Мәдениет

Опера жұлдызы – астана сахнасында

9 қыркүйекте «Астана Опера» театры өзінің мерейтойлық оныншы театр маусымын әлемдік опера сахнасының жұлдызы, «Грэмми» сыйлығының лауреаты, сопрано Суми Чоның (Корея) қатысуымен өтетін концертпен ашады. Кеш Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы мен мәдени алмасу жылы құрметіне орай Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы қолдауымен ұйымдастырылуда.

Суми Чо – өз замандастарының арасындағы ең сұранысқа ие сопранолардың бірі. Жазбалары мен күйтабақтары ең көп сатылатын әлемдегі классикалық әнші, оның қоржынында 50-ден астам жазба бар. Атап айтқанда, «Грэмми» сыйлығын иеленген «Көлеңкесіз әйел», Deutsche Grammophon үшін «Бал-маскарад» және 2019 жылғы қарашада Platinum Award жүлдесімен марапатталған соңғы «Mother» (Universal Records) дискісі.

Әншінің қоржынында ең сұранысқа ие опералық партиялар бар: «Риголеттодағы» Джильда, «Гофман ертегілеріндегі» Олимпия, «Севиль шаштаразындағы» Розина, «Лючия ди Ламмермурдағы» басты партия және т.б.

Нью-Йорктегі Метрополитен-опера, миландық Ла Скала театры, Ковент-Гарден корольдік опера, Вена мемлекеттік опера, Буэнос-Айрестегі Колон театры сынды әйгілі опера сахналарында өнер көрсетті. Сахна төріндегі серіктері Пласидо Доминго, Дмитрий Хворостовский, Анна Нетребко, Элина Гаранча, Анджела Георгиу және т.б. болды.

2021-2022 маусымда әнші Мәскеу, Париж, Таиланд, Сингапур, Гонконг, Австралия, Корея сынды елдер мен қалаларда гастрольдік сапармен халықаралық опера сахнасындағы 35 жылдығын атап өтті.

Белсенді мәдени әрі қоғамдық қызмет атқаруда; көркем фильмдерге түскен, танымал вокалдық халықаралық байқаулардың қазылар құрамына енген. 2003 жылы ЮНЕСКО «Әлем әртісі» болып сайлады, 2019 жылы Италия Жұлдызы орденінің кавалері атанды, есімі Азияның Даңқ залына енді, «Үздік корей мәдени бренді» және «Корей имиджі» марапаттарына лайық деп танылды (2022).

Мерекелік Гала-опера концертіне атақты әншімен бірге «Астана Опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетеді. Солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігінде «Астана Операның» хоры мен симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен опералық ариялар мен дуэттерден жарқын бағдарлама ұсынады.

 Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button