Басты ақпаратСаясат

«Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты үндеуі

Құрметті отандастар!

Пандемия салдарынан Қазақстан бүкіл әлем елдерімен бірге күтпеген қиындықтарға тап болып, жаһандық дағдарыстың ең қиын кезеңін бастан өткеруде.
Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы нәтижесінде дамыған мемлекеттер де дағдарыспен күресуде.
Мұндай жағдайда кез келген үкіметтің алдында тұрған ең өзекті мәселе – экономиканың дамуы және ел азаматтарының денсаулығы.
Бізге халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды.
Сондықтан Президентіміз, Үкіметіміз көп шараларды қолға алып жатқанын білесіздер.
Осы орайда медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін.
Олар пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр.
Еріктілерге де алғысым шексіз.
«Біз біргеміз!» акциясы аясында ғана «Jas Otan» барлық мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен бес мың еріктінің басын біріктірді.
Әрине, кемшіліктер де болды.
Коронавирус дағдарысы мемлекеттік басқарудың кейбір салаларында олқы тұстар бар екенін де көрсетті.
Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді.
Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін.
Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты.
Оны көбіне орынды сын деп есептеймін.
Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс.
Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмыт­пауымыз керек.
Үш жыл бұрын конституциялық реформа жүргізілді. Партиялық-сая­си жүйеге терең жетілдірудің негізі қаланды. Парламенттің рөлі және Үкіметтің халыққа есеп беруі күшейтілді.
Сайланбалы органдарды сайлау­дың пропорционалдық жүйесіне көшіруді жүзеге асырдық. Биыл сая­си партияларды тіркеу шегі 2 есеге дейін төмендетілді. Партиялық тізімде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота заңды түрде енгізілді.
Тек қана партиялар билікке жаңа адамдарды – өз ісінің кәсіби шеберлерін, беделді көшбасшыларды, өз елінің тағдырына жаны ашитын, шешім қабылдай білетін және конструктивті ұсыныстар айта алатындарды ұсынуы қажет.
Өзінің тарихи тұрғыдан жауапкершілігін сезіне отырып, «Nur Otan» «Сенім. Диалог. Келешек» бағдарламасын қабылдады. Билеуші партияның «қайта түлеуінің» нәтижесі елімізде ауқымды праймериз өткізу болмақшы. Бұл – партия ішіндегі сайлау. Бұл – нақты әлеуметтік саты. Бәсекелестік іріктеу, жаңа идеялар мен жобаларды іздеу. Көптеген танымал саясаттанушылар мен азаматтық белсенділер бұл идеяны қолдады. Бұл – «Nur Otan» жақтау­шыларының лигасына біріккен және реформаларға қатысуға да­йын, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар. Ашық және есепберушілік партияішілік сайлауға қажетті жағдайларды толық жасадық.
Бастысы – қатысушылар үшін ашықтық пен адалдықты, тең жағдай мен бәсекелестікті қамтамасыз етуіміз керек.
Сенімділік пен өзара сыйластық болғанда халықты толғандыратын мәселелер көтерілетініне сенімдімін.
Айтылған, көтерілген проблемаларды партия назардан тыс қалдыр­мауы керек.
Барлық шешімдерді облыстық, қалалық, аудандық сайлауалды бағдарламаларға енгізу үшін бюджеттің мүмкіндігімен орайластыру қажет.
Мемлекет алдында пандемиядан кейін экономикалық өсімді қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті жандандыру мәселесі тұр.
Сонымен қатар пандемиямен күрес проблемаларын сараптап, оның екінші толқыны болуы жағда­йына дайын болуымыз керек.
Осының бәрі партияның сайлау­алды бағдарламасына енгізіледі және нұротандықтардың алдағы 5 жылдағы жұмысында басшылыққа алынады.
Барлық партиялықтарды және «Nur Otan»-ның жақтаушыларын еліміздің осы бір маңызды саяси оқиғасына қатысуда белсенділік танытуға шақырамын.
Құрметті отандастар!
Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрмыз.
Ғасырға тең келетін жол жүріп өттік.
Біздің буын ауыртпалығы мол дағдарыс кезеңінде егемен мемлекет құрды.
Ұлттық экономика қалыптасты.
Шекарамыз шегенделді.
Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды.
Біз тұрақтылық пен келісімді сақтай білдік. Біртұтас ұлтқа айналдық.
Бірақ алдымызда әлі де көптеген қиындықтар бар екені анық.
Мен әрдайым айтып келемін және қазір де қайталап айтамын: «Тә­уелсіздікке қол жеткізу бір бөлек, оны көздің қарашығындай қорғап, нығайтып, келер ұрпаққа тапсыруға тиіспіз».
Сондықтан жиған тәжірибемізге сүйеніп, өткен күннен сабақ алып, алға ұмтылуымыз керек.
Ортақ мақсат – елдің ертеңі, халықтың болашағы жолында біріге алатындар ғана табысқа қол жеткізетінін ұмытпайық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button