Имантаразы

Нені ескеруіміз керек?

Құрбан айт күндері мұсылмандар құрбан шалуға ниеттенеді. Осы орайда құрбан шалуға, оған қажетті малды таңдауға қатысты көп сауалдар туындайтыны мәлім. ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі дайындаған сұрақ-жауаптарды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Құрбандық дегеніміз не?

Құрбан – араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ араб тілі мамандары оған: «Күн тас төбеге көтерілуіне біршама уақыт қалғанда сойылатын қой немесе құрбан айт күндері бауыздалатын мал» деп түсіндірме берген.

Ал шариғаттағы мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта, ереже-шарттарын ескере отырып, мал шалу.

Негізгі мән-мағынасы не?

Құрбандық шалудың мән-мағынасы туралы Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер». Аяттың мәні – пенде мал-мүлкінің ең жақсысын садақаға, зекетке бермейінше, Раббысының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Алла Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Жаратушы Иесінің әміріне бойұсынушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сондай сынақтан өткен. Жалпы, адамзатқа дүние-мүлік Алланың разылығына жетуге себепкер болып, ақыреттегі азаптан сақтайтын қалқан болуы үшін берілген. Алла Тағала құрбандыққа шалынған малдың қанына, еті мен терісіне мұқтаж емес. Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді». Расында да, Алла Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ.

Құрбандық шалу – Алла Тағала үйіп-төккен сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ету һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне, сондай-ақ мұқтаж жандарға таратады. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашыр­лық, татулық арта түседі.

Құрбандық  шалудың үкімі қандай?

Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолау­шы болмаған мұсылманға уәжіп. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббыңа намаз оқып, құрбандық шал!» деп бұйырды. Бұл жердегі бұйрық рай уәжіпті білдіреді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндеттелген нәрсе үмметіне де – уәжіп. Өйткені Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне үлгі ретінде жіберілген. Сондықтан Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмметіне де қатыс­ты екенін айтып, құрбандық шалудың уәжіп (міндетті құлшылық) екенін айтқан. Бұны Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жағдайы бола тұра құрбандық шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын» деп қатаң ескерткен.

Әйел адам  құрбандық шалуға міндетті ме?

Әйелдің мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетсе, ол ер адам сияқты құрбандық шалуы керек. Өйткені ислам шариғаты дүние-мүлікке қатысты мәселеде отбасындағы әрбір жанды жеке-жеке қарас­тырады. Егер отбасындағы ер кісінің немесе әйелінің өз дүниелері қажетінен артып нисап мөлшеріне жетсе, олардың әрбірі құрбандықты жеке-жеке шалуы тиіс.

Жолаушыға міндетті ме?

90 шақырымнан астам жерге сапарға шыққан адамға құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ нәпіл ретінде құрбандық шалса, сауапқа кенеледі. Алайда жолаушы айт күндерінің демалысын пайдаланып немесе басқа да себептерге байланысты сапарлап барған жерінде құрбандық шалуына рұқсат етіледі. Оның сапарға шыққаны құрбандық шалуына және құлшылығының қабыл болуына кедергі болмайды. Жолаушы сапарда жүріп құрбандық шалып, айт күндері бітпей жатып үйіне қайтса, оған екінші рет құрбандық шалуы міндетті емес. Сондай-ақ айт күндерінің басында тұрғылықты болып, кейін айт күндерінің ішінде сапарға шықса да оған құрбандық шалу міндеттелмейді. Ал егер айттың бірінші күні сапарда болып құрбандық шалмаса, кейін айт күндері үйіне қайтса оған құрбандық шалу тиіс болады.

Басқа біреудің атынан құрбандық  шалуға бола ма?

Басқа біреудің атынан құрбандық шалуға рұқсат. Алайда құрбанды кімнің атынан шалса, сол кісінің рұқсатын алуы керек. Егер рұқсатын алмай құрбандық шалса, құрбандығы жарамсыз болады.

Дүниеден өткен адамның атынан құрбандық шалуға бола ма?

