Мәдениет

Менің Фаризам

Астанада өтіп жатқан «ЕURASIAN BOOK FAIR – 2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты естелік кітабының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді.

Қазақ әдебиетіне өзіндік үн қосқан қос ару Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгерееваның достығы көпшілікке мәлім. Ақұштап ақын бұл кітабында қазақ әйелдері арасынан шыққан бірегей қаламгер, халықпен етене араласқан танымал тұлға Фариза Оңғарсынова туралы сыр шертеді.

– Замандасым Фариза екеу­мізге қазақ қызының да өлең жаза алатынын дәлелдеуге тура келді. Біз оны дәлелдедік те. Әсіресе, Фариза. Себебі ол бүкіл қыз ғұмырын, көктемін, өмірін өлеңге арнады. Міне, кітапта осы дүниелер қамтылды. Сондай-ақ студенттік кезден бірге өткізген шағымыз, талқыланған ойымыз айтылады. Өздеріңізге мәлім, Фариза депутаттыққа, мен отбасылық өмірге бет бұрдым. Қазақ қыздарының қайраткерлігімен қоса адамгершілігі, достыққа беріктігі, ақындық қасиеттері туралы әдемі естелік қалдырғым келді. Бұл еңбегім Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына, менің 80 жылдығыма орайластырылып, жарық көрді, – дейді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, жастар, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

– Ақұштап пен Фариза апаларымыздың өлеңдерін студенттік шақтан жаттап өстік. Көпшілік аяулы ақынның мінезін жақсы біледі. Сол жайында кітапта жақсы жазылған. Фариза апай Ақұштап апайға «не қалам ұста не қазан ұста» деген. Өмір ғой, рухы мықты қыздарға махаббаты мықты адам кездеспеген шығар… деп Оңайгүл Тұржан ойымен бөлісті.

Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова жайлы естелік-эссе көпшілік оқырманды жалықтырмайтын тартымды тілмен жазылған. Таныстырылымнан соң бағалы кітап оқырмандарға жол тартты.

Іс-шара соңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы «Фолиант» баспасы мен жиналған қауымның атынан Ақұштап Бақтыгерееваға иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Сабина КӘКІМЖАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button