Басты ақпаратҰлт ұпайы

Мейірхан Ақдәулет: Зиялы қауым – ұлт тұздығы

Бүгінгі «Ұлт ұпайы» айдарының қонағы – ақын, публицист және қоғам қайраткері Мейірхан Ақдәулет. Оның әдебиет пен публицистикадағы деңгейі биік шығармашылығы таңдамалы кітаптары мен белді басылымдарда таңбаланып, мәдениетіміздің тарихында қалды. Ал журналистік қыры республикалық «Алтын орда» және Ақтөбе өңірінің газеттерін талай жыл біріктіре басқарған кезінде пәрменділігімен қазақ оқырманын өзіне тәнті етті. Бүгінде жетпістің екеуінен асқан қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілінің өзі жүріп өткен саланың қазіргі беталысы мен қателіктері туралы ашып және ашынып айтар ой-пікірі көп.  

Әдеби ортада да, білікті адамдар арасында да құлықтың, ұмтылыстың аздығына, оқырмандар ықыласының да мүлде өзгеге ауып кеткеніне алаңдадыңыз. Дегенмен мұның түзелеріне, мақсаттың орындаларына сенім арттыңыз. Сол үміт пен сенім ақталатын түрі байқала ма?

– Қазекеңнің «жақсы жері» оның үміті, тіпті, негізсіз үміті де берік. Сол шіркін «ең соңынан» болары болып, бояуы сіңген соң өлетін көрінеді. Менікі – таза қазақы үміт. «Өлмесек, көрерміз» дейтін үміт. Оның ақталар-ақталмасы беймәлім. Себебі ұлттық мазмұн түгел өзгеріп болды. Бізде, нақұрыстау болса да, капитализм орнады. Көзі ашық, жоқтан бар құрай алатынның барлығы, халықтан, мемлекеттен ұрлап жеген байлардай бола алмағанмен, «ешкіні апа, текені жезде» деп жүріп қоңданып, қораба теуіп алды. Қазақстанның есепсіз байлығы, әрине, қара халыққа бұйыра қойған жоқ, «әкесі бастықтың баласы да бастық» болған себепті, әдепкіде шағын мекеменің бастығы, совхоз бригадирінің орынбасары болып үлгергендердің барлығы капитализмді, оның күллі ірілі-ұсақты құйтырқыларын жедел игерді де, олардан өскен ұрпақ бұрынғы әкелерінің өздерін жолда қалдырып, заманауи бизнесменге айналды, биліктің үлкен армиясы қазір «таза қазақы капитализмді» өркендетіп жатыр. Қалған пысықайлар соларды төңіректеп жүріп, олар да адам қатарына қосылды. Ал қара халық, меніңше, қазақтың 40-50 пайызы «құрыққа сырық жалғап» отыр және өмірге соншалықты ырза: Жаңа Қазақстан орнайды енді деп күтіп жүр. Мұндай жағдайда зиялы қауым бұрынғы коммунистік қоғамның үдесінен шығып, соған өтірік те болса сеніп, соны алдарқатып күн көрген, тіпті, қара халыққа әулиесіп келген қалың сауаттылар, өз басынан ауыспайтын аз-кем, өзі үшін зиянсыз рөлді ғана атқарып, келе-келе, әсіресе, заман ауысқан соң, күнкөрістің қамына түгелдей көшіп алды, қолында билігі мен бірдеңесі барды сағалап, «осы бірдеңені бықсытып жүрер» деген қауіппен анда-санда «белгілі ақын-жазушыларды» аз-кем стипендиямен, аз-мұз орден-медальмен жарылқайтын әкімдердің, басқа да бастықсымақтардың сүйіктісымақтарына айналды.

Халықты әдемі сөзбен алдарқатудың қажеті жоқ

Бүгінгі журналистиканың басты кемшілігі неде?

