Басты ақпаратҚала мен Сала

Байқоңыр – елорданың ең жас ауданы

Астананың тұрғын алаптары бас қаламен бірге дамып, көркейіп келеді. Газетіміздің тілшісі елорданың ең жас аймағы саналатын Байқоңыр ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Төменде осы ауданның әкімі Ерлан ЖАУЛЫБАЕВПЕН болған әңгімені назар­ларыңызға ұсынамыз.

– Ерлан Әлімбайұлы, Байқоңыр ауданының осыдан бес жыл бұрын ғана құрылғаны белгілі. Бүгінде оның құрамына қала маңындағы қандай тұрғын алаптар кіреді және онда қанша халық тұрады?

– Иә, Байқоңыр ауданы – елорданың ең жас ауданы. Ол жалпы аумағы 4736 га жерді алып жатқан үш тұрғын алаптан: «Өндіріс», «Кирпичный» және «Казгородок» елді мекендерінен және «Қоянды» саяжай алабынан тұрады. Ал біздің Байқоңыр ауданы тұрғындарының жалпы саны қазіргі күні 63000 адамды құрайды.

– Аудан әкімдігінің алдында шет аймақтарды дамыту бойынша тұрған бірінші кезектегі міндеттер қандай?

– Ауданның даму стратегиясы шеңберінде «Шет аймақсыз қала» қағидатына ерекше назар аударылады, оның мақсаты – жатын аудандарды дамыту, тұрғылықты жеріне қарамастан, мегаполистің барлық аудандарында халықтың өмір сүруінің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету. Бағдарлама қаланың орталығында және ірі аудандарында басталған өзгерістерді жалғастыруға мүмкіндік береді және шағын аудандардың, кенттердің және шалғай аудандардың ондаған мың тұрғындары үшін үйдің жанында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ағымдағы жылы тұрғын алаптарда халықтың жайлы өмір сүруі үшін бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы, атап айтқанда, «Кирпичный» тұрғын алабындағы №12 мектеп пен балабақша, «Өндіріс» тұрғын алабындағы «Достық» отбасылық-денсаулық орталығының құрылысы жалғасты.

Өткен жылы «Өндіріс» тұрғын алабында халықтың бос уақытын тиімді өткізу және спортпен шұғылдану үшін заманауи дене шынықтыру-сауық­тыру кешені салынды. Кешенде ХҚКО-ның қосымша секторы, орталықтандырылған кітапхана желісі, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және әртүрлі секциядан тұратын жаттығу залдары жұмыс істейді. Қосымша сектор баға құжаттамадан басқа барлық қажетті мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Орналасқан жері ауданның көптеген тұрғындары үшін ыңғайлы. Бұл ХҚКО-ның басқа жергілікті бөлімшелеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік берді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін болашақта «Кирпичный» тұрғын алабында ашу жоспарланып отыр.

Ауданның даму стратегиясы шеңберінде «Шет аймақсыз қала» қағидатына ерекше назар аударылады, оның мақсаты – жатын аудандарды дамыту, тұрғылықты жеріне қарамастан, мегаполистің барлық аудандарында халықтың өмір сүруінің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету. Бағдарлама қаланың орталығында және ірі аудандарында басталған өзгеріс­терді жалғастыруға мүмкіндік береді және шағын аудандардың, кенттердің және шалғай аудандардың ондаған мың тұрғындары үшін үйдің жанында жаңа мүмкіндіктер ашады

– Тұрғындармен кездесулерде, көріп-естіп жүргеніміздей, оларды аулалардың абаттандырылуы жиі мазалайды. Осы мәселе қалай шешілуде?

– Сөзіңіздің жаны бар. Расында да, қазір әрбір тұрғын өз ауласының заман талабына сай абаттандырылғанын, онда балалар ойын алаңының болғанын қалайды. Тұрғындармен үнемі кездесіп тұрамын, сонда олар көпшілігіне осы мәселені қозғайды.

Байқоңыр ауданында биыл 55 аула аумағын абаттандыру жоспарланған. «Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарындағы тұрғындар Жезкиік, Қ.Кемеңгерұлы, Жолымбет, Шет, Бестөбе көшелеріндегі аулалардың абаттандырылуын көптен күтті. Бүгінгі таңда жұмыс толығымен аяқталып, жаңа аулалар пайдалануға берілді.

«Казгородок» тұрғын алабында жөндеу-қалпына келтіру жұмысы және аулаларды абаттандыру жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге жыл басынан бері тұрғын алаптарға жүздеген жасыл желектер отырғызылды.

– Тұрғын алаптардың жолдарын жөндеуге қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?

– 2022 жылы аудан бойынша 9 шақырымнан астам жол жөнделді, оның 6 шақырымы тұрғын алаптардың аумағына тиесілі. Атап айтқанда, Жетіген көшесінде Х.Досмұхамедов көшесінен Алаш тасжолына дейін, Алаш тасжолында Жолымбет көшесінен 191-көшеге дейін, Семенов-Тяньшанский көшесінде Құсжолы көшесінен Үшқоңыр көшесіне дейін, Құсжолы көшесінде Шардара тұйығына дейін, Сусамыр көшесінде Речная көшесінен Ю.Малахов көшесіне дейін орташа жөндеу жүргізілді, Сусамыр көшесінен Өндіріс көшесіне дейін, Ақпан көшесінен Қарағайлы көшесіне дейін, Шаған көшесінен Сартүбек көшесіне дейін, Игілік көшесінен Т.Шонанұлы көшесіне дейін, Найзатас көшесінен 126-көшеге дейін, Жолымбет көшесінен Северная көшесіне дейін және Арқарлы көшесінен Жолымбет көшесіне дейін жол жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Бөгенбай батыр даңғылы-Алаш тасжолы (А343) бойындағы көлік айрығы құрамындағы автожол темірбетон өткелін қайта жаңарту жобасы бойынша жұмыс аяқталды. Сонымен қатар тұрғындарға ыңғайлы болу үшін тұрғын алаптарда жылы аялдама кешендері мен жол белгілерін орнату жұмысы жүзеге асырылды.