Дүниеден озған адамның атынан сауабын бағыштау ниетімен құрбандық шалуға болады. Бірақ құрбандық шалуға міндеттелген адам ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Әли (Алла оған разы болсын) екі құрбанның біреуін өзінің, екіншісін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан шалатын. Бұның себебін сұрағандарға ол: «Алла Елшісі кеудемде жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық шалуымды өсиет етіп кетті» деп жауап берген екен. Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны құрбан айт күндері шалуы керек. Құрбандықтың етінен құрбандық шалған адамның өзі және басқалары да жесе болады. Егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беру керек.

Қарыз алып  құрбандық шалса бола ма?

Егер бір адамға құрбандық шалу уәжіп болса, алайда қасында ақшасы болмаса, қарыз алуы міндетті. Ал егер оған құрбандық шалу уәжіп болмаса, өзі мұқтаж адам болса, оған құрбандық шалу үшін қарыз алу дұрыс емес. Өйткені Алла Тағала пенделеріне шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді. Ол туралы Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алла ешбір жанға күші жететінінен басқаны жүктемейді».

Құрбан қай  уақытта шалынады?

Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбанды одан бұрын немесе кейін шалуға болмайды. Құрбанды айттың бірінші күні айт намазынан кейін бастап, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін күндіз және түнде шалуға болады. Алайда түнде шалу – мәкруһ. Бұл күндер зул-хижжа айының оныншы, он бірінші және он екінші күндері. Бірақ айттың бірінші күнінде шалу абзал. Омар, Әли, Ибн Аббас, Ибн Омар, Анас, Әбу Һурайра сынды сахабалар (Алла оларға разы болсын): «Құрбандық шалу уақыты – үш күн, абзалы – бірінші күні» дейді. Егер құрбандық уақытынан бұрын шалынса, құрбандыққа есептелмейді. Ол жай өз отбасы үшін сойылған мал болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын» делінген. Ал уақыты өтіп кеткеннен кейін шалынса, онда етін жемей садақа етіп жібереді. Егер құрбандық шалудың уақыты өтіп мал бауыздалмаса, онда кедей болса сатып алған малын тірідей садақа етеді. Ал дәулетті кісі малды сатып алса да, алмаса да оның құнына тең ақшаны садақа етіп береді.

Құрбандыққа шалынатын малда қандай шарттар табылуы қажет?

Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асып екінші жылға кіргені, сондай-ақ алты айлық марқа қозы (бір жасар қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Алайда ешкі малының жасы бір жылдан кем болмауы керек. Сиырдың екі жасқа толып, үшінші жылға кіргенін, ал түйенің жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргенін құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілігі, кінәраты болмауы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Малдың тек «мусиннасын» құрбандыққа шалыңдар. Егер сендерге мұны шалу қиын болса, қойдың «жазағасын» (алты айлық семіз қозы) бауыздаңдар» деді. Түйенің мусиннасы деп – бес жасарына, қарамалдыкі – екі жасарына, қойдыкі – бір жасарына айтылады.

Құрбандыққа шалынатын мал түрлі айыптан, кемшіліктерден ада болуы шарт. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Төрт мал құрбандыққа жарамайды: соқырлығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар» деген. Құлағына ен салынған мал құрбандыққа жарайды. Егер малдың құлағы ұзынынан немесе ұшы ғана кесілген болса, ондай малды құрбандыққа шалуға болады. Қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болса, ондай мал құрбандыққа жарамайды. Ал мүйізі жартысынан бөлініп немесе туғаннан мүйізі жоқ болса, ол малды құрбандыққа шалуға болады. Малдың тістері мүлде болмаса немесе жартысы не одан астам тістері жоқ болса, мұндай малды құрбандыққа шалуға болмайды. Ал егер тісінің көбірегі болса, онда ол құрбандыққа жарамды. Құрбандық малдың екі көзі немесе бір көзі не үштен бірі, яки одан да көп бөлігі соқыр болса, мұндай мал құрбандыққа жарамайды. Алайда көзі қыли малды құрбандыққа шалуға рұқсат етілген. Тумасынан құйрығы жоқ не үштен бірі немесе одан да көп бөлігі жоқ мал құрбандыққа жарамайды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button