Қоғам

Негізсіз есептеулер үшін айыппұл салынды

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ақпараты бойынша, Астанада жылумен жабдықтау қызметтері үшін негізсіз есептеу фактілері анықталды.

Елорда тұрғындары Комитетке қаңтар айындағы түбіртектерде көрсетілген жоғары жылу төлемдеріне шағымданған болатын. Осыған орай бас қалада жылумен жабдықтау қызметін көрсететін «Астанаэнергосбыт» ЖШС табиғи монополиялар субъектісі анықтама берді.

«Елорда тұрғындарынан келіп түскен өтініштері негізінде ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын сақтамау бөлігінде Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарын бұзу анықталды, бұл жылуды негізсіз есептеуге әкелді» деді ведомстводан.

«Табиғи монополиялар туралы» заңды бұзғаны үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) 10% мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ негізсіз алынған табысты қайтару үшін 209 365 теңге мөлшерінде қайта есептеу туралы нұсқама берілді.

Комитет жылу энергиясымен жабдықтау қызметі үшін төлемақы мөлшерін айқындау есебі осы заңнамаға сәйкес табиғи монополиялар саласындағы заңнамамен регламенттелгенін, табиғи монополия субъектісі уәкілетті орган бекіткен тариф бойынша реттелетін қызмет көрсетуге міндетті екенін түсіндірді.

«Жылумен жабдықтау қызметінің түпкілікті тарифі тұтынушыда үйге ортақ жылуды есепке алу құралының болуына немесе болмауына байланысты есептеледі. Осылайша, жылу энергиясын есепке алудың жалпыүйлік аспабы болған кезде жылу үшін төлем мөлшері ай сайынғы көрсеткіш пен бекітілген тариф негізінде айқындалады» деді ведомствода.

Көппәтерлі тұрғын үйге ортақ есепке алу аспабы болмаған кезде жылу үшін төлемақы мөлшері жергілікті атқарушы орган бекітетін тұтыну нормасы мен есепке алу аспаптары бар тұтынушыларға қарағанда 20%-ға жоғары тарифті негізге ала отырып, есептеледі. Комитет тұтынушы үшін үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабының болуы үнемдеуге мүмкіндік беретінін, өйткені нақты тұтынылған көлем тіркелетінін және жылу энергиясын есепке алу аспаптары үшін тариф қолданылатынын айтты.

Сонымен қатар, жылу энергиясын тұтыну көлемінің артуы және төлем сыртқы температураға тікелей байланысты. Жылу энергиясы үшін төлем ауа райына байланысты ай сайын өзгереді, сыртқы температура неғұрлым төмен болса, жылу энергиясын тұтыну көлемі соғұрлым көп болады. Мысалы, өткен жылдың қараша айында орташа айлық температура +2,2 градус, желтоқсанда -8,9 градус, ал ағымдағы жылдың қаңтар айында температура -11,9 градус болды.

Елорда тұрғындары есепке алу аспаптары мен жылыту ақысын есептеу көрсеткіштеріне қатысты сұрақтар туындаған кезде мән-жайды анықтау үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не, ал құқықтар бұзылған жағдайда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Петров көшесі, 5-үй мекенжайы бойынша департаментіне немесе азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы «Е-Otinish» порталына жүгіне алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button