Басты ақпарат

Нөсер кәріздері салынады

Елордада шешімін күткен көкейтесті мәселе көп. Соның бірі – су сору жүйесінің толассыз жауған жауыннан кейінгі ылғалды игере алмай, қаладағы кейбір көшелердің көлшікке айналуы. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында қала әкімдігінде кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен шешімін күткен проблема аз емес. Осыған орай, жақында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланы аралап, нөсер кәрізінің құрылысымен танысты.

[smartslider3 slider=2577]

– Елорданың күн санап көркейіп келе жатқанын ескерер болсақ, нөсер кәрізінің құрылысы – өте өзекті бағыт. Қазіргі қолданыстағы нөсер кәріздерінің қуаты аздық ететіндіктен, жаңаларын салу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді әкім.

Қаланы аралау барысында шаһар басшысы жобалардың бірінде болып, онда жүргізіп жатқан жұмыстарға толығырақ тоқталып өтті. Олардың біріншісі – «Жастар» шағын ауданындағы кәріз суын тазарту ғимараты. «Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысындағы «Жастар» шағын ауданында жеткізуші коллекторларды қайта жөндеумен айналысатын кәріз суын тазарту құрылысын салдық. Жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған нысан Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаева көшелерінде, Республика даңғылында, Тәуелсіздік даңғылының жоғарғы бөлігінде су басу проблемасын шешті» деді А.Көлгінов.

[smartslider3 slider=2600]

Бас қала басшысының айтуынша, бұл қондырғының ерекшелігі – Есіл өзеніне жаңбыр мен еріген қар суы құйылар алдында тазартылады. Бұрын өзенге тікелей құйылатын, бұл өз кезегінде өзен суын ластап қана қоймай, қаланың экологиясына да теріс әсер ететін. Тазарту қондырғысы өткен жылдың күзінде іске қосылған. Абаттандыру жұмыстары биыл аяқталады. Тазарту қондырғысы жер астына орнатылғандықтан, оның үстіне гүлзар отырғызып, маңайын көгалдандыру жұмыстары да жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Б.Момышұлы даңғылындағы магистралды коллектор мәселесі де сөз болды. Жасыратыны жоқ, бұған дейін жаңбырлы күндері су астында қалатын ең проблемалы учаскелердің бірі осы Б.Момышұлы даңғылы болатын. Қазіргі күні бұл жерде нөсер кәріздерінің магистралдық коллекторының құрылысы аяқталған. Бұл нөсер кәрізінің ұзындығы 500 метрді құрайды. Оның басы Дауылпаз көшесінен басталып, Бауыржан Момышұлы даңғылын кесіп өтеді де, Елім-ай көшесіне дейін жалғасады. Жаңа нысан қолданыстағы нөсер кәрізі желілерінің өткізу қабілетін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді екен.

Бас қаладан сыртқары орналасқан елді мекендердегі тазарту құрылыстары да кешенді жүргізіліп жатыр. Осыған дейін «Тельман» тұрғын алабын тазарту қондырғылары мен магистралдық коллектор салу жұмысы аяқталған болатын. Оның қуаты тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру «Тельман» елді мекенін, №27 көшенің бойындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан аумақты және т. б. қамти отырып, жерүсті ағындарын бұрып әкетуді қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен бірге кәріз суын тазарту құрылыстары «Пригородный» елді мекені мен Алаш тасжолы бойындағы логистикалық орталық ауданына да салынды. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағындағы екі учаскеде нөсер кәрізі мәселесі шешілген болатын.

«Алматы ауданындағы Ш.Қалдаяқов көшесінде сорғы стансалары бар нөсер коллекторының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Себебі оның функциясын соңғы жылдары тұрмыстық кәріз жүйесі орындап келген, ол тіпті бірнеше рет істен де шықты. Жаңа нөсер кәрізі жаңбыр суының өткізу қуатын еселеп арттыруға, жақын маңдағы көшелер мен үйлерді су басудан сақтауға мүмкіндік береді» деді А.Көлгінов.

Жаңа вокзал аумағы жыл сайын инфрақұрылым мен инженерлік желілерге күш түсіретін ауданға жататыны белгілі. Сондықтан таяу аралықта бұл ауданға да нөсер кәрізі салынады.

«Бұрын проблемалары болған, қазір бәрі реттеліп, құрылысы қайта жанданды. Бұл нөсер кәрізінің қуаты Мыңжылдық аллеясы мен вокзал ауданына түсетін күшті жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл аумақта құрылысы қарқынды жүретіні ескеріліп, есептелетін болады. Сол сияқты Ұлы дала даңғылында орналасқан нөсер кәрізінің проблемалы учаскесін аяқтау қажет» деді әкім.

Бұл ретте елорда аумағында нөсер кәрізі мен жаңбыр суын тазартатын құрылыстың көлемін, қуатын кеңейту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button