді.


Халықаралық статистикаға сәйкес әлемде 26 миллион адам созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына ұшыраған. Бұлардың қатары жыл сайын 900 мыңға артады. Оның ішінде 800 мың науқасқа жүрек трансплантациясы қажет. Донор жетпей бес жылда қайтыс болғандардың саны 7%-дан 50%-ға дейін жетеді екен. Ал Қазақстанда 200 адам жүрек алмастыруға мұқтаж болса, соның 10-ына ғана трансплантация жасалады.
Юрий Пяның айтуынша, бұл патологияны емдеудің алтын стандарты – трансплантация. Алайда донор жетіспегендіктен, жүректің механикалық көмекші құралын қолдану белсенді дамып келеді. Сондықтан LeviticusCardioLtd компания­сы жасап шығарған FIVAD құрылғысына еуропалық сертификат алып, Еуропада және Америкада эксперимент жүргізілмек. Содан кейін инновациялық құрылғыны тегін медициналық көмектің санатына қосып, қазақстандықтарға тегін орнатуға мүмкіндік бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button