– Жалпы журналистика деген нәрсеге көзқарасты ақырындап өзгерту керек. Негізі халық өздігінен бүлініп жүрмейді. Он жыл бұрын «Елді түзеймін десеңдер, журналистерге қоғам шындығын тура айтып, жазуға мүмкіндік беріңдер» деп айтқанмын. Қалай бар, солай, ештеңе қоспай, біреуге кіжінбей, «мынау былай болып жатыр, бұл дұрыс емес, осыған шара қолдану керек» дегендей ұсыныспен, сол күйінде айтып үйрету қажет. Қазір халық сауатты, көзі ашық, алдарқатуға көнбейді. Әдемі сөздерге сенбейтін болды. Сондықтан халыққа өтірік айтпай, бәрін ашық түсіндіріп отырса, даму өзінен-өзі орын алады. Журналистерге не жазса да ерік беру керек, артық кетіп жатса, заң бар, жауап береді ғой. «Относительно» тәуелсіз адамдар болу керек қой. Еліміз дұрысталып, мемлекетіміз күшеюі үшін мүмкіндігінше шындықты айтуымыз керек, әрине, ұшқары кетудің қажеті жоқ. Мысалы, ішінара мынау көшенің жайы мынадай, мына жолдың жағдайы нашар дегендей сындарды айтып отыру керек. Адамның ішкі мәдениеті бар, журналист өзі де тым әрі кетіп қалмайды. Себебі шенеунік де бір адамның баласы, оны жерден алып, жерге салмаған жөн. Сондай бір қалыпқа түсіру керек, себебі оның уақыты келді. Журналист сонда өз мамандығын қызығып істейді, ол шындықты айтқан сайын қоғамның жүгі жеңілдейді.

– Журналистиканың шындықты айтқан сынын дұрыс қабылдай ала ма біздің қоғам?

– Не болса да тәуекел етіп БАҚ-қа еркіндік берілсе, табиғи жолмен өздігінен бәрі реттеледі. БАҚ мәдениеттің көрінісіне айналуы қажет. Журналистика дамыса, халықтың өзі дамиды. Барды бар, жоқты жоқ деп айтудан қорықпаған жөн. Әкімге, мемлекетке көмектесемін десе, қайта рұқсат беру керек. Себебі айтылмаған нәрсе ертең көшеге митинг болып шығады. Кешегі қаңтардағы жағдай керек пе бізге? Дамыған елдер осы мәдениетке баяғыда келген. Сондықтан олар арасында реніштері болып жатса, халқы көтеріліп шығады және оны шықты екен деп ешкім сүйреп, қамамайды.

– Қазіргі әдебиеттің, БАҚ-тың ахуалы туралы сын көп айтасыз. Әдебиеттің, жалпы руханияттың құлдырауына экономикалық жағдайдың да ықпалы бар. Бірақ ол басты себеп емес, ұлттық идеологияның жоғынан деп санамайсыз ба?

– Бізде ондай идеология, әрине, ұшқары ұлтшылдық пен солақай содырлықтан аулақ, есі түзу, халықтың көзін толық ашуға мүдделі идеология бұрын да болған емес, әуелі билік орыста болды, беріде қазақ басшыларының қай-қайсысы да шынайы білімді, ұлт үшін жаны ауыратын деңгейге көтеріле алған жоқ.

Кім көрінген журналистке айналды

Журналист – қазір не анда жоқ, не мында жоқ, мәртебесі бекітілмеген мамандық. Сондықтан кім көрінген журналистпін деп жүр. Осыған орай, биыл БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізілгелі жатыр. Соған қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Иә, ол заңға өзгеріс енгізу мәселесі орынды көтеріліп отыр. Мәселен, мұғалімдердің мәртебесін, жалақысын біраз көтерді. Олардың қазір жағдайы жақсы. Журналист деген байғұс, оның жазғаннан басқа жұмысы жоқ қой. Қазір облыстық, аудандық газеттерді істейтін қыз-жігіттерді аяймын. Бәлен уақыт бәрін қосып, басқарып келдім ғой. Кейін аудандық газеттерге ерік бердік. Нан табу үшін облыстық газеттерден кетіп қалады. Журналистер – өзімен-өзі жүрген адамдар. Баспана алайын десе де еш бағдарламаға кірмейді. Жағдайы, жалақысы дұрыс болу керек. Оның үстіне қазір журналистиканың құны кетіңкіреп қалды. Сондықтан оған ерік берілсе, егер дұрыс тәртіпке салса, кім көрінген бұл салаға келмейді. Бүкіл өмірін осыған арнап, табиғи түрде ұмтылатын болады.

