Басты ақпаратҚала тіршілігі

Шет аймақтар шетін қалмайды

Астана елордасы атанғалы қала тұрғындарының саны төрт есе өсті. Шаһар аумағы да үш есеге ұлғайды. Игіліктің бәрі халық үшін жасалатыны белгілі. Астана әкімдігі жұмысының басты мақсаты да – тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру. Алдыңғы жылы елорданың 20 жылдық мерейтойына орай сол мақсатта «20 нақты бастама» бағдарламасы аясында «Шет аймақсыз шаһар» жобасы жүзеге асырыла бастады.

КЕШЕНДІ ЖОСПАР МЕЖЕСІ

Өткен жылдың соңында қала басшысы Бақыт Сұлтанов Үкіметтегі жиында Астананың 2019-2023 жылдарға арналған ықшамды құрылысы жөніндегі кешенді жоспарын таныстырды. Соған сәйкес жерді игеру аумағының шекаралары 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейін оңтайландырылды. Сондай-ақ құрылыс жүргізілетін келешегі зор бес аймақ анықталған. Бұл қатарға Мыңжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» және Тельман кентінен оңтүстікке қарай орналасқан жерлер, Асанқайғы көшесінің ауданын жаңарту кірді. Халықтың көші-қоны және бала туу санының ұлғаюы есебінен бас қаладағы халықтың саны жыл сайын орташа есеппен 2,5 пайызға өсіп, 2023 жылға қарай шамамен 1,5 млн адамға, ал 2030 жылға қарай 2 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.

ТҰРҒЫН АЛАПТАР ТҮЙТКІЛДЕРІ

«Шет аймақсыз шаһар» жобасы шеңберінде қала аумағын 129 секторға бөліп, барлық сектордағы 32 әлеуметтік стандарттың қолжетімдігіне кезең-кезеңімен қол жеткізу мақсаты айқындалған. Яғни, шеткі аймақ тұрғындарын мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету, бұл аймақтарға тиісті инженерлік желілерді тартып, жол-көлік инфрақұрылымын салу көзделген.
Жалпы бұл күндері Астана тұрғындарының саны 1 миллионнан асса, шеткі аймақтар деп саналатын 20 тұрғын алапта 150 мыңдай адам тұрады. Былтыр елордада ашылып, Байқоңыр атауы берілген төртінші аудан «Шет аймақсыз шаһар» жобасы аясындағы жұмысты жалғастыру, шаһар инфрақұрылымын дамыту және жетілдіру, қала тұрғындарының әртүрлі әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында құрылды. Тұрғын алаптарда тиісті жұмыс­тар жүріп жатыр. Бірақ шешімін күтіп жатқан мәселелер әлі де баршылық.

 

«ӨНДІРІСТЕГІ» ӨМІР ҚАНДАЙ?

«Өндіріс» тұрғын алабында 85 көше бар. Өткен жылы жалпы ұзындығы 3630 метрді құрайтын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, 4203 метрлік 15 көшеге қиыршық тас төселді. Тайбурыл көшесінің бойына тротуар салынды. Осы жылы Үшқоңыр көшесінде ұзындығы 540 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланды.
Тұрғын алапта 40 аялдама бар. Алайда олардың 28-і ғана павильондармен жабдықталған. Бар павильондардың өзінің көпшілігі ескірген. Он аялдаманы ауыстыру, 13-ін жөндеу жоспарға енгізілді. Бұған қоса, Өндіріс, Үшқоңыр көшелеріне, Ақбидай көшесінің бойында №49 орта мектеп маңында жаңадан павильондар орнатылмақ.
«Өндірісте» қоғамдық көлікке қатысты мәселелердің туындағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Бүгінгі таңда кентке баратын екі автобус бағдарының интервалын азайту, автобустар санын көбейту және үшінші бағдарды енгізу мәселелері қаралып жатыр.
Тұрғындардың дене шынықтыру-сауықтыру кешенін сұрап жүргеніне де біраз болды. Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимовтың айтуынша, қазір бұл мәселе қаралу үстінде. «Кешенді Ақбидай көшесіндегі сүрілген үйлердің орнына немесе Өндіріс көшесіне салуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселені шешкенде тұрғындардың пікірін есепке аламыз» дейді әкім.
«Өндіріс» арқылы өтетін Алаш тасжолы мен Үшқоңыр көшесінің аралығындағы Жаңажол көшесін кеңейту мәселесі де көптен бері айтылып жүр. Екі жолақты жол өте тар. Сол себептен осы жерде көліктер көп тұрып қалады. 3 шақырымды құрайтын бұл жол болашақта төрт жолақты болмақ.
Ескі және апатты жағдайдағы жатақханалар және нөсер сулары кәрізі құрылысы мәселелері де кентте өзекті болып тұр. Жатақханалардың жағдайын тексеріп, соның қорытындысында оларды жөндеу немесе сүру мәселесі қаралады. Ал нөсер сулары кәрізі мәселесін шешу үшін 3-ЖЭО-ға қарай кәріз коллекторын салу осы жылға жоспарланды.
Кенттегі амбулаторияны кеңейту мәселесі де бар. Жақында бұл мәселені шешу үшін Астана әкімі Бақыт Сұлтанов тиісті тапсырмалар берді.

«ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ»

Байқоңыр ауданына қарайтын «Кирпичный» кентінің де мәселелері шаш етектен. Мұндағы Көксеңгір көшесі жарықтандырылмаған. Бұған қоса, көше тұрғындары ауызсудан азап тартып, 1 шақырым қашықтықтағы құдыққа барады. «Астана су арнасы» компаниясының хабарлауынша, бұл көшеге су құбыры тартылмаған. Оны тарту аталмыш компанияның құзырындағы мәселе емес екен. Жақында өткен аудан әкімінің есептік кездесуінде осыны жеткізген тұрғындар жақсы жаңалықтарды естиміз бе деп үміттеніп отыр.
Халқымызда «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Бейсенбек Әлкенов есімді қала тұрғыны осы сөзді Байқоңыр ауданының әкімі тура мағынасында ұқса екен дейді. «Жаңа аудан ашылғанда қуанған адамдардың бірі мен едім. Әкімдік кеңсесі Е.Брусиловский көшесінде орналасты. Меніңше, басшылық ел ортасында, «Өндірісте» отыру керек. Егер кеңсе кентте болса, елді мекен көтеріліп қалады. Мұндағы біраз мәселе шешіледі. «Өндірістің» өзі Астананың бас жоспарына 2000 жылдардан кейін бір-ақ кірді. Оны қаланың даму жоспарына әрең кіргіздік» дейді ол.

ГАЗДАНДЫРУДЫҢ ИГІЛІГІН  АЛДЫМЕН КӨРЕДІ

Шеткі аймақ тұрғындарының көпшілігі жылу жүйесіне қосылмағандықтан, қыста пеш жағады. Қаланы қою түтін басып кететіні содан. Астананы газдандыру жобасы бірінші, екінші, үшінші кезеңдерде шеткі аймақтардан басталады. Көгілдір отынмен алдымен жылу-энергия орталықтары арқылы Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный тұрғын алаптары мен Оңтүстік-шығыс ауданы қамтылады.
Екінші кезеңде газ таратушы желілерден Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар, Тельман, Пригородный, Garden Village, Family Village тұрғын алаптарына жеткізіледі.
Ал үшінші кезеңде Ильинка, Шұбар, Өндіріс тұрғын алаптары газдандырылатын болады. Осы жылдың екінші тоқсанында бірінші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысы басталады. Қаржының бөлінуіне қарай Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптары 2019-2023 жылдар аралығында газдандырылмақ.
Бұған қоса, электрқуатының тапшылығы мәселесі де шешіледі. Атап айтсақ, Железнодорожный кентіндегі электржелілері өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары салынған. Бүгіндері бұл желілер әбден тозған. Қазір Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Астана әкімінің тапсырмасымен жаңа электрстансаның және электржелілері құрылысы жобасын әзірлеп жатыр.
Жалпы шет аймақтардың осы сияқты қала тіршілігіне қатысты мәселелері Астана әкімдігінің бақылауында. Олар рет-ретімен шешіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button