– Елорданы газдандыру жайы қалай? Көгілдір отын Байқоңыр ауданының шетіне жетті ме?

– Астана қаласын газдандыру шеңберінде «Өндіріс» тұрғын алабында «Өндіріс» газ реттегіш блог пунктінің (20000 текше м/сағ) және «2-ЖЭО» газ реттегіш блог пунктінің (2005 текше м/сағ) құрылысы қарастырылған. Қазіргі уақытта газ реттеу пункті бар жеткізу желісін салуға конкурс аяқталды және мердігер ұйым анықталды.

Жобалаушы «Астана қаласын газдандыру. Құрылыстың ІІІ кезеңі. «Өндіріс» тұрғын алабын газдандыру» жобасы шеңберінде «Өндіріс» тұрғын алабы үшін тұтынылатын қуатты айқындау және тұрғын алабы көшелері бөлінісінде газ тарату желілерін жобалау мақсатында болжамды есеп жүргізеді. «Астана Бас жоспар» деректеріне сәйкес, тұрғын алаптағы үйлердің жалпы тұрғын ауданы 216,9 мың шаршы метрді құрайды, өндірістік және әкімшілік объекті­лердің ауданы – 2626,1 мың шаршы метр.

Жалпы, газдандыру – ­Елбасының ауқымды жобасы. Ол қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл мәселені қала басшысы да қатаң қадағалап отыр.

Елорда әкімдігінің басшылығымен атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы кезде газдандырылған үйлердің саны күн сайын артып келеді. Жалпы, Байқоңыр ауданы бойынша газ тарату желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

– Тұрғын алаптардағы көлік қозғалысы туралы не айтасыз, жалпы қала сыртындағы тұрғындарға автобус маршруттары жеткілікті ме?

– Қазіргі уақытта «Өндіріс» тұрғын алабына №24, 24н ­автобус маршруты қатынайды. Олар «Бастау» тұрғын үй кешенінен №39 разъезге дейін жүреді, қозғалыс интервалы – 5-20 минут, кестелер саны – 21 бірлік. №30 маршрут Сусамыр көшесінен бастап «Зеленый квартал» тұрғын үй кешеніне дейін жүреді, қозғалыс интервалы – 15-20 минут, кестелер саны – 10 бірлік. Маршруттарды 40 минутқа дейін кешіктіру фактілері бар. Бұл мәселені орталық диспетчерлік қызмет бақылауға алды. Мұндай жағдайлар жүргізуші кадрларының және жылжымалы құрамның тапшылығынан туындайды.

– Теміржол өткелі арқылы өтетін көпір – бұл қаладан сыртқарырақ орналасқан елді мекендердің тұрғындары үшін ғана емес, барлық астаналықтар үшін де өзекті мәселе. Ол қашан салынады?

– Бүгінгі таңда Сарыарқа және Байқоңыр аудандарының шекарасында бұрынғы ­«Строитель» кинотеатры ауданында теміржол өткелі арқылы өтетін жолдың бойында кептеліс проблемасы бар.

Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылының қиылысында перспективалы көлік айрығы ауданында инженерлік желілер салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ш.Бейсекова көшесі бойынша жылу желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Көше құрылысы бойынша жобалар құрамында ауданның даму перспективасын ескере отырып, теміржол арқылы өтетін көлік құралдарының кептеліс проблемасын шешу үшін барлық инженерлік желілердің құрылысы жандандырылады.

«Өндіріс» тұрғын алабы ауданындағы жолдар жөнінде айтар болсақ, Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы шағын айналма жолдың 4 учаскесін салу бойынша жобалау-смета­лық құжаттаманы әзірлеуді бастады. Бұл – Конституция көшесінен Угольная көшесіне дейінгі ­Ш.Бейсекова көшесінің жалғасы.

Жобада Угольная көшесі мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығын, Ш.Бейсекова көшесінің бо­йымен Ақжол көшесінен Конституция көшесіне дейінгі жол өтпесін, Ш.Бейсекова көшесі мен Конституция көшесінің қиылысында көлік айрығын салу көзделген. Ол 2024 жылы жол айрығын салу үшін учаске толығымен босатылғаннан кейін, сондай-ақ қаржыландыруды ескере отырып жүзеге асырылады.

Жас ауданымыз осы аумақ тұрғындарының тікелей атсалысуымен дамып келеді. Әрбір елді мекенде орын алған түйткілді мәселелерді шешуге атсалысатын белсенді тұрғындар бар. Аудандағы күрделі проблемаларды шешуде осындай азаматтардың қолдауы өте маңызды.

Алдымызда инфрақұрылымды қалпына келтіру және дамыту, экономикалық әлеуетті арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ел мүддесі жолында халық болып күш біріктіргенде ғана олардың барлығын тез әрі оңай жүзеге асырамыз. Ендеше, береке-бірлігіміз бекем болсын!

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button