Басты ақпаратМәдениет

Өрісі кең қаламгер

Астана қалалық Ардагерлер орталығында журналист, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өріс Яшүкірқызының 75 жас мерейтойына орай қаламгермен кездесу мен әр жанрдағы шығармаларын қамтыған төрт томдығының таныстырылымы өтті. Кездесуде қаламгердің өмір жолына шолу жасалды.

Өріс Яшүкірқызы – Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын Алматы облысы Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінен бастады. Өзі туып-өскен Қызылорда облысы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер болды. 21 жыл бойы Торғай облыстық телерадиокорпорациясында комментатор, тележурналист болып еңбектенді. «Астана ақшамы» басылымында да қолтаңбасы қалды. Ақмола астанаға айналғанда, астаналық газеттің әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 10 жыл Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы болды. Осылайша, журналистика саласында үзбей 33 жыл, мемлекеттік қызметте 12 жыл еңбектенді. Жалпы еңбек өтілі 45 жылды құрайды. Қай қызметте жүрсе де шығармашылық жұмыспен тынбай айналысты. Соның жемісі – әр жылдары мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптары. Кітаптарының арасында осыдан тура 30 жыл бұрын «Қазақ тілі» қоғамының «Қазақ әйелдері» бағдарламасымен «Айна көңіл», «Қараша қаздың қаңқылы», «Сексеуілдің шоғы» өлеңдер жинақтарын атап өтуге болады. Оның өлеңдеріне белгілі композитор Бақытжан Сәуекенов бірнеше ән жазды.

Жаңадан жарық көрген төрт томдығында поэзия, проза, сатира, детектив жанрларындағы шығармалары топтастырылған. «Жан сарайым – өлеңім» атты бірінші томында өлеңдері, «Ескі қоныстағы ел» атты екінші томында проза шығармалары, «Ұшық пен пұшық» атты үшінші томында сатиралары, ал «Құлдықтағы қылмыс» атты төртінші томында детектив жанрындағы туындылары жинақталған.

Кездесуде өрісі кең қаламгердің жалпы шығармашылығы мен шығармалары туралы әңгіме өрбіп, автормен сұхбат жүргізілді. Өлеңдері оқылып, «Есіл толқындары» халық ардагерлер ансамблінің орындауында әсем әндер әуеледі. Іс-шараны ұйымдастырушы Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі, Есіл ауданы ардагерлер кеңесі және Есіл аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығы атынан мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button