Қала мен Сала

Мемлекетке қызмет – абыройлы міндет

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» ­жобасының кезекті маусымының ашылу салтанаты өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаевтың айтуынша, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы дарынды да белсенді жастарды мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тарту, олардың кәсіби шеберлігін, біліктілігін, шығармашылық қабілетін шыңдай отырып, мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеруге бағытталған.

– «Болашақ» бағдарламасымен және Жастар кадрлық резервімен қатар, еліміздің өскелең ұрпағы «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде» білім алуға мүмкіндігі бар. Мұнда соңғы курс студенттері мен жоғары оқу орындарының түлектері білім алуда. Оларға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу негіздері үйретіледі. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде» балалар бір апта бойы мемлекеттік басқару, сондай-ақ тестілеу орталығының өкілдерімен кездесіп, теориядан өтеді. Осыдан кейін түлектер тікелей жұмыс орнында – елорданың мемлекеттік органдарында тағылымдамадан өтеді, – деді Ә.Көмекбаев.

Бұл жоба бес кезеңнен тұрады. Алдымен өтініш тапсыру, іріктеу кезеңі, білікті мамандардан дәріс алу, мемлекеттік мекемелерде тәжірибеден өту және сертификат табыстау. Іріктеуге барлығы 63 студент қатысты, содан кейін 39 адам оқуға жіберілді.

– 2022 жылдың қыркүйек айында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының кезекті мау­сымына қабылдау ашылып, 1-15 желтоқсан аралығында өтініш қабылдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жобаға қатысуға 63 жас азаматтан өтініш түсті. Олардың ішінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құқықтану, мемлекеттік басқару, әлеуметтану, жер қатынастары, мемлекеттік аудит, журналистика, қаржы және экономика, т. б. мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер бар, – деді департамент басшысы.

10 қаңтар күні өтініш білдірушілермен онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы іріктеу кезеңі өткізіліп, жобаға 39 қатысушы қабылданды.

Меруерт Жұмаділова – «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» оқушыларының бірі. Ол болашақта мемлекеттік қызметші болуды жоспарлап отыр. Бүгінде Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курсында оқып жүрген студент «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне» университет табалдырығын аттаған жылы-ақ келіп, бақ сынаған болатын.

– Болашақта тек мемлекеттік қызметте жұмыс істегім келеді. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» туралы университетте ілініп тұрған хабарландырудан оқып білдім. Қазіргі уақытта біз, негізінен, осы салада тәжірибесі жоқ жастар үшін мемлекеттік қызмет деген не екенін қарастырамыз. Бұл мектеп – жас ұрпаққа мемлекеттік қызмет деген аспаннан салбырап түскен санадан тыс нәрсе емес, қарапайым халықпен, нақты адамдармен жұмыс екенін көрсетудің негізгі идеясы. Осында жүріп біз мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйренумен бірге бұл істі кез келген адам өз қа­лауы бойынша атқара алатынын ұғынамыз, – деді студент.

Меруерт Жұмаділова жұмысқа орналасатын кезде жоғары білім туралы дипломға «Жас мемлекеттік қызметші мектебін» бітіргені туралы сертификатты қоса береді.

– Жақын арада бұл сертификат мемлекеттік қызметке тест тапсыру туралы құжатқа теңестіріледі деп үміттенемін. Өйткені теориялық білімнен басқа, біз оларды тәжірибеде бекітуге мүмкіндігіміз бар, – деді студент.

Жалпы жастар үшін бұл жобаның берері мол. Мәселен, жоғары оқу орнында оқып жүрген кейбір студенттер осы жобаның арқасында мемлекеттік қызмет саласына қатысты пайдалы ақпараттарды біліп, қызметтің жауапкершілік жүгін сезіне алады.

Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында алғаш мемлекеттік қызметке орналасушыларға арналған жұмысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, қатысушылар Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығына барып тестілеу өтудің тәртібі және ережелерімен танысады. Оқыту аяқталғаннан кейін, қатысушыларды мамандықтарына байланысты Астана қаласының мемлекеттік мекемелеріне тәжірибеден өтуге жібереді.

Бүгінде бұл жобаны аяқтаған қатысушыларға алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналасу жағынан біршама жеңілдік қарас­тырылуы бойынша әдістемелік жоспар жасалуда.

– Жоба қатысушыларынан болашақта жауапкершілігі жоғары, мемлекеттік қызметтегі өз жұмысын адал және лайықты орындап, ел алдындағы азаматтық борышы мен халықтың сенімін ақтай алатын тәжірибелі мамандар шығады деп күтеміз. Еліміздің болашағы осындай жастардың қолында. Жастарға тек білім беру ғана емес, бойына рухани құндылықтарды дарыта білу – басты міндет, – деді Ә.Көмекбаев.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button