Мәдениет

Музыка мектебінің мерейі

Елордада алғашқы ашылған № 1 қазақ балалар  музыка мектебіне ширек ғасыр толды. 

img_4120

Ел тәуелсіздігінің мерейтойымен қатар келген өнер ордасының жеткен жетістігі мен толайым табыстары туралы түн асырып сөйлеуге болады.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғына таман то­қы­раудың самалы оңынан соқты. Ұзақ жылдар бойы сіресіп қалған кеңестік саясаттың көбесі сөгілді. Тәуелсіздіктің ақ таңы атуға жақын қалған шақ. Дәл осындай алмағайып кезеңде, дәлірек айтқанда, 1991 жылы 9 қыркүйекте қалада алғашқы қазақ музыка мектебі ашылды. Бұл шаһардың қазақы тұрғындары үшін де көптен күткен қуанышты жаңалық еді. Әрине, оның ашылуы да оңай болған жоқ. Оған сол кездегі ҚР Білім министрінің орынбасары болған Шәмшә Беркімбаева, Ақмола қалалық атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекпаев және Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры Жанна Байсейітова секілді ұлтжанды жанашырлар қолдау көрсетті. Көрнекті композитор Кенжебек Күмісбеков ағамыз да туған елінде музыкалық мектеп ашылса деп армандапты.

Ал, бәрінен бұрын осы жұ­мыстың басы-қасында жүріп, ыстық-суығын қатар көрген, музыка мектебінің алғашқы директоры болған, белгілі музыкант, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Оспан Сүлейменовтің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, осындай игілікті іс асыл азаматтың жеке идеясынан бастау алып, ақыры ұлттық мұратқа айналды.

Алғашында мектепке 50-ге жуық бала қабылданады. Олар халық аспаптары мен фортепиано бөлімінде оқиды. Бастапқыда қиыншылықтар да аз кездеспеді. Музыкалық аспаптар жетіспеді. Материалдық база да толық емес. Сонда да өнер ұжымы алған мақсатынан тайған жоқ. 1992 жылы музыка мектебіне Сәулеш Төлегенқызы басшылыққа келеді. Жұмыс одан әрі жандана түседі. Өнерлі ұстаздардың қатары толығады. Жас жет­кіншектердің музыкалық және эстетикалық дамуы қалыптаса бастайды. Мазмұнды кештер ұйымдастырылады. Сол кезде қызмет атқарған О.Сүлейменов, Э.Омарова, Б.Омаров, М.Нәбиев, Қ.Иманов, Т.Камиев және А.Әміржанова секілді музыкант педагогтардың еңбегі еш ұмытылмайды. Олар жоқтан бар жасап, балалардың өнерін өрге сүйреді.

Байырғы қаланың елордаға айналуы өнер ұжымына тың серпін әкелді. 2000 жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен мектепке жеке ғимарат берілді. Ол толықтай күрделі жөндеуден өтті. Уақыт талабына сай жаңа үлгідегі техникалармен жабдықталды. Оқушылар саны да көбейіп, түрлі аспап сыныптары ашылды. 2008 жылы Астана қаласы әкімінің қаулысымен «№4 қазақ музыка мектебі» «№1 балалар музыка мектебі» болып өзгертілді. Өнер ұжымында елге танылған талантты тұлғалар қызмет атқарады. Айталық, ҚР Мәдениет қайраткері, бірнеше кітаптың авторы, белгілі өнерпаз Шолпан Қорғанбекова сабақ береді. Таяуда ғана директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Үрләй Мырзақұлова «Үздік маман» байқауының жеңімпазы ретінде Сарыарқа ауданы әкімінің грантын жеңіп алды. Бір топ мұғалім «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты республикалық энциклопедияға енді.

Біз жоғарыда, осы мектептің ашылуын аңсаған көрнекті композитор, осы жердің тумасы Кенжебек Күмісбековтің есімін бекерге атаған жоқпыз. Өйткені, мектеп ұжымы жеткіншектерге арналған өнер ордасына ардақты азаматтың есімі берілсе деп тілек айтады. Несі бар, ел болып қолдайтын ұсыныс…

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button