– Дамыған елдер журналистикасында осы заманғы барлық проблемаларға ірі-ірі мақалалар, қым-қуыт пікірлер жазылады. Осылайша шын мәніндегі халықты ағарту, тәрбиелеу жүреді. Ал бізде қалай? Жан-жақты терең зерттеу жүргізіп, ақ-қараны ажырататын сарапшы журналистер неге жоқ?

– Сол сарапшы ақиқат жағдайды айқын белгілеп, қатесіз сараптай келіп, соған сәйкес күллі халықты түзу жолға салмағанымен, «дұрысы осы болады» деп дәлел-ұсыныс бере алатын сарапшы журналистика ғана емес, біздің барлық деңгейдегі билікте де жоқ болар деп ойлаймын. Әйтпесе, біз де бүгіндері біліп отырар едік қой. Жоққа жүйрік те жетпейді. Біздікі «есебін тап та, екі аса» дейтін ақымақтау қулық пен сыртқы жұрттың бұдан он-он бес жыл бұрын жасағанын ебедейсіздеу қайталау шығар деп ойлаймын.

– Кезінде қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алып, пәрменділігін көрсеткен «Алтын орда» газетінде істеген біраз журналистер сіздің мектебіңізден өткенін мақтан етеді. Дәл қазір сондай біліктілікке тәрбиелеп шығара алатын қай басылым немесе БАҚ-ты атауға болады?

– Қиындау кезде «Алтын орданы» шығардық. Апта сайын маған Президент Әкімшілігінен телефон соғып тұратын. Талай адамдар ескерту айтты, өзіңіз байқаңыз деп қорқытып та отырды. Ондай басылым енді болмайды. Газеттерден «Қазақ әдебиетін», аруағын сыйлағандықтан «Жұлдызды» оқимын, жаман емес… Былай газеттерді әрине, сыртынан қараймын ғой. Көбі «бездарный» тақырып қояды, ал мынау сол туралы шығар деймін де, қоя саламын.

БАҚ-қа еркіндік берілсе, табиғи жолмен өздігінен бәрі реттеледі. БАҚ мәдениеттің көрінісіне айналуы қажет. Журналистика дамыса, халықтың өзі дамиды. Барды бар, жоқты жоқ деп айтудан қорықпаған жөн. Әкімге, мемлекетке көмектесемін десе, қайта рұқсат беру керек

– «Өзі айтып, өзі күлетін әзілі, қазақшасы қазаққа ұқсамайтын дарынсыз сериалдар мен фильмдерге толы теледидарды» қарамасаңыз, бос уақытта немен айналысасыз?

– Телеарналар қазір көбейді. Бірақ таңдап алары жоқ. Әрине, арасынан «Абай», «Мұнара» деген тәуірлері бар. Телевидение де шынайы болуға ұмтылу керек. Оның да шындығы болу қажет. Халықтың өмірінде айтатын, жазатын нәрсе көп. Сондықтан өзім қазір дінді оқыңқыраймын, онда өтірік жоқ, ал ақиқат туралы адал дауласу бар.

Озық әдебиеттің керегі болмай қалды

– Жаңа дәуірдегі әдебиет әлі күнге толыққанды өз дәстүрін жасай алмай жатыр. Сонда да болса сіздің талғамыңызбен өлшегенде дәл қазіргі тұста іліп аларға кімдерді атап айта аласыз?

– Бізде дұрыс әдебиет қашан да болды. Кеше ғана кеткен Есенғали інімнің өзі классикалық деңгейге көтеріліп, үлкен өнеге қалдырып кетті. Аллаға шүкір, өзгелері де бар, аз бірақ. Ал проза мен драматургия көтеріле алмай жатса, бары сол шығар. Есесіне, жастар көтеріліп келе жатыр. Жаңаның бәрін солардан күтеміз де.

Егер Жаңа Қазақстан дербес, тәуелсіз қор ашып, қазақ әдебиетінің барын да, әзірге жоғын да алаяқ еместеу біреуге тапсырса, бәрі тамаша болып кетуі де мүмкін. Ал сөзге келсек, оны біз біртіндеп құртып жатқан сияқтымыз: біздің қазіргі әдебиетіміз бен мектебіміз, тіл білімі дейтін тамаша ғылымымыз да қазақ тілін «өзгертуге» кірісіп кеткен сияқты. Сенбесеңіз, көріңіз.

– «Рухты көтеретін әдеби интеллигенция» ешкімге қажетсіз боп қалған сияқты…

– Мемлекеттің негізгі халқының әдебиетімен ешкімнің шаруасы жоқ. Билікке ендігі жерде есі дұрысырақ әдебиеттің қажеті де жоқ сияқты басы жұмыс істейтін қаламгер, ал ол биліктен қай кезде де ақылдырақ болған, шынайы рухани шығармалар жаза бастаса, ұлттың еркіндігі мен болашағын ойлай бастаса, оппозицияны күшейтіп жібереді, сондықтан да билік «сулы жабағы» біреулерді әдейі аспанға көтеретін болады.

Зиялы қауым бұрынғы мағынасындағы өзін сәл-пәл болса да сыйлайтын қауым енді жоқ, болса егер бүгінгі билік капитализмнің билігі оны ендігі жеңіп болды ғой деймін. Оның үстіне қазіргі әдебиет пен өнер де істің жеңілдеу жағына көшті: тобырды алдарқатуға ғана жететін іс-қимылдан асып бара жатса, «биліктің біздің бірлігіміздің дұшпаны» болып шыға келерін өте жақсы ұғып алды

Аударма ісі де өнер емес, нан табатын кәсіпке айналып кетті. Әдебиетке енді келген балалар да біреулер арқылы тапсырыспен кітаптар алып аударып жүр. Оларды бақылау мүлде жоқ. Қазір ешкім ештеңені қарамайтын сияқты, қалай аударуына да назар салмайды. Бақылайтын адамдар бар, солардан сұрау керек, қазіргі жағдайда министр сұрау қажет. Бірақ оларды министрдің өзі де оқиды деп ойламаймын.

– «Зиялы қауым – ұлт тұздығы. Тұздық азса, ұлтта болашақ жоқ. Ал ондай ұлттың зиялысының ұлтқа да, өзгеге де көк тиынға қажеті жоқ» деген ойыңыз ұнады. Болашақ ұрпақ кімді зиялыға санап, ой түзер темірқазығына балайды?

– Зиялы қауым бұрынғы мағынасындағы өзін сәл-пәл болса да сыйлайтын қауым енді жоқ, болса егер бүгінгі билік капитализмнің билігі оны ендігі жеңіп болды ғой деймін. Оның үстіне қазіргі әдебиет пен өнер де істің жеңілдеу жағына көшті: тобырды алдарқатуға ғана жететін іс-қимылдан асып бара жатса, «биліктің біздің бірлігіміздің дұшпаны» болып шыға келерін өте жақсы ұғып алды. Бұрынғы зиялылар мен ой түзеудің темірқазығы боларлық кісілер енді жоқ, бола қоймайтын да шығар.

– Қазіргі таңда көп уақытыңызды жұмсап, зейініңізді салатын қандай жұмыстармен айналысып жүрсіз?

– Екі жыл болды жазғандарымды кітап қылып шығарудың қамымен жүрмін. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерделеу, Қазақстан Республикасының жетістіктерін насихаттау, архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасымен бес томдық таңдамалы кітаптарым шығады. Әзірге алғашқы томы шықты. Қалғаны күттіріп тұр. Түбі жұртқа жарап жатса, шығар. Аллаға шүкір…

Ал «Адырна» журналым 1,5 жылдан бері әкімдіктен бөлінетін қаржының қысқартылуына байланысты шықпай тұр. Мен аларымды алып болған адаммын, бұл әдеби журналды ел үшін деп ашқанбыз, қаншама жастарды танытып, шығардық. Тым жақсы жолға түсіп, әдеби ортада өз орнын тауып келе жатыр еді. Қазір қашан шығады деп бәрі телефон соғады, ақыры соғып-соғып қойды…